«Қамшы» порталы Желтоқсан құрбандарына тағзым ете отырып, «Желтоқсан» қасіретінің 30 жылдығына орай, бір аптадан бері белгілі Желтоқсандық Құрманғазы Рахметовтің «Желтоқсан естелігі» мемуарын жариялап келеді. Осы орайда, Оқырман назарына Желтоқсан қаһарманы Құрманғазы Рахметовтің өмірбаянын тағы бір мәрте сала кетуді жөн кердік.
Мектеп-интернат. 9 сынып. 1980ж. Алматы.
Құрманғазы Әбденұлы Рахметов ( Қабдуәли) – 1965 жылы 22 қаңтарда Семей облысы, Мақаншы ауылында дүниеге келген. Әкесінен 5 жасында айырылған Құрманғазының Анасы тоғыз құрсақ көтеріпті, соның үшеуі жас кездерінде қайтыс болып кеткен (Күлия, Күлғайша, Рухия). Ағалары Оралғазы (1945ж.т.), Қайырғазы (1948) қазіргі күнде Мақаншыда тұрады. Тұрсынгүл (1958), Баян (1960) апайлары Алматы қаласында, қарындасы Бақыт(1967) Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Бәрінің де жоғары білімі, отбасы бар.
1972 жылы мектеп қабырғасын аттаған Құрманғазы Ғ.Мұратбаев атындағы сегіз жылдық мектепті Мақаншы ауылында оқыды. 1978 жылы Алматы қаласындағы РҚЭМИ №2 мектеп-интернатына оқуға қабылданып, 1981 жылы алтын белгімен бітіріп шықты. Содан Политехникалық институттың автоматика және басқару жүйелері факультетіне, 1982 жылы Өскемен құрылыс-жол институтының Алматыдағы филиалына оқуға түсті. 1983-85 Әскер қатарында болып ( Украина, Одесса), ауылда бір жыл еңбекте болды.
Түрмеден кейін, РҚЭМИ түлектері, кластасстарым.1989ж.Алматы
1986 жылы ҚазМУ-дың физика факультетіне ( арнаулы физика, ағылшын тілінде) оқуға түседі. Бірақ сол жылы Желтоқсан ұлтазаттық көтерілісіне қатысып, 7-8 қаңтар ҚазССР Жоғарғы Сотының үкімімен 7 жылға бас бостандығымнан айрылған. Маңғышлақтың, Ақтөбенің, Қызылорданың, Шымкенттің, Жамбылдың түрмелеріне, Қостанайдағы Құсмұрын түрмесіне, соңында Қарағандыдағы түрмеге қамалады. ҚазССР Жоғарғы Сотының Президиумі 2 жылға түсіріп (1988 ж.), Пленумының шешімімен (1990 ж.) толық ақталды. Жұбайының есімі - Роза, қызы - Мөлдір ЕҰУ-дің бірінші курс студенті. Қазіргі күнде Желтоқсан қаһарманы Астана қаласында тұрып жатыр. "Нағыз Желтоқсан" қоғамдық қорының президенті. 2011 ҚР Президенттігіне үміткер, 2012, 2016 жылдары ҚР Парламент Мәжіліс депутаттығына ЖСДП атынан үміткер.
Желтоқсан қаһарманының монографиясының басқы бөлімдерін төмендегі сілтемелерден оқи аласыздар.
«Желтоқсан 86-5»
Алар «срокты» алғаннан кейін, ақырындап этапқа дайындала бастағанмын. «Гражданский» киімдерді «робаға», қазақша айтқанда, үстіңдегі киімдерді лагерде киетін киімдерге айырбас.
«Осужденный Рахметов с вещями» дегенде «хатаның» жігіттері жылдам-жылдам «кешарымды» дайындап жіберді. Этап қазір Маңғышлақ жаққа деп те естігенмін. Сақыр-сұқыр, шарт-шұртқа етім де үйрене бастапты. Алдымдағы конвоирды басқа біреуі алмастырғанда, біртүрлі болып қалдым. Өзіңде ерік болмағаннан кейін, конвоирдың артынан байлаулы бұзау сияқты еріп отырасың, тек бас жібің жоқ демесеңіз.
