Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты «қылмыскер» деп атап, Тегерандағы жаппай наразылықтарға Вашингтонның тікелей қатысы бар екенін мәлімдеді. Бұл – Хаменеи тарапынан наразылық кезіндегі адам шығынына алғаш рет ашық пікір білдіруі.
17 қаңтар күні мемлекеттік телеарна арқылы сөйлеген сөзінде Хаменеи антиүкіметтік митингілер салдарынан «бірнеше мың адам қаза тапқанын» айтты. Оның сөзінше, АҚШ билігі шерушілерді ашық қолдап, оларды әрекеттерін жалғастыруға шақырған.
«АҚШ президенті бұл көтеріліс кезінде жеке өзі үндеу жасап, митингілерді қолдайтынын, тіпті әскери қолдау көрсетуге дайын екенін айтты», – деді Иранның жоғарғы көшбасшысы.
Хаменеи наразылыққа шыққандарды «АҚШ-тың жаяу әскерлері» деп атап, олардың мешіттер мен білім беру мекемелерін қиратқанын, сондай-ақ шетелден жеткізілген қару-жарақ қолданғанын алға тартты.
Сонымен қатар, соңғы иран шахының ұлы Реза Пехлеви АҚШ-ты режимнің «әскери құрылымдарына» нүктелік соққы жасауға шақырды. Politico дерегінше, ол Вашингтонда бірқатар кездесу өткізіп, билік ауысқан жағдайда өтпелі кезеңді басқаруға дайын екенін білдірген.
Аймақтағы шиеленіс дипломатиялық мәлімдемелерге қарамастан сақталып отыр. Америкалық БАҚ АҚШ-тың Таяу Шығысқа қосымша әскери күштер жіберуді қарастырып жатқанын хабарлайды.