Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау Облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанаты Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде КСРО және ҚСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, белгілі тарихшы, мұрағатшы-ғалым, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, 400-ден астам мұрағаттық зерттеу мақалаларының авторы Зияда Ижанұлының «Ащы сабақтар», «Асыл қазына», «Жаралы жылдар», «Мангышлак», «Тургайский область», «Тобанияз», «Аламесек», «Аласапыран», «Асыл мұра» «Тәркілеу қасіреті» атты 10 томдық кітаптарының тұсаукесерін өткізді.
«Рухани жаңғыру» аясында өткен жиынға Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылары, З.Ижановтың ұрпақтары, студенттер мен магистранттар, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аталмыш шара тізгінін ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды.
-Іздеушісі жоқ болса, көп нәрсе ұмыт қалады. Артында қалған материалдарды жинақтап, ұрпақтары 10 томдық кітап қылып шығарып, оқырман қауымның игілігіне ұсынып отыр. Бұл үлкен еңбек. Осыдан екі жыл бұрын төрт томдық кітабының тұсаукесер рәсіміне куә болғаным бар,-деді Дихан Қамзабекұлы.
Содан кейін қатысушылар марқұм Зияда Ижанұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Мұрағат ісінің майталманы» атты деректі фильмді тамашалаған көпшілік 10 томдық кітаптың тұсаукесер рәсіміне куә болды.
Тұсакесер рәсімге «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, ҚР ҰҒА академигі Рахметқажы Берсімбаев, филолог-ғалым Шәкір Ыбыраев, ақын, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса және марқұмның ағайын-туыстары қатысып, Зияда Ижановтың шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелер қозғады.
-Біз бүгін елдің тарихы туралы мол мағлұмат беретін құнды еңбектердің тұсауын кесіп отырмыз. Байқағаным, марқұмның құжатқа мұқияттығы керемет болған. Бұл 10 томдық тарихшы-зерттеушілерге азық болады деген ойдамын. Ең бастысы, кітап ғылымның айналысына түсті, осындай еңбекке мол тер төккен шығармашыл топқа және ұйымдастырушыларға ризамын, - деді көрнекті ғалым Шәкір Ыбыраев.
Шарада сөз алған зиялы қауым өкілдері Зияда ағаның республика үшін сіңірген еңбегі мен Абай Құнанбаевтың қолтаңбасын тапқанын ерекше атап өтті. Әсіресе ұлы ақынның 175 жылдығында Абайдың өз қолы мерейтойлық таңбада тұруы керек деген де ойлар айтылды.
Сонымен қатар, жиналған көпшілік осындай құнды еңбекті қолжетімді қылып, халыққа сыйлап отырған балаларына алғыс білдіруді де ұмытқан жоқ.
Шара барысында тұсауы кесілген кітаптардың бір парасы тарихшы ғалымдар мен ЕҰУ кітапханасына сыйға тартылды.
Пікір қалдыру