Оралхан Бөкейге
I. Әппақ... әлем... Әппақ маржан айналам. Жаным-көкте, Жерде жүрген құр сүлдем. Неге осы мен, Қайырымсыз дүниеден қайғы алам? Неге осы мен, Сіз жайлы ойлап, күрсінем? Әппақ... әлем... Адыра! Түнге ғана құмартады жас жаным. (Қаралығы үшін бе?) Алма-қыз ем, қапияда қарға айнала бастадым, Қара ниет Қоңқай шалдың ісінен... Әппақ... әлем... Мөлдір мұңның моншақтарын теремін. Уысымда - толы Бақ. Ақ қар кешіп, мен Сізді іздеп келемін. Ыстық, Мұ-ұ-ұ-ұздай Жүрегімді қолыма ап... ІІ. Айыртауда... Тағы да түн. Қара түн. Мен отырмын сыздап сыңар қанатым. Кім біледі періштелер мекенін? Кім біледі Жолды Сізге баратын? Айыртауда... Қорғалады бүгін Ай. Ақ жүзімнен сорғалады жас тағы. Өрімталдай өмірімді, түбі лай, Суы да сор теңіз етіп тастады... Айыртауда... Көңілімнен күй кетіп, Болмысымды белгісізге билетіп. Кім біледі, әлі қа-а-анша жүремін, Боз далада бос шанамды сүйретіп? Шығыс ұлы! Менің хұсни-халімді, Шыңғыстайда біле ме екен бұғылар? Тау жаңғыртып түнде салған әнімді, Сізден басқа, Сізден басқа кім ұғар? ІІ! Ағатай! Жеттің бе Айға, алыстап Арманымнан, Бейуақта кеттің қайда, «бейғұмыр жалғанымнан»? Бақытқа шөлдедім мен. (Елге не берем үлгі?) Айтар ма Әулиекөл, сұрасам дерегіңді? Жай түскен жаным-жара, жаһанның сызы қонып. Үлбіге шақырсам ба, үндінің қызы болып? Ағатай! Жоғалтпадым сіз берген ар жүзігін. Жаны-өрт, тәні-дертті баяғы Қар Қызымын. Алыста - қуанышым, қасымда нала қалып, Сізді іздеп ақ толқыны, Бұқтырма барады ағып... Ақшоқы баурайында адасқан Кербұғы кім? Дауасын таба алар ма ем мен оның шер-мұңының? Мінәжат еттім тағы, Тәңірге тізе бүгіп. Кезігіп қалам ба деп көзімде жүзеді Үміт... Әр түні алаңдаймын. Әр күні таппақ болам. Бәрібір... бара алмаймын... Айналам - әппақ тұман. Ағатай! Жерде әлі жалғасуда, Қоңқайдан қалған лаң. Беймезгіл неге көштің, «бейғұмыр жалғанымнан???». ***Досым еді кеше - Мұң. Тұтқынымын сен келмейтін қаланың. Сен жүрмейтін көшенің Және есіктің сен ешқашан ашпайтын. Тағдырымды мен де бір күн тастаймын, Елең қылмай елдің күңкіл - өсегін, Жапырақтың жанарына көшемін.
Досым бүгін Жел ғана. Өзге әлемді көзіме де ілмеймін. Ән салады ол тереземнің сыртынан. Кімнен сені қызғанамын, білмеймін, Жанымды жеп қойды әйтеуір бір күмән... Ескі досым Естелік, Екеумізді төгіп отыр кесте қып. ...Мен бір күні кетемін бұл шаһардан, Таусылады татар дәм. Ұшам көкке қап-қара гүл қолымда, Қап-қара мұң... Жел тұрады жолымда... Жаным, сонда бейітіме келме сен. Бұл қалаға көрсетпеші жасыңды! Жүрегіңде жыр қып қана тербе сен, Көрмей-ақ қой менің құлпытасымды. Жалын қылып жанымның бар арайын, Жанарында жапырақтың, Сосын сенің Жүрегіңде, Жүрегіңде қалайын...***
Жерортада жолыққан жарығым-ай, жарығым! Жаһанда жоқ жарқылмен жанарымды қарыдың. Не істей алам сен үшін? Не келеді қолымнан? Кешіреді бізді кім тайқып кетсек жолынан?
Кешіре ме бізді Аспан, бұлтпен бірге желген Күн, Саған дейін Жанымды қалай сақтап келгенмін? Бәсі кеткен бұл Ғұмыр тыңдар ма екен датымды? Қасірет қой ешкімге айта алмау да атыңды! Тебіренер сөзіңнен мұң сіңетін реңім, Тек ерінім күбірлеп, күрсінеді жүрегім. Боп-боз еді дүние - базары боп келдің сен, Жасы кеппес жырымның ғазалы боп келдің сен! Он сегізім оралып, көңіліммен күй емген, От сезімге тоналып, Сені шексіз Сүйем мен! Сен сөнбеші! Өмірдің онсыз-дағы бәрі Мұң. Жерортада жолыққан Жарығым-ау! Жарығым!**
- Маған арнап өлең жаз, - деп сұрадың.