Қолыма кісен тағып, көзімді лентамен байлағанда, шынымен, бойымды қорқыныш сезімі билеп алды. Сол қол жағымнан ұстап, алып келе жатыр. Мен әрбір қадамымды санап, қалыспай келе жатырмын. Тоқтадық. Есік ашылғаны естілді. Кір деді. Кіріп бара жатып, бұл күнделікті арестанттарды таситын автозак емес, одан кішкентайлау, жеңіл машина екенін бағамдадым. Түрменің есігінен шыға салысымен мен де машинаның бағытын пайымдап, қайда апара жатыр екен,- деп те қоямын. Мүмкін, байқатпай ата салуы да ғажап емес деген үрей бойымды билеп алды. Мотордың жұмыс істеуіне қарағанда кәдуілгі «москвич», не болса да, ішімнен өзіме өзім жігер беріп қоямын. Көп жүрмей бір аулаға келіп тоқтадық. Біраз тұрып ішіне кірдік. Тоқтадық. Есік ашылды, түстік. Көзімдегі лентаны алды, қолымдағы кісен де алынды. Жасыл киімді конвоирлер бір біріне «честь» беріп жатыр. Тап-тар «стаканчиктемін». Темекі шеккім келіп, құлағым ісіп кеткен. Толық бір сағаттай отырған шығармын, ол уақыт маған бір жылдай әсер қалдырды. «Стаканчиктен» кейін алып шығып бір бөлмеге кіргізді. Шашымды сыпырып алып тастады. Толықтай шешінуімді сұрады. Шешіндім. Сыпайы, іш киіміңізді де шешіңіз, толықтай шешініңіз деді. Сөйтіп тағы бір бөлмеге енгізіп, есікті жапты да, сабыныңыз анау, шомылып алыңыз деді. Сонда ғана барып мен басқа бір жерге келгенімді байқадым. Судың жылылығын өзіме ыңғайлап алғаннан кейін, рахаттанып тұрып бір түстім-ау. Қаншама уақыт мынандай рахатты көрмеген денем сүйсініп барады. Берген сабынымен басымды сабындап кеп жібергенімде көзім ашып бара жатты, түйсігіммен бұл дусталған сабын екенін аңғардым. Расымен мынандай рахатты көптен көрмеген едім. Енді атып тастаса да өздері білсін,- деп қоямын, ішімнен. Душтан шығып, өздерінің берген көкшіл түсті киім-кешегі «робасын» киіп алып, айнаға қарап қалыппын. Өмірі бұлай айнаға тесіліп қарамаппын. Сол кезде ғана барып байқадым, тақыр басым, соңғы бір айдан астам уақыт, оның ішіндегі шым-шытырық, мына барлық оқиғалар, уақытынан бұрын маңдайыма терең әжімін салып үлгерген екен.Жиырма екі жасқа енді толған жігітке, немене, тәйірі, десем де, маңдайыма ерте түскен терең әжім - тағдырдың басыма салғаны да,- деп көзімді айнадан алдым. Иә, осындай да өмірде қызықтар болып тұрады екен. Конвоирдың артына тағы ілесіп жаңа жердегі жатын орыныма келе жаттым.
