Қазақстандағы тұз шығаратын көшбасшы кәсіпорын «Аралтұз» АҚ-ның өнімдері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан нарығына шығарылып жатыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Аралтұз» АҚ Бірінші вице-президентінің көмекшісі Ғани Сисекешовтің айтуынша, биыл мекеменiң құрылғанына 92 жыл толып отырған компания йодталған ас тұзын шығарады және оның негiзгi өндiрушiсi. Акционерлік қоғам сапалы тауар шығару бойынша көптеген халықаралық және республикалық көрмелер дипломдарының иегерi. 2001-2003 жылдары «Аралтұзда» зауыт тарихында бiрiншi рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндiрiске «тұзды екiншi рет байыту» технологиясы енгiзiлген. Яғни, тұзды жуу, майдалау, йодтау және кептіру жұмыстары қазіргі заман талабына сай орындалуда.
Ал 2012 жылдан бастап «Аралтұз» жаңа инвестордың келуіне орай, көптеген игілікті жұмыстар жасалды. Елбасының қолдауымен жүзеге асқан индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының арқасында бизнесті дамытуға және жаңа бастамаларды іске асыруға мүмкіндік туды. Соның арқасында «Аралтұз» АҚ ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасын іске қосқан.
«Жобаға екі жарым миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынып және дүние жүзі бойынша тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтың көшбасшысы Испания («Construcciones Mecanicas J.SERRA, S.A.») компаниясының құрал-жабдықтарын алдырдық. Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділікті 1,7 есеге ұлғайттық. Бұрын «Аралтұз» ішкі нарықта ас тұзының 70 пайызы тиесілі болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы ішкі нарықтағы үлес 90 пайызға дейін жетті. Сәйкесінше, сыртқы нарықтағы үлесі де ұлғайды», - дейді Ғани Сисекешов.
«Аралтұздың» өнімдері Қазақстан нарығынан өзге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдеріне экспортталуда. Сонымен қатар, Қытай, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктеріне де жөнелтуді жоспарлап отыр.
Алдағы уақытта кәсіпорын химия өнеркәсібін дамыту мақсатында құны 246 млн АҚШ долларын құрайтын кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр.
Қызылорда облысындағы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатованың айтуынша, республикалық «Алтын сапа» Қызылорда облысы атынан «Аралтұз» АҚ қатысады.
«Бұл компанияның өнімдері жарнамаға мұқтаж емес. Себебі, аттарының өзі брендке айналған компания өнімдерін еліміздің ғана емес, шет елдің тұрғындары да кеңінен қолдануда», - дейді Г.Таңатова.