Дәл осы сәт келіп отыр жылағым. Дәл осы сәт, жапыраққа айналып, Терезеңнің тұсына кеп құлағым, Келді менің. Малынып ақ жаңбырға, Сен тұрсаң ғой, сен тұрсаң ғой алдымда! Жанарыңа қонақтаған арайдан, Шаттанайын, шуақ шашып жолыма. Ал әйтпесе, Пенделердің пейілінен қарайған. Жапырақпын. Алма мені қолыңа. Аяма да. Сұрама да халімді. Мен жатайын жаурап жердің бетінде. Әппақ жаңбыр аймалаған жанымды, Енді сен кеп ластайын дедің бе? - Маған арнап өлең жаз, - деп сұрадың. Сенсіз де мен дертті едім ғой! Не болады өртті - өртпен өшірсем? Дәл осы сәт келіп отыр жылағым. ...Кешір сен! ** Заңғар көктен қолын созып тұр Ай да. Жұлдыз біткен жанарынан жыр сығып. Саған мені қинап қойған ұнайды, ә? Қызғандырып, қырсығып! Тар маңдайға сыйып еді бақ қашан? Аз ба өмірдің қасіреті, қайғысы? Жүрегіме сен кеп алау жақпасаң, Ұқпады деп өкпелейін қай кісі? Бұл азаптың (жанымды өртеп жүр әлі), Басы бар ма, болар қашан аяғы? Ай бетіне жасым тамса, кінәлі – Сағынышым баяғы... *** Өкінбеймін. Өлердей сүйгенім шын. Сен ғана деп өмірдің мағынасы, Сен ғана деп базарым, бағым асыл. Бір-ақ күнде бәрі ұмыт болғаны үшін, Жүрегіңе кінә артып неғыласың? Жерден біраз биіктеп кетіп едім, Шерге оранып оралды көкірегім. Кінәлама қырсықтау мінезімді. Кінәлама жүректі, өтінемін. Енді өзіңсіз, білмеймін, күле алам ба? Сергелдең көп болады - ау, сірә, адамда? Қыз біткеннен қызғанып, жылап қалар Жасы кеппес жүректі, кінәлама. Ұша алмаса қайтейін өрге құсым, Түсе алмаса төменге төрдегім шын. Кінәлама. Менің зағип көздері жүрегімнің, Жазалы емес тек сені көргені үшін... ** Мизам да өтті. Күрсіндіріп, күлдіріп. Кірпігіме мөп-мөлдір шық ілді үміт. Ақ әжемнің алақаны секілді, Самал сүйді бетімді. Ақ сәулесін төгеді үнсіз жанарға Ай. Бір мейірге жүргенімді-ай қана алмай! Сүйгенімнің (қу сезімнің әлегі), Суық бүгін сәлемі. Күнтізбеде ән салады Ақырап. Оның да әні, менің де әнім – жапырақ. Ақ қайың тұр күзгі желге тоналып, Мен де ертең кетсем бе екен жоғалып??? ** Дертіңе қалай төземін, сенсіз де сынық қанатым. Адасқан мен бір сөз едім – Тәңірім ғана табатын. Жазмышым жұмбақ жасырған, жауабын мен де ұмыттым. Жаураған мұздай ғасырдан, жанымды неге жылыттың? Жылыттың неге жанымды, өртеніп кетсін дедің бе, Ұмытып мүлде барымды, дерт еміп кетсін дедің бе? Көрдім де сені, күйге ендім – қалықтап көкте жүргендей. Үміттенуді үйрендім – үркеншек көңіл үндемей. Жер басып жүрген сүлдем тек, ақша бұлт болды аңсарым. Мен мүлде өмір сүргем жоқ – армандауменен шаршадым! Тұман да тұман таңдардан, қалайша таптың сен мені, Жазылмай қалған маңдайға, ей, тағдырымның кермегі?!! Тұмар қып жырға тағатын, қасиет тұнған көз едім. Сенсіз де сынық қанатым. Дертіңе қалай төземін???-- Ай да болғым келмейді, аспаны бар. Аспаны бар, ғазалы, дастаны бар. Мен Гүл болғым келеді, дүниенің Ұлылығын тамырсыз тастан ұғар. Күнім деп те алдама. Күн емеспін. Жанымды өртеп жүр әлі Мұң. Елес. Түн. Мен Гүл болғым келеді қолыңдағы, Сұрай алмай жүрсе екен сенен ешкім. Сабағыма түсірмес уақыт сызын, Ақ күлтеме жырымнан жақұт тіздім. Еңлік гүл едім мен. Қызғалдаққа Қолың создың. Қайтемін... (Бақытсызбын). ** Бақытым сен демейді енді, уақыт емдемейді енді. Қапыда кез болғаны сол, алтын да жез болғаны сол; Әріме мұң тұнады, бәрі де ұмытылады, Жылама, жүрегім менің! Тағдырым талқан болса да, ар-мұңым арқандалса да, Отына күйгенім еді, өртеніп сүйгенім еді. Кеселге бұл шыдар Күз, кінәлі біз шығармыз, Жылама, жүрегім менің! Асқардан құламау үшін, басқаға жыр арнау үшін, Түндігін көңіл түрер ме ед, қайтадан өмір сүрер ме ед... Кешенің келмейтіні үшін, тек елес тербейтіні үшін, Жылайық, жыласақ егер...