АҚШ, Украина және Ресей өкілдерінің қатысуымен өтетін келіссөздердің келесі кезеңі 1 ақпанға жоспарланған. Кездесу Абу-Дабиде өтеді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бұған дейін өткен кездесулер барысында тараптар өзара құрмет танытып, келісімге келу жолдарын іздеуге ниетті болған. Америкалық шенеуніктің айтуынша, талқылаулар келісімдердің нақты тетіктерін қамтыған. Ал жексенбі күні өтетін кезекті кездесуде келіссөздерді соңғы кезеңге жақындатуға бағытталмақ. Ақпарат көзі анонимді болуды сұраған.
АҚШ-тағы Axios порталының журналисі Барак Равид те кездесудің мерзімін растады. Оның пікірінше, үшжақты келіссөздердің қайта жандануы Мәскеу мен Киев арасындағы диалогта белгілі бір ілгерілеу бар екенін көрсетеді. Украин тарап өкілдері өткен консультацияларды оң және конструктивті деп бағалаған.
Reuters дереккөзі Украина үшін қақтығыстан кейін әзірленіп жатқан қауіпсіздік кепілдіктері «өте мықты» болатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Абу-Дабиде Украина мәселесіне қатысты екі күндік консультациялар өткен. ТАСС агенттігінің дереккөзі бұл кездесулердің нақты нәтижелер бергенін айтқанымен, олардың мазмұнын ашып көрсеткен жоқ.