Астананың тарихи ғимараттары

/uploads/thumbnail/20180602125522798_small.jpg

Әдетте Астана десе көз алдымызға 20 жылдықта салынған көркем ғимараттар елесейді. Ақорда, Хан шатыр, Бәйтерек, Хазырет Сұлтан мешіті сынды көркем ғимараттар әлбетте Астананың сәулеті мен салтанатын асырып-ақ тұр. Ал, Астананың Сәкен Сейфуллин музей-үйі, Астана супермаркеті, Константин-Елена шірекеуі сияқты тарихи ғимаратын білетін бе едіңіз?

Еуразияның жүрегіндегі маржан қала Астана туралы айтпас бұрын оның тарихынан сөз етпей болмайды. Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Qamshy.kz ақпарат агенттігі тарихшы, тарих ғылымдарының профессоры Жамбыл Артықбаевтың Астана қаласы туралы «Астана тарихынан 20 әңгіме» атты естелік-әңгімелерінен оқырман назарына бірнешеуін ұсынады.

Жамбыл Омарұлы 1959 жылы 20 тамызда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Жаңақала ауылында туған. «ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның негізгі ғылым еңбектері 15–19 ғасырлардағы қазақ қоғамының этноәлеумет мәселелерін зерттеуге арналған. Ол 2008 жылдан Астана қаласындағы Мемлекет тарихы ғылым-зерттеу институты директорының орынбасары болып қызмет атқарды. Әрі Еуразия ұлттық университетінің этнолог-тарихшысы және әлеуметтік антропология жөніндегі маманы.

1- әңгіме

Есіл мен Нұра- екі өзен,

Қос өзеннен несі кем ?!

 Әңгімені Есіл мен Нұрадан бастайық. Есіл мен Нұра Сарыарқаның ұсақ шоқыларынан бастау алып Астанаға қарай қатар ағатын өзендер. Сарыарқаның Бұғылы –Тағылы өңірінен Талды Нұра, Қарқаралы-Керегетастан Шерубай Нұра болып бастау алатын Нұра өзені Сарыарқаны шығыстан батысқа қарай кесіп, жолда Қорғалжын қопасын дәл ортасынан қақ жарып Теңіз көліне құяды. Нұраның барлық ұзындығы бес жүз шақырымдай, соған қарамастан қазақтың қарияларының айтуына қарағанда бір өзіне жеті жүз өзен құяды. Есіл өзені болса Сарыарқаның солтүстік қырында орналасқан Жақсы Нияз және Жаман Нияз тауларының ортасынан өз бастауын алады да екі мың бес жүз шақырым жүріп келіп Түмен қаласының түбінде Ертіске қосылады. Сарыарқа жерінен басталып Ертіс арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа тартатын дөй өзен осы Есіл. Сарыарқаны бір көрген адам оның қасиеті осы Есілмен қадірлі екенін біледі. Ерте кезде Есілдің суы арнасынан асып-тасып жатқанын, жағасы тоғай, көк шалғын болғанын қазақтың ауыз әдебиетінен білеміз. Кенесары ханның жанында болған Досқожа жырау көтерілісшілер Сарыарқадан Жетісуға қарай ауғанда :

Бұл қоныстан кеткен соң,

Көреміз бе, дүние-ай,

Мына жатқан Есілдің,

Көк орай тартқан өзенін ?!-

деп жылап қоштасатын өзені осы Есіл.

Есіл мен Нұра Сарыарқаның қос алқасы сияқты, екеуі қатарласа, жарыса ағып, қалың қазақтың нәсібесін ашып, Астанадан аса бере бірі оңға, бірі солға бұрылып, бірін бірі қимай қоштасып, ажырап кетеді. Осы қимастықтың, екі арадағы жарастықтың белгісіндей екі өзенді қосып тұрған Қозыкөш аталатын кішкентай өзенше Мұқыр, Қарасу деген салаларымен Астанадан Қорғалжынға қарай жол тартқан жүргіншінің алдында жатыр. Сарыарқаның екі өзені Есіл мен Нұра Астана маңында бір-біріне қырық шақырымға дейін жақындайды, яғни ерте кезде жазғұтұрым су тасығанда екі өзен бір-біріне қосылып кетеді деген сөз. Ертеде үлкендер «әркімнің өз үйі- өзіне мешіт» деуші еді, сол сияқты әр азаматқа өз жері Жиделі-Байсын емес пе ?! Есіл мен Нұраның сонау көне заманда Қос өзен өркениетін туғызған Ефрат пен Тигрден несі кем ? Қытай өркениеті өз бастауын алатын Сарыөзен мен Яньцзы арасы біздің Сарыарқадан артық па ? Инд мен Ганг арасындағы үнді өркениетін жасаған да біздің аталарымыз емес пе ? Көгілдір Ніл бойы да біздің Байбарыстардың барған жері емес пе ? Ендеше біз бабаларымыз «Есіл-Нұра екі су, еңкейіп одан бетің жу» дейтін өзіміздің Есіл мен Нұраның қадірін неге біле алмай жүрміз ? Шамасы туған жердің қадірін білу де тарихтан басталады-ау !

