Мәскеуде соғысқа қарсы жазбалары үшін қазақ диаспорасының басшысы сотталды

/uploads/thumbnail/20250620132456974_big.webp

Ресей астанасындағы қазақ қауымдастығының танымал тұлғасы Полат Жамаловқа қатысты сот үкімі Мәскеудің Кунцево аудандық сотында шықты. Бұл туралы тәуелсіз "DAT" басылымы хабарлады.

Сот Жамаловты Ресей армиясына қатысты сын жазбалары және кейбір экстремистік пікірлерді "ақтағаны" үшін кінәлі деп танып, оны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Айыптауға 1930-жылдардағы ашаршылық, Украинадағы соғыс және Ресейдің Орталық Азияға ықпалы жөніндегі әлеуметтік желідегі жазбалар себеп болған.

Полат Жамалов – Мәскеудегі қазақ диаспорасының белсенді өкілдерінің бірі. Ол ешқандай саяси ұйымдарға қатыспаған, оппозициялық қозғалыстардың мүшесі де емес. Соңғы жылдары мәдени және білім беру жобаларымен айналысып, этникалық қазақтардың Ресейге бейімделуіне қолдау көрсетіп келген.

Алайда оның әлеуметтік желідегі пікірлері тергеу органдары тарапынан "мемлекеттік құрылымдарды жамандау" және "қарулы күштердің беделіне нұқсан келтіру" ретінде бағаланып, ауыр айыптар тағылды.

Сот шешімі құқық қорғау ұйымдары мен шетелдегі қазақ диаспорасының алаңдаушылығын тудырды. Мәскеулік адвокаттардың бірі Жамаловқа қатысты үкімді сынап:

– Қазір адамдар нақты іс-әрекеттері үшін емес, өз көзқарасы үшін жазаға тартылады. Жамалов ешқандай зорлықты қолдаған жоқ, тек пікірін ашық білдірді. Бірақ соның өзі оған ауыр жазаға айналды, – деді.

Жамаловтың адвокаттары үкімге қарсы апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Алайда құқық қорғаушылар қазіргі Ресей жағдайында істі қайта қарауға мүмкіндік өте шектеулі екенін айтады.

Қатысты Мақалалар