Бұл саяси Қозғалысқа келіп қалуымның басты бірінші себебі, 1986 жылғы Алматыдағы әйгілі Желтоқсан көтерілісінің жаныма салған жарасы жазылмай, қатты сыздатып, қатты ауыртып жүрген тұс болатын.
Оның екінші себебі, 1987 жылы жстардың Республикалық «Жалын» баспасының проза бөлімінде қызмет істеп жүргенімде, бір топ баспа қызметкерлерімен «қызметті жақсы істегенім үшін» Латвияның Юрмала қаласына бір апталық демалысқа барғанымда Алматыда болған Желтоқсан көтерілісі туралы тыңдайтын бір жібі түзу жан таба алмай, жағажайда демалып жатқан латыш қыздарына зорлағандай етіп, өзімнің шала-шарпы орыс тіліммен түсіндіріп беріп, ішімдегі шерімді бір тарқатқаным есімде. Әлгі Даугава өзенінің жағасында мен әңгімелесіп отырған латыш қыздарының Желтоқсан Көтерілісін қойып, Қазақстан, Алматы дегеннің өзін білмейтін «сауатсыздықтары» мені қайран қалдырған еді. Бірақ, мен ол қыздардың бұл «сауатсыздықтарына» кешіріммен қарап, 1986 жылғы Жлтоқсан көтерілісі туралы ашына әңгімелегенім, бүгінгідей көз алдымда қалыпты.
«Жылы, жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегендей, сөйтсем, Латвияда да 70-жылдардың аяқ шенінде бір ұлттық көтеріліс болып, көшеге шыққан латыштық азаткерлерді қызыл армия жендеттері осы біз жағасында отырған Даугава өзеніне қалай батырғандықтары туралы латыш қыздары да маған жылап отырып, әңгімелеп берген. Олардың да қайғысы мына менің қайғыммен үндес шығып, ақыры қазақ пен латыш тіл табысқандай болып, тарасқан едік. Ол қыздар мен демалып жатқан Юрмалаға келіп, мені латыштың азаткер азаматтарымен таныстырып, Алматыға қайтарымда олар менімен қимай, қимай қоштасқан еді...
Оның үшінші себебі, Мәскеуде жыл сайын өтіп тұратын Халықаралық кітап жәрмеңкесіне (орысшасы ММКВЯ) барған сайын, шетелдік бір журналист тауып, Желтоқсан жайлы бар шындықты айтып беруге қаншама талпынсам да, менің ол әрекетімнен ештеңе шықпағанына іштей қан жұтып, қатты қиналып жүргенім себеп болған еді.
Оның үшінші себебі, 1988 жылы Шымкент қаласында өткен «Жалын» баспасы күндерінде Шымкент пединституты мұғалімдері мен шәкірттері алдында маған сөз бергенде, іштегі қыстыққан мұңымды ашық жеткізетін сол күндері дүниеге келген «Қайран, қазақ!» деген топтама өлеңдерімді оқыған кезде, әсіресе, қазақ жастары қатты толқып, зал күңіреніп кеткендей болып еді.
Сол кездегі «Жалын» баспасының басшылары мен институт оқытушыларының, обкомның жауапты қызметкерлерінің көздері атыздай болғаны, өз алдына бөлек әңгіме. Сол күні түн ортасы ауғанша мен жатқан қонақ үй бөлмесінен менен ақыл сұраған жастардың қарасы бір үзілмей қойғаны да, көп нәрсені аңғартса керек.
Менің Өзбекстанмен шекаралас, әлі күнге дейін территориясы даулы қазақ аудандарында елмен кездесулерім «аса қауіпті» деп есептеліп, сол кездегі баспа партия ұйымының хатшысын жаныма бақылауға қосып жібергені, мен бірдеңені «бүлдіріп қоймас» үшін мені сылқита ішкізіп, үнемі қызу күйде жүруімді өздріне «қамқорлықтың» тамаша үлгісі деп түсінген сапарлас достарым бүгінге дейін сол қылықтарымен мені қайран қалдырады.
Оның төртінші себебі, сол жылы болса керек, Қазақстан Жазушылар Одағында одақтас республикалар жас ақындарының фестивлы Алматыда болмасы бар ма?
