Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті, 1 курс студенті Саягүл Бірлесбектің 22 қыркүйек «Тілдер күні» қарсаңында жазылған шығармасы. Оқыңыз, ой бөлісіңіз!
***
Досым, хатыңды тапсырып алдым. Қазақстанның қазіргі халын білгің келетінін жазыпсың. Анаң сені тастап кеткенімен ана тіліңді тастамай, қазақ тілінің жағдайын өтініп сұрапсың. Ағылшынша жазылғандықтан бір-екі сөзіңді оқи алмадым, айып етпегейсің. Діні мен тілі бөлек ұлттың ұрпағы болып бара жатқаныңа бақытсыздықтан жылап та алатын шығарсың. Мен саған өз басымдағы бақытты айтып қызықтырғым, қызғандырғым келмейді. Бірақ бақытсызбын деген жандар бақытты адамдардың бақыт сырын білуі керек емес пе?!
Мен бақыттымын!
Ұраны - Алаш, уығы - ағаш, түбі - түркі, түлігі - жылқы. Қыпшақтың өр баласы, Сақтардың бел баласы Қазақ болып туылғаныма бақыттымын. Тыңда мені, бақыттымын деймін, ұялып атқан әр таң, қияли батқан әр кеш өзіндік бақыт сыйлайды. Себебі мен басып тұрған топырақта қазақ атты қара шалдың, тарих сомдаған тарландардың ізі бар, кешегі Қазыбек пен Төле билердің өткір тілі бар. Қазақты басқа ұлттан ерекшелеп тұратын - Тілі. Қайсы тіл деп сұрарсың , әрине қазақтың ана тілі - Қазақ тіл.
Біздің қазақ елі тұтастай қазақ тілін қолданады. Ғылымы, білімі, базары, адамы мен ажары түгелдей қазақ тілінде сөйлейді. Қазақ тілінің қасиеті сондай әр дәуірде шешендер мен ақын-жырауларды туғызып отырған. Ескірген замандағы есті сөздерді жаңғырту үшін мемлекет өте көп күш жұмсап жатыр. Қыркүйек айынан бастап Төле бидің нақыл сөздерін толығымен жатқа айтқан адамға Жүз түйе беріледі. Қазыбектің нақыл сөздері мен тапқырлықтарын үш ай ішінде оқып келіп, жауапты адамдардың сынынан өтсең, алақаның қасиетті сияға малынып, бармағың алтынға матырылады.
Қазақтың сорына біткен бір өнер бар .Ол - Айтыс.
Айтыс суырып салма өнер. Екі ақын ел алдына шығып, бірін-бірі сөзбен ұтады. Бұрын ақындарды «жаттап айтысады, келісіп айтысады» деп жүретін, қазір дәл майданда тауып айтатын ақындар легі өсіп келеді. Біз айтысты не үшін қазақтың сорына біткен дейміз? Айтыста қоғамдық барлық мәселе қамтылады. Соның ішінде саясат өте терең айтылады. Ана жолғы «Бір қазақ, бір ел, екі тіл» деген айтыста екі ақын Украина мен Ресейді жамандап қойып, оны екі ел басшылары білген соң қазақ елімен ат құйрығын кесті. Солардан алып отырған мұнай, газ, металл... барлығы көкке ұшты. Айтыскер ақындар елімізге өте көп зиян әкелді. Сен басқалар айтыста не айтылғанын қалай біліп отыр деп таң қалған да шығарсың. Қазақтың айтысының танымалдылығы сондай, шетел қазақ айтысын тікелей эфирде көреді. Тіпті жылына бір миллион адам айтыста не айтылып жатқанын түсіну үшін, қазақ тілін үйренуге елімізге келеді. Сенде ана тіліңді ұмытып бара жатсаң ағылшын ата-анаңмен бірге келіп үйрен. Айтыстың мұншалықты танымалы болғанына біздің телеарналардың қосып жатқан үлесі зор. Қазақ телеарналары басқа елдер сияқты үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге ұлттың батырларын үгіттеп, салтын