Хатаға кіріп барсам ешкім жоқ. Жалғыз өзім. «Раскладушка» дейтін аллюминий қаңқасы бар брезент төсектерді біздің заманның адамдарының есінде болмауы мүмкін емес. Иә, дәп сондайдың темір түріндегі төртеуі төрт бұрышта, ортасында бір метрдей бос орын, едені ағаштан екен. Астыға салынған «матрасын» кейбір жатақханалардан да таба алмайсың, асты мен үстіңе жабылатын жабын да аппақ, одеялосы тап таза. Ернеуі биіктеу сәл кішірек болғанымен орта тұсында сырты темір терезе, камера деуге аузың бармайды, қысқасы іші жап-жарық бөлме екен. Өзім мен көріп отырған көзіме сенбей біраз отырдым. Кормушка ашылып тамағымды алуға шақырды. Бұл жатқан қандай батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық,- деп сәл тосаңсығаныммен, артынан тәбетім тартып, соғып-соғып жеп алдым. Шәйі қандай тәтті еді. Қазақтың бір тойғаны жарты байығаны деп, төсегіме ыңғайлана, ішімді сипап та қойып жатқаным сол еді, сықырлап есік ашылды. «На допрос» дегеннен кейін конвоирдің артынан дедектей жөнелдім. Кіріп барсам «гражданский» киімде төрт-бесеуі жайғасып отыр екен. Киген киімдерінің үлгісі бөтендеу екен. Өздерін қысқаша таныстырып өтті, Ресей жақтан келгенге ұқсайды, біреуінің Москвадан екені есімде қалыпты. «Осужденный Рахметов, статья 65, срок 7 лет» деп бастай бергенім сол еді сұрақтар қарша борады-ай келіп. Біреуінің сұрағына жауап беріп үлгермей жатып, екіншісі сұрақ қояды. Енді оған жауап берейін дей бергеніңде екіншісі, үшіншісі, төртіншісі, үшіншісі, біріншісі, бесіншісі, екіншісі...
Қойшы әйтеуір, қанша уақытқа созылғанын білмеймін, есімнен танбасам да, басымды бедіредей қылып барып тоқтады-ау әйтеуір.
«На сегодня все»,- дегендеріне қуанып, әлгі бөлмеме тез жетуге асықтым. Сөйтсем, оным бекер екен. Шыға салысымен әлгі конвоирім түгелдей тексеріп, тінтіп барып, бөлмеме жеткізіп тастады. Бағана ғана мәз болған бөлмемнің іші, «крестный допростарынан» кейін басқаша болып көрінді.
Қате, артық, шатасып, дұрыс жауап бермей қалдым ба,- деген оймен миымда қалып қалған сұрақ-жауап «лентасын» алдыға–артқа, артқа–алдыға қайталап бірталай жаттым. Тұрып алып, арлы берлі асықпай «тусовка» соғып барып, миым орнына келгендей болды. Сол сәтте кормушка ашылып, кешкі ас келді. Орысшаға бірталай төсіліп қалған тілімнен автоматты түрде «война войной, а обед по распорядку»,-дегені шығып кеткенінен кейін ғана байқап, бісміллә деп кешкі асымды ішуге отырдым.
Кейінгі кезде мұндай жақсы ұйықтамаған шығармын. Түсіме туған ауылым енді. Шешем, ағам, «қара шаңырақтың» шуылдақтары мен көрші қолаңның балалары өзенге шомылуға. балыққа бармақшы болып, қармақ, ау көтеріп, ауладан улап-шулап шығып бара жатыр екенбіз. Алматыдан каникулдарға барып тұрған кездерімде «қара шаңырақтың» төңірегіндегі ауылдың үлкен–кішілері бір қуанып қалатын. Әсіресе, мектеп жасындағыларды мәз болатын. Жаз болса бастарын қосып сол маңдағы жайылып жүрген есектердің аузына «тюковой» проволканы байлап жіберіп, үш-төрттен міңгесіп алып, Қатынсу өзеніне болмаса прудқа барып шомылып, балық аулап,» Мичурин» совхозының бақшасына ұрлыққа барып, азаннан кешке дейін доп тепкізіп, күрестіріп, ләңгі тепкізіп, «есек», асық ойнатып, кешкісін «шпион» ойнап, ойынның түр-түріне тоймай тарқасатынбыз. Қыс болса, аяқтарына шаңғы, коньки байлатып, қолдан каток жасап, хоккейдің «клюшкасына» жарайтын талдар іздеп, ересектеулерімен Жайтөбенің басынан төмен қарай лыжамен сырғанағаннан төмендегі уйге дейін бір-ақ келуші едік.