Осы фестиваль аяқталар кезде мен бір топ жас ақындарды үйіме қонаққа шақырып, ақын Аманхан Әлімді асаба сайлап, таң атқанша, Желтоқсан қасіретін айтып, іштегі шемен шерімізді бір ақтарғанымыз бар. Олардың арасында: Латвияның, Литваның, Эстонияның, Украинаның, Грузияның, Арменияның, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Түркменстанның, Украинаның, т.б. жас ақындары бар болатын. Алматының «Татаркасындағы» біздің жер үйіміздегі бұл отырыста барлығымыздың да қайғымыз бен мұңымыз, асыл арманымыз - бір жерден шыққан болатын. Бәріміздің басты арманымыз ұлтымыздың азаттығы, қалайда орыс езгісінен шығу еді...
Міне, жоғарыда тоқталған төрт себеп пе, әлде басқа да себептер ме, әйтеуір, мені бұл арадан кетіп, басқа бір халқыма пайдалы іспен айналысуыма мені бір күш иетермелегендей болып жүрген кезім болатын...
Осы сияқты бір күйіп, бір жанып жүрген кезімде, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының құрылғанын, қозғалыстың тек ұлттық мәселемен шұғылданатынын және ұлттың азаттығы үшін күресетінін біліп, өлген бабам қайта тіріліп келгендей, жерден жеті қоян тапқандай шалқып, қатты қуанғанымды естіп, біреулер менің ол ерсі қылығыммды дұрыс емеске санап жатты. 1918-1932 жылдары қызыл өкіметке беріспей, қарсы күресетін және осы жолда қызылдар тарапынан өлтірілген Садық Кенебайұлы атамның орындалмай келе жатқан арманы салтанат құратын күннің алыс емес екенін сезген болатынмын.
Өстіп шерменде болып жүргенімде, бір күні ҚазМУ-дың журфагінде менен бір курс жоғары оқыған, өзі менен бір жас кіші, сырттай бір-бірімізді жақсы білетін Батырхан Дәрімбетов деген жігіт «Жалын» баспасына келіп, машинкаға бір мақалалар басқызып беруге маған тапсырды. Мен келісіп, оған дайын материялдарды ертеңгісін алып кет дедім.
«Жалын» баспасындағы жұмысымның аяғына қарай, Батырхан маған машинкаға бастыруға тастап кеткен әлгі мақалалардың дайынын алып, жәй, немкеттілеу ниетпен, көз жүгіртіп қана қарап отырған болатынмын. Сөйтіп, біртіндеп, біртіндеп, мақалалар мазмұнының қызығына байқаусызда, қалай кіріп кеткенімді, жұмыс орнымда тым ұзақ отырып қалғанымды, өте кеш білген едім.
Бір сөзбен айтқанда, осы қазір ғана оқып шыққан мақалалар менің жан-дүниемнің астаң-кестеңін шығарған еді. 1986 жылғы әйгілі Желтоқсанда түбірімен қайта түлеген сана-түйсігім бұл жолы да мүлдем басқа сипат алып, ашық күнде найзағай ойнағандай, жарық-жұрық етіп шыға келген еді. Ұзақ жылдар бойғы, мүмкін, ғасырлар бойғы ішімде қалың ұйқыда үнсіз бұғып жатқан жанартаулар бірінен кейін, бірі атылып, менің көз алдымда быт-шыты шыға күл-талқан болып, кезегімен жарылып жатты. Ұзақ жылдар бойы ішкі түйсігіммен ғана көктен ідегенімді, осы қазір жерден тапқандай болған, тілмен айтып жеткізгісіз, бір ғажайып сезімде болған едім.
Мен сөйтіп, осы күн, осы сәт, өзімнің еркімнен тыс, бір тылсым күшпен ағысы күшті ұлы тасқынға ілесіп кете бергем. Алматының Орталық паркі жағындағы «Татарка» деп аталатын жердегі Малая көшесіндегі жер үйіме келіп, жатып қалғаннан кейін де, көпке дейін дөңбекшіп, ұйықтай алмаған едім. Менің сондағы ұйқыдағы сана-түйсігімді дүр сілкіндірген, бір кездері қызылдармен шайқаста болып, жау қолынан оққа ұшқан Садық Кенебайұлы атамның және барша күрескер ата-бабаларымның ұлы рухы ма екен деп ойлаймын бүгінде...