санаға сіңіріп, келінінің күнделігін экранға шығармайды. Құдайдың құтты күні айтыс саңқылдап тұрады. Айтыскерлердің жұлдыз болып кеткені сонша «Голливуд айтыскер» фестиваль айына өтіп тұрады. Қазақ тілі бүгінде ағылшын, орыс тілдерімен иықтасып тұр. Шынымен де жақын жылдарда қазақ тілінің үстемдігі артып барады. Телеарналар түгелдей қазақ тілінде жұмыс жүргізеді. Осыған орай Елбасымыз үш тілде хабар таратылатын Қазақстан бойынша жалғыз телеарна «Шетелстанды» арнайы жарлықпен аштырған еді. Екі шет тілі өгейлік көріп қалмасын деп үш тұғырлы тіл жолға қойылған. Қазір өзге ұлттар балаларын жаппай қазақ мектептеріне беруде. Біздің елде ең соры қайнап тұрған тіл - орыс тілі. Мемлекеттік заңда «ұлтаралық қатынас тілі» деген мәртебесі болғанмен қазақ тілінің қарым-қатынаста көп қолданылуы себепті шын мәнінде қатынас тілі бола алмай жүр, Елбасымыз осыған байланысты 2050 –жылға арналған жолдауында «қазақтар, бір - біріңмен шет тілде сөйлесіңдер!» деп үндеу жариялаған болатын.
Халықтың ең сүйікті депутаты Мұхтар Шаханов жақында «шет тілінде сөйлемейтін парламент таратылсын» деп айды аспаннан бірақ шығарды. Әй, қайдам, сүтпен біткен әдет сүйекпен кетеді екен, қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесуін қояр емес. «Балық басынан шіриді» демекші бар кінәрат біздің ел тізгінін ұстаған басекеңдерде болып тұр. Елағаларын жоғары орынға сайлағанда қойылатын мемлекеттің талабы да өзгеше. Мұны қузасақ кінә мемлекетте. Шенеунік болу үшін үш бидің нақылын жатқа айтып, «Абай жолын» хатқа түсірсе кімде болса қара сөзге қаражаяу болып қалмасы анық қой. Әдетте үкімет басшыларын сайлау Күлтөбеде өтеді. Қазақта бүгінгі басшылар кешегі билердің мұрасын жалғастырушы деген ұғым бар. Әкімдер жиналыс ашқан кезде халық сөзіне елітіп, ұйып тыңдағаны сонша үш күн, үш түн жиналыс залынан кетпей отырады. Шенеуніктердің сөзіне бір ауыз шет тілін қоспай сөйлеуі адамды қатты қуантады. Тіпті шеттен кірген сөздерді қазақ тіліне икемдеп сөйлейді. Бір жолы өнер басшысы «актовый залды» «ән,күй, би зал» деп айтып жібермесі бар ма?
Досым, мен саған тілімнің жетуінше қазақ еліндегі қазақ тілінің бүгінгі халын сипаттап бердім. Сенің қазақ еліне келуге ниетің оянғанын білемін. Бірақ өте өкінішті, сен дос болуға тиіс емес адамды дос етіпсің. Сен сияқты ертегіге мұқтаж жанға осындай хат жаздым. Мен - сен қатты құрметтейтін, қырық өтірік айтып ханшаны ханымдыққа алған тазша баланың шөбересімін. Шындығында біздің елің жағдайы мен жазғаннан әлде қайда жақсы, алайда сені осындай хатпен лақтырып кеттім, һа һаһ һа, ЛАҚТЫРЫУ деген не тәйірі? Біздің қазақ тілінде «лақтыру» сөзі пайда болған. Сен мені кінәлама, мені де қоғам атты қызылкөз тәрбиелеп отырғой! Егер қазақ елінің жағдайын білгің келсе саған жазған хатымды кері мағынада басынан бастап оқып шыққайсың! Сені де туған анаң лақтырып кеткен жоқ па?! Бұдан кейін хат жазбашы!
Сәлеммен өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп айтатын бұрынғы досың: Тазбике. 33.13.3025
***

