Макрон: Ресей алдында әлсіздік танытсақ, ертең зардабын тартамыз

/uploads/thumbnail/20250819103829035_big.webp

Франция президенті еуропалық Қарулы Күштер соғыс аяқталғаннан кейін Украинадағы бітімгершілік операцияларына қатысуы керек деп мәлімдеді. Бұл туралы ол кешегі Вашингтонда өткен журналистермен кездесуде айтты. 

"Бізге мықты украиналық әскер қажет болады және біз Украинаға көмектесуіміз керек", деді Макрон. 

Ресей тарапы болса Украина аумағында Батыс әскерлерін орналастыру идеясына қарсы. Макрон келіссөз сәтсіз аяқталған жағдайда Ресейге қарсы санкцияны күшейту керегін айтты. 

"Біз санкцияны күшейту керек деп ойлаймыз. Кез келген жағдайда Ресейге қарсы қысымды күшейтетін позицияны ұстануға тура келеді", деді Эммануэль Макрон. 

Бұдан бөлек Франция президенті Владимир Зеленский және басқа да еуропалық лидерлермен өткен "Еріктілер коализациясы" (саяси сипаттағы белгілі бір мақсатқа жету үшін құрылған уақытша халықаралық серіктестік - Ред.) видеоконференциясынан кейін мәлімдеме жасады:

"Егер Ресейдің алдында әлсіздік танытатын болсақ алдағы уақытта да қақтығысқа жол ашады. Біз бүгін әлсіз болсақ, ертең мұның зардабын тартатын боламыз. Егер Еуропа еркін әрі тәуелсіз болғысы келсе қазір де мықты әрі басқаларға үрей салатын континент  болуы керек", деді Франция президенті. 

Бұдан бөлек Макрон қалған аумақтың қауіпсіздігіне көз жеткізбей тұрып Ресей мен Украинаның аймақтық алмасу шартын жасасуына ешбір мемлекет келісім бермейтінін айтты. 

Қатысты Мақалалар