2006 жылдың 17 қарашасында, Анталия қаласында түркітілдес мемлекеттер басшыларының VІІІ саммитінде, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ортақ Парламенттік ассамблея құру туралы бастама көтерді. Парламентаралық ынтымақтастықтың сапалық тұрғыдан жаңа сатысы ретінде парламенттік дипломатия арқылы тараптар арасында саяси, əлеуметтік-экономикалық, мəдени, гуманитарлық, құқықтық байланыстарды нығайту мақсатында құрылған ТүркПА аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ассамблеясының құқықтық сараптама және протокол бөлімінің жетешісі Анар Рахимовпен сұхбаттасқан едік.
- Анар мырза, Түркі тілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы құрылғалы бері он жылға жуық уақыт өтті. Ассамблеяда осы уақыт ішінде қандай істер атқарылды? — Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) 2008 жылғы 21 қарашада Əзірбайжан, Қазақстан, Түркия, Қырғыз республикалары Парламенттерінің басшылары қол қойған шартқа сəйкес Стамбұл қаласында құрылды. 2009 жылғы 29 қыркүйекте Əзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласында ассамблеяның 1-ші пленарлық сессиясы өткізілді. Бұл сессияда ТүркПА регламенті, хатшылық ережесі, Баку декларациясы және хатшылықты Баку қаласына тұрақты орналастыру туралы қаулы қабылданды. Əзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Əлиевтің тапсырмасымен ТүркПА үшін барлық жағдайлар жасалды. Қазіргі кезде ассамблеяның іс басындағы төрағасы Түркия Республикасы ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Жемил Чичек. Ал бас хатшысы Қазақстан өкілі Жандос Асанов.
Бүгінгі күнге дейін Парламенттік ассамблея түркі тілдес мемлекеттер арасындағы Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізуде. ТүркПА Түркі әлемінің Парламенттік өлшемі болғандықтан ассамблеяның айналысатын мәселелері кең ауқымды. Кейінгі кезде түркі халықтары арасындағы байланыстың ауқымы кеңейді. Ассамблея Түркі кеңесінің аясында қолға алынатын бастамаларға, жобаларға құқықтың жағынан қолдау көрсетеді. Түркі тілдес республикалардың кең ауқымды ынтымақтастығы үшін құқықтық базаны құрумен айналысады. Ұйым сондай-ақ экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда елдеріміз арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосуда. - Ассамблеяның алдағы жоспарымен таныстырсаңыз... — Қазіргі таңда ТүркПА-ға Әзірбайжан Парламенті төрағалық етуде. Бакуде өткен соңғы 5-ші сессияда Милли Меджлистің спикері Октай Асадов ассамблеяның іс жоспарын жария етті. Биыл ТүркПа-ның құқықтық базасын нығайтып, республикалар арасында ақпарат алмасуды ұлғайту мақсатында эксперттермен бірлесе отырып шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. - 2014 жылдың желтоқсан айында Бакуде ассамблеяның әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі отырысы өтті. Осы басқосуда түркі халықтары арасында ақпарат алмасуды кеңейту мәселелері айтылды. ТүркПА елдері арасындағы ақпарат алмасу деңгейін қалай бағалайсыз? — Республикалар арасындағы ақпарат алмасу деңгейі өте жоғары деуге әлі ерте. Өйткені біздің республикаларымызда өзінің ана тілін жетікбілетін аудармашы мамандар тапшы. Мамандар мемлекеттік тілді жақсы меңгермейінше ақпараттық байланыс нығаяды деуге болмайды. 2014 жылдың маусым айында өткен Түркі Кеңесінің 4-ші саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі мемлекеттерінде БАҚ жұмысын нығайту мен ортақ ақпараттық ресурс құру туралы идея айтқан болатын. Ұлттық ақпараттық ағысты ұлғайту арқылы ортақ ақпараттық кеңістік құрылса түркітілдес республикалардың ынтымақтастығы нығая түседі. Тұрақты түрде экономика, мәдениет, ғылым-білім, басқа да салалардағы жұмыстармен таныстырып, жеткен жетістіктер жайында жариялауда негізгі істі ақпарат агенттіктері атқару керек. Қазіргі кезде түркі тілдес республикалар арасындағы ақпарат алмасу деңгейіне көңіл толмайды. Бұл бір жағынан ана тілімен қатар шет тілдерін мықты меңгерген мамандардың тапшылдығынан болса, екінші жағынан республикалар арасындағы бұқаралық апарат құралдарының өзара байланысының әлсіз болуынан деп түсіну керек. Түркі халықтары тарихы, мәдени негізі бір елдер. Дегенмен, түркі тілдерінің әрқайсысының лингвистикалық ерекшеліктері бар. Бүгінгі күні бірнеше түркітілін меңгерген білікті мамандарды даярлау өзектіболып отыр. Өткенжылғы отырыста республикаларымыз арасында ақпараттық алмасу механизмін нығайту үшін масс-медиаға арналған жобаларды жүзеге асыру қажеттілігі де сөз болды. — ТүркПА басқа қандай ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан? — Ассамблея құрылған күннен бастап халықаралық ынтымақтастыққа барынша көңіл бөлініп келеді. ТүркПА Парламентаралық Одақта, Исламдық ынтымақтастық ұйымына кіретін мүше елдердің Парламенттік Одағында,Азиядағы сенім шаралары және ықпалдастық Кеңесінде және Қара теңіз Экономикалық ынтымақтастығы ұйымының Парламенттік ассамблеясында бақылаушы статусына ие. Еуропадағы қауіпсіздікжәне ынтымақтастық ұйымымен және осы ұйымның Парламент Ассамблеясымен әріптестік орнатқан. Сондай-ақ, Исламдық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Парламенттік жиналысына бақылаушы ретінде қатысады. Бакудегі былтыр маусым айында өткен Түркі тілдес республикалар Парламенттік ассамблеясының 5-ші пленарлық отырысында бақылаушы дәрежесі Венгрия Парламентіне тапсырылды. - Соңғы кезде посткеңестік республикалар арасында миграция мәселесі өткір тақырыпқа айналды. Экономикалық дағдарысқа байланысты жұмыс іздеп көрші республикаларға ағылғандар көбейіп кеткен. 2014 жылдың 21 қарашасында ТүркПАға мүше елдердің Парламенттерінің әлеуметтік мәселелермен айналысатын комитет мүшелері басқосып, түркі республикалары арасындағы миграция мәселесін сөз етті. Қандай нәтижеге қол жеткізілді? — Қараша айында өткен отырыс саны жағынан екінші мәжіліс болып табылады. Көші-қон мәселесі бұған дейін де көтерілген еді. Жиналысқа халықаралық миграция жөніндегі ұйымның өкілдері де қатысып, көші-қон мәселелері жан-жақты талқыланды. Біздің республикаларымыз қазір қарқынды даму үстінде, сондықтан жан-жақтан экономикалық табыс табуды көздеп келушілер де көбеюде. Жиналыста ТүркПА мемлекеттерінің миграция мәселесін шешуге бағытталған ұсыныстар айтылды. Әлеуметтік мәселелер дүниенің қай түкпіріне қарасаңыз да өзекті. Сондықтан елдер арасындағы ынтымақтастық, ТүркПА мемлекеттерінің әлеуметтік саясат жөніндегі тәжірибе алмасуы өзара ықпалдастықты нығайтуға серпін береді. - Жуырда ТүркПА мен Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арасында меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттың қандай маңызы бар? — ТүркПА түркі республикаларының академиялық ғылыми институттарымен байланысты ылғи да назарда ұстайды. Бұғандейін Манас университетімен және Астанадағы Түркі академиясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Академиялық орталықтармен байланыс орнату кәсіби аудармашыға деген тапшылықты жоюдың алғашқы бастамасы болып табылады. Бұл құжаттар арқылы арнайы оқу орындарына аударма әдістемесін енгізу және осы бағыттағы ғылыми базаны нығайту мәселесі де қарастырылған. - ТүркПА жұмысы қай тілде жүргізіледі? — ТүркПА-ны құру идеясын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Идея 2008 жылдың 21 қарашасында жүзеге асты. Ассамблеяны құру туралы Стамбұл келісіміне Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия республикалары қол қойды. Ұйым жұмысы мүше елдердің мемлекеттік тілдерінде, яғни бес тілде жүргізіледі. Оған қоса халықаралық ұйым болғандықтан ағылшын тілі де қолданыста. Ассамблея сайты да негізгі бес тілде ақпарат таратады. - Сіз Алматы қаласында өткен Еуразиялық интеграция жөніндегі форумға қатысып, арнайы секциясын жүргіздіңіз. Түркі халықтарының қазіргі ықпалдастық деңгейін қалай бағалайсыз? — Түркі тілдес республикалардың ықпалдастығы Еуразия кеңістігінде тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға үлкен үлесқосады. Түркі ынтымақтастығы институттары аймақтардағы ұзақ мерзімдік тұрақтылықты нығайтудағы және жан-жақты диалогтың субаймақтық платформасы болып табылады. ТүркПА-ға тарихи, этникалық негізі бір санаулы елдер ғана кіреді. ТүркПА басқа мемлекеттердің немесе мемлекетаралық ұйым, топтардың ұстанымдарын жетекшілікке алмайтын жеке ассамблея. ТүркПА мен Түркі кеңесі іс әрекеті ашықтыққа негізделген, шынайы диалогқа ұмтылған ұйымдар. Өзара ынтымақтастығын нығайта отырып, түркі тілдес мемлекеттер Еуропа мен Азияның институттары арасындағы әлеуетті көпірге айналары сөзсіз.
Сұхбаттасқан Шарафат Жылқыбаева