Ақтөбедегі «Ұлы қамал» ЖШС ұжымымен кездесу кикілжіңмен басталды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қазақ тілінде сөйлеген сөзін компания аудармашысы қытайшаға аудара алмаған. Сол кезде Бердібек Сапарбаев тілмашқа қазақ тілін білмейтінін бетіне басып, сын айтады.
Компания басшысы, тек қытай тілін ғана түсінетін Чжань Цзюнь аудармашы мен әкім арасында не әңгіме болып жатқанын да түсіне алмай дал болады.
Ал, аудармашы болса өзінің қытай азаматы екенін, қазақ тілін білмейтінін айтып ақталған. Ақталып қана қоймай, Қазақстанда қазақ тілін маңызды деп санамайтынын да білдірген.
«Мен Қытай азаматымын. Орыс тілі Қазақстанда кең тараған, мен қазақша білмеймін», - деп бірақ қайырған.
Бұған облыс басшысы одан әрі бұлқан-талқан болады.
«Біз жақында Мемлекеттік хатшымен бірге Назарбаев зияткерлік мектебінде болдық. Онда бес жылдан бері жұмыс істейтін АҚШ азаматы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Мен одан мұның мәнін сұрағанда, ол «Қазақстанда тұрғаннан кейін, сол елдің мемлекеттік тілін білу керекпін» деп жауап берді. АҚШ-та тұратын қытайлар ағылшын тілін біледі. Өзің жүрген елді сыйлау керексің. Сондықтан, сіздердің аудармашыларыңыз қазақ тілін білуі керек. Сіз өзіңіз де басшы ретінде Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгеріп алуға тырысыңыз», - деп компания басшысының өзіне талап қойған.
Бұған дейін, біз «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында қазақ жұмысшылары қытай тілінен сынақ тапсыруға міндеттелгенін жазған болатынбыз.