Жаздың жайма шуақ уақыты. Жақын көршілердің бірі Бақыт апайдың Мұрат деген ұлы, жеті-сегіз үлкенді кішілі балалармен Мақаншы өзенінің жоғарғы жағында шомылып, мәйкемізбен балық аулап, шулап келе жатыр екенбіз деймін. Бірге шыққандардың қайда қалғаны белгісіз, бір уақытта жағада сұр жылан жылжып бара жатқанын көріп жанынан өтіп бара жатқанымда әлгі жылан басын көтеріп маған айбат шегеді екен, бір қарасам, кобра болып кеткен сияқты, жыланнан бала кезден қорықпайтын басым, әлгі жерде сасып, жанында тұрып қалыппын. Ыршып кетейін десем, аяқтарым көтерілмейді, біреу тас байлап тастағандай. Екі рет ұзыннан ысылдағанынан сескеніп, оянып кеттім. Соншама тәтті түсті бұзғаны-ай,- деп біраздан соң, әлгі түсімдегі ізді қайта тауып алып, ауылдастарым мен шешемді ойлап жатып ұйықтап кетіппін.
Сұраққа әкетіп бара жатқанында, бүгін қаншасы отырады екен,- деп, іштей тас түйіндей бекіп кірген едім. Сөйтсем, мүлде басқа адам екен. Москвадан келіпті, өзін ҰҚК-нің тергеушісімін деп таныстырды. Биязы ғана сөйлеседі, лента қайтадан айналымға кетті. Үшінші күні «с вещами» тағы қайталанды. Жанындағы бір бөлмеге барсам қазағымның бір жігіті қарсы алды. Нарынқол жақтың тумасымын дейді. Қытаймен екі ортадағы шекарада жұмыс жасайтын көрінеді. Қарапайым әңгімені сағынып қалыппын, аттың басын бір жіберіп алдық. Жеті жыл алдым дегенімде ішін басып күліп, мен жеті жүз мың сомды тығып тастадым, жеті жыл да отырмаймын,- деп масайрап, ішін сипап-сипап қояды. Ойланып қалдым: «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналады»,- деп қазекем бекер айтпаған екен-ау. «Касачка» жазуыма көмектесетінін айтып, мәз қылып қойды. Түстен кейін «на выход» тағы да қайталанды. Осы жолы «хозяин» шақырып жатыр екен. Таң қалғаным, мына «контора» бастықтарына кірерде, шыққаннан кейін де толық тексереді екен. Бір біріне сенбейді деп айту қиын, дегенмен, «доверяй, но проверяй» ұстанымы бар мықты контора, - екені көрініп тұр.
Осы жолғы «на выход» керемет болды. Бөлмеге кіріп барсам, Тәңірім-ау, өз көзіме өзім сенбедім, мүмкін емес, төр жақта шешем мен Қайырғазы ағам отыр. Бұндайды күтпесем керек, құстай ұшып барып, бетінен суйіп-суйіп алып, қойнына кіріп барудың орнына, орнымда мелшиіп тұрып қалыппын.
Құбаш деп келіп қолын беріп, басымнан сипап, баурына басқан кезде барып ағамның құшағынан ысыла шешемнің қолын алып, суйіп-суйіп алдым. Иегі кемсеңдеп, жанарынан жас шыққанын байқап қалып, өзімді ұстай алдым.
Қызы және анасы. Қызының "алғашқы қоңырауында". 2005 Щучинск қаласы
-О, мама менде бәрі жақсы, бәрі жақсы, жыламаңыз деп алақаныммен ыстық көз жастарын сүрте беріппін. Ағам, тәте жыламаңыз, айтым ғой әне бәрі жақсы деп екеуміз бірге шешемізді жұбатуға кірістік. Істі болғалы кездесіп тұрғанымыз осы. Алматыдағылар «телеграмманы» кеш жіберген, оның өзінде сотым болып кеткеннен кейін жіберіпті. Үйдегілер, Қарағанды, Семей қалаларындағы студент апай қарындастарым шешемізге айтуға дәттері бармай, кейінірекке қалдырып қойған сыңайлы. Оларға да неше түрлі қысым көрсетілген көрінеді. Оралғазы үлкен ағамды директорлықтан алып, кіші ағама сөгістерін жариялап, төтеше жазумен тарайтын «Біздің Отан» газетінде жұмыс істейтін Құнан ағамды сол Сот отырысы болған күні-