Осы екі өзеннің арасы толған кіші-гірім көлдер мен көлшіктерді қазақтың ауыз әңгімелерінде «Тоғанастың тоқсан екі көлі» атайды.

 

4- әңгіме. Керуен сарай -Сине Темпоре

 Керуен сарай

Сине Темпоре

Қазіргі күні астаналықтардан, жалпы қазақстандықтардан біздің байтағымызлдың ең көне ескерткіші қайсы деп сұрасаң Бұзоқты айтады. Кемел Ақышев ағамыздың еңбегімен, қасиетімен Есіл мен Нұраның арасын қосатын Қозыкөш бойындағы шағын қалашық елімізге танымал болды. Ал енді шынына келсек Астанының ең ескі құрылыстары қаланың өз ішінде, оның ең мықты ескерткіші қазіргі Сине-Темпоре, бұрыңғы Керуен сарай. Ресей осы жерге келіп бекініс қорғанын салған соң Керуен сарайды «Гостиный двор» деп атап жіберді, одан Совет үкіметі орнады, Керуен сарайды «ЦУМ» деп өзгертті, өлдік-талдық дегенде Тәуелсіздік келді, енді Сине-Темпоре деген атауды малданып жүрміз. Егер осы мағынасыз, біреудің бизнесімен келген, бізге сырттан жұққан Сине-Темпоре Керуен сарай болып өзгерсе, онда Астананы толық мәнінде қазақтың астанасы деуге келеді.

Керуен сарай қалай пайда болды ? Қазақ хандығы заманында оңтүстіктен келе жатқан керуендер Нұра бойындағы Бытығай қаласына бір тоқтап Есілге шығады. Есілдегі ең мықты өткел Қараөткел екенін білеміз, бұл жерде өзеннің суы жарты метрдей-ақ, өткелдің ені 100 метрдей, табаны қатқақ, екі-үш мың түйелік керуен өтсе табаны езілмек түгілі лайланбайды да, арбамен келе жатсаң өзеннің арғы жағына қарай зу ете қаласың ! Қараөткелден өтіп алған соң керуендер басылар түйедегі, арбадағы жүкті түсіреді де саудасын бастап кетеді. Солтүстіктен сонау Қазан, Астрахан, Еуропадан Есілді өрлеп келе жатқан керуендермен екі жақ болып қазіргі Кенесары көшесінің бойында табысады. Қараөткелден бастап Ащыөзекке (Соляная балка, Гребной канал, Ақбұлақ) дейін созылған Кенесары көшесі ол кезде Үлкен базар көшесі аталады. Сауданың нағыз қайнаған жері Кенесары мен Бейбітшілік көшелері қиылысатын алаң ол кезде Кіші базар көшесі аталады. Бұл Керуен сарай ерте заманда салынды деуімізге ең бірінші себеп. Саудагерлер жағдайы бар адамдар екенін ұмытпаңыз, олар бұл жерде айлап жататыны есте болсын ! Қай жерде болса да олардың бірінші салатыны Керуен сарай мен Мешіт ! Біз 1834 жылдары орыстар салған бекініс-қорғанның алдынан, қазіргі Иманов пен Республика көшелері қиылысқан жерден Қоңырқұлжа сұлтан көтерді дейтін ескі мешіттің де тарихы көне дәуірге барады. Қаратөкелге әр сауда керуені келгенде мешіттің биік мұнарасынан арнайы дұға оқылатын дәстүр де сол дәуірден Ресей билеген заманға дейін сақталды.

Қараөткелдің орталық бөлігінде салмақты зерттеу жұмыстары жүргізілсе Керуен сарайдан басқа да егінші, қолөнерші, саудагер қауымдардың отырықшы қоныстары табылатыны сөзсіз.

 

15- әңгіме. Жасыл мешіт

Астана қаласының ең бір көрнекті көшелерінің бірі Абай көшесі екені белгілі. Осы көшені бойлап қаланың ескі орталығына жақындасаңыз оң жағыңыздан биік қызыл кірпіштен қаланған бағандары бар шарбақ, биік қақпа кездеседі. Бұл заманында Жасыл мешіт немесе Татар мешіт аталған құрылыстан қалған қалдық.

Татар мешітінің құрылысы кезінде осы қаланың ең бай адамы атанған Нүркей Зәбировтың қаражатына салнған. Көпестің бір әдеті қандай құрылыс салса да жасыл бояумен сырлайды екен. Осы себепті «Жасыл мешіт» атанып кетті. Есіл-Нұра алқабында қазақ заманындағы керуен жолдармен жүрсеңіз ескі көпірлердің, бекеттердің қалдықтарын табасыз. Егер осы қалдықтар жасыл бояумен боялса, онда бұл құрыыстардың салынуына Нүркей Зәбировтың қатысы бар деп есептеңіз.

Жасыл мешіт

Бұл мешіттің қай жылы жабылғаны туралы мәлімет жоқ, бірақ осы құрылыстың көп жылдар Пионерлер үйі ретінде қызмет жасағанын қаланың ескі тұрғындары біледі. Кейін келе Пионерлер үйі қалалық партия комитетінің ғимаратына көшірілді. Осы кезде мешіттің ағаштарын отынға алу белседі жүргізілді. Мешіт қызметін қайта қалпына келтіру мүмкін емес еді. Ақыр түбінде оның орнына үш қабатты тұрғын үй салынды. Міне, Абай көшесінен Ескі орталыққа қарай аяңдап бара жатқанда Республикаға жете бере оң жағыңыздан кездесетін жасыл қаңылтыр телпек киген тас бағандар, темірден иілген шарбақ пен биік арканың сыры осы.

 

 

16- әңгіме. Константин-Елена шірекеуі

Ақмола шіркеулерінің ішіндегі ең көнесі Константин-Елена шірекеуі аталатын құрылыс. Совет заманында ғайыптан аман қалған бұл тарихи ғимарат қазіргі уақытта Республика даңғылына жақын орналасқан. Іздеген адам Есіл дүкенінің сыртына өтсе аса қиналмай табады.

Орыс православ шіркеуі әулие қатарына енгізген Констатин Рим империясының соңғы падишаһтарының бірі. Оның билігі кезінде (306-337 жылдар) христиан дініне еркіндік берілді, қудалау тоқтатылды. Елена Констаитиннің шешесі, 326 жылы Иерусалим патриархы Макариймен бірге Иисус Христосты керіп, шегелеген кресті тауып алып, империяның барлық жерінде пұтқа табынушылық храмдарды қиратып, оның орнына христиандық шіркеулер салуға уағыз айтып, бар өмірін арнаған.

Шіркеу құрылысы туралы алғашқы ақпарат 1849 жылы Ақмола священнигі Михаилдың Сібір шекара басшыларына шіркеу салу туралы өтінішінен басталады. Ағаштан салынатын бұл шіркеудің жобасы 1850 жылы дайын болып 1854-1856 жылдары Сібір казак-орыс әскерінің қазына қаражаты есебінен ескі бекініс-қорғанының ішінде жүргізілді. Бір қабатты, крес тәрізді ірге тасқа салынған құрылысқа Ақмола бекінісінің гарнизонның инженері инженер-поручик Г.А.Воротников жетекшілік жасады деген мәлімет бар. Біздің қолымыздағы деректер бойынша Константин-Елена шіркеуінің құрылысын татар азаматы А.Абдулманов өзінің бір жолдасымен бірге подряд алып жүргізді дейді. Бір ескеретін мәселе шіркеу қамалдың ішінде үлкен алаңның ортасына, биік жерге, ағаштан салынды. Шіркеу өз жұмысын 1856 жылы бастап кеткенімен құрылыстың іші-сыртын әрлеу, шарбақтарын салу т.б. жұмыстары 1858 жылға дейін жүргізілді. 1860 жылдары Ақмола әскери бекініс есебінде өмір сүруін тоқтатты, қалаға айнала бастады. 1876 жылы Ақмолада бекіністің ресми жабылуына байланысты Ақмола казак-орыстары шіркеуді өздеріне қайтаруды талап етті. 1893 жылы ғана Тобыл рухани консисториясы шіркеуі Казачья станицаға көшіруге рұқсат береді. Бұл слабодканың оналасқан жері қазіргі –бір жағы Республика даңғылы, екінші жағы Жәнібек тархан көшесі, үшінші жағы М.Ғабдуллин көшесі, төртінші жағы Интернациональная (бүгінгі күні М.Мақатаев атында) көшесі. Осыған байланысты храмды қайта бұзып 1900 жылы 14 мамырдан бастап қазіргі тұрған орнына көшіру басталды. 1902 жылы шіркеудің бөренелері түгел алынып, толық көшіріліп бітті. Шіркеудің сыртына басына қаңылтыр қалпақ кигізілген қызыл кірпіш бағаналар орнатылып, тігінен қойылған қалың тақтаймен қоршалды. Бекіністе Константин-Елена шіркеуінің орнында часовня ғана қалды.

Шіркеудің қашан жабылғаны туралы дерек жоқ. Ақмоланың ескі тұрғынарының бірі Н.И.Второв 1930 жылардың басында дейді. 1938 жылдары шіркеудің үстіндегі креші, қоңыраулары алынып, тарихи-өлкетану мұражайына берілгені ақиқат. Біз өткен жолғы әңгімелеріміздің бірінде мұражайдың алдымен қазақтың ескі мешітінде орналасқанын жазғанбыз. Совет үкіметі мұражайды Ескі мешіттен көшіріп, мұсылманның діни ғимаратын Казпивоға берді. Енді Константин-Елена шіркеуіне көшкен мұражай 1941 жылы соғыс кезіндегі қиыншылықтарға байланысты жабылып, шіркеу жаңа құрылып жатқан әскери бөлімдерге берілді. Осы жерде 1941-1942 жылдың қысында 29 атқыштар дивизиясының байланыс батольоны орналасты. Дәл осы аласапыран кезде Константин-Елена шіркеуінда сақталып тұрған тарихи-өлкетану мұражайының заттары толық тоналды. Осы туралы А.Ф.Дубицкий ашына жазып еді: «После войны вдруг обнаружилось, что музейное имущество подчистую разоровано какими-то мерзавцами. Исчезли даже пять каменных баб, некогда стоящих на древних курганах области...Видимо злоумышленники отправили в металлолом все что могло пойти на переплавку (чугунные пушки, старинные оружья, доспехи и т.д.), деревянных вещей сожгли, а ковры, халаты, убранство богатой байской юрты и прочие ценности присвоили». Өлкетанушы 1946-1947 жылдары мұражайға қатысты кейбір қымбат заттардың облыс шенеуніктерінің қолында болғанын жазады: «отдельные музейные предметы находили у некоторых ответственных работников области. Попытки привлечь виновных к ответственности ни к чему не привели» (А.Ф.Дубицкий. Пройдемся по улицам Целинограда. Целиноград,1900. с.73).

Біз Ақмола тарихи-өлкетану мұражайының тағдырына әлі де сан айналып келеміз. Оның фондыларында болған Сәмеке мен Әбілмәмбет хандардың заманынан сақталған құжаттар, қару-жарақ, әртүрлі әшекейлер, кітапхана қайта түгендеуді қажет етеді. Константин-Елена шіркеуінде жоғалып кеткен бес балбал тас қаншалықты алыс жерге баруы мүмкін ?!

1941-1945 жылдардағы соғыстың соңына қарай Совет үкіметі дінді қудалауды азайтты. Еркек кіндіктің бәрі соғыста қырылған, жұтап, азып -тозып кеткен халыққа большевиктер шіркеуге баруға рұсат берді. Мұсылман мешіті қайта ашылған жоқ, пивзавод болып қала берді. Бұл да Совет үкіметі ең алдымен орыс халқының мүддесін ойлайтынын, қазақ қаншалықты қырылып –жойылса да Ресей империясындағы бұратана ұлт болып қала беретінінің дәлелі. Дінге сенуге жеңілдіктер ашылғанына байланысты Константин-Елена шіркеуі 1942 жылы христиан- православтарға қайтарылды, бірақ өзінің әуел бастағы әдемі көркінен айрылған қалпында. Шіркеудің қоңырау бөлмесі қиратылған, шарбағын бұзып алып кеткен, жан-жағынан жер кепелер қаптап салынған, ағашпен өрнектелген сәнді іргесі штукатуркамен сыланған т.б.

Константин-Елена шіркеуі

Бүгінгі күні Константин-Елена шіркеуіне қайта қапына келіру жұмыстары жүргізілді, бірақ ол өзінің байырғы қалпына келді деп айту қиын.

Қатысты Мақалалар