Сол күннің ертесінде Батырхан қайтадан менің жұмыс орныма келіп, кешегі маған тастап кеткен дайын, машинкаға басылған мақалаларды алып, мені сыртқа шығып кетуге шақырып, екеуміз Гагарин мен Абай даңғылы қилысындағы саябақтағы бір орындыққа келіп отырып, ол тыңнан бір әңгіме бастап кеткен болатын. Оның бұл сөздеріне қарағанда, таяуда «Азат» қозғалысының үні, тәуелсіз саяси «Азат» деген газет жарық көретінін, өзінің сол басылымның бас редакторы болып тағайындалғанын, енді өзіне мен сияқты орынбасар керек екенін түсіндіре бастады.
Әдейі қызық көру үшін мен одан «айлығы қанша болады?» деп жорта сұраған болдым. Ол ойланып жатпай, бірден «500 бен 1000 рубль аралығында болатынын...» айтып қалды. Сол жылдары мұндай айлықты министрлер мен академиктер ғана алатын. Мен әрине, оған бірден құлай сене қойған жоқ едім, Бірақ, онымды анаған сездірмедім. Батырханға бір аптадан кейін барып, жауабымды беретінімді айтып, оны орталық жаққа баратын бір көлікке мінгізіп жібердім.
Ол кездегі қызметім де, соншалықты ел менсінбейтіндей емес, қайта көбінің, оның ішінде әдебиеттен дәмесі барлардың қолдары жете бермейтін, қаламгерлер үшін аса мәртебелі жұмыс орны еді. Бір сөзбен айтқанда, кітабын шығара алмай жүрген жас ақындар мен жазушыларға таптырмайтын жер еді бұл. Және де айлығы мен шайлығы да жаман емес, ел қатарлы күн көре алатындай табысың да бар болатын.
«Жалын» баспасы ұжымының ауыз бірлігі мықты және көбі жазушылыр мен ақындардан тұратын. Бұнда қызмет істеудің өзі бір ғанибет десе де болады. Баспа директоры Сейдахмет Бердіқұловпен арам өте жақсы болды. Ол кісі ылғи да мені жанына жақын тартып, ара-арасында әйелім Шолпанның осы жақтың қызы екенін меңзеп, «әй, күйеу бала, байқа...» деп әзілдеп қойғанды да жек көрмейтін. Баспаның бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев те маған қамқор болып жүрді. «Аққу-жүрек» кітабымның дер кезінде баспадан қалың тыспен жарық көруіне бұл кісі тигізген шапағат ерекше еді. Мейрам Асылғазин басқаратын проза бөлімінде де атмосфеае аса жайлы болды. Әсіресе, Қоғаңның маған деген ілтипаты жақсы еді, бәрін өзім бүлдіріп алғамын. Ана Шымкенттегі «Жалын» баспасы күндерінде тым ұлтшыл болып алғаным туралы жоғары да айтқамын.
Енді міне, ол кісімен арамызға сына түсе бастаған. Сол сапарда менің қасымда болған шымкенттік ақын Төрегелді Тұяқбаев та аға мен інінің арасының алшақтай түсуіне өзінше үлес қосқаны бар. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы тура келген» болатын. Қоғаңа қызметтен кететін өтінішімді алып кіріп едім, ештеңе сұрамастан қолын қоя салды. Ал, баспа директоры Сейдахмет Бердіқұлов аға, менің бұл арадан кетпеуімді, ана жаңа баратын жұмыс орнымнымның болашағы бұлдыр екенін айтып, біраз үгіттеп еді, мен алған бетімнен қайтпай қойдым. Ол кісі қинала отырып, мені қызметтен әзер босатқан еді.
Міне, мен сөйтіп, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының үні - тәуелсіз саяси «Азат» газеті бас редакторының орынбасары болып шыға келіп, сарық-сұрық қайнап жатқан ел өмірінің саяси қазанына күмп беріп, түсіп те кеткен едім.
Алдағы уақытта Алла амандық берсе, осы Батырхан Дәрімбет, Сәбетқазы Аақатай (осы кісі қайтыс болғаннан кейін арада бір жыл өткенде «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің тапсырысымен жазылған «Алаштың арда ұлы» деген мақалам жарық көрген еді), Михайл Есенәлиев, Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбеков, Гүлжихан Биболдинова, Дәурен Сатыпалдиев, т.б. көптеген «азаттық» әріптестерім туралы жазатын шығармын деп ойлаймын. Бұл болашақтың ісі....
(Жалғасы бар...)
qamshy.kz
Пікір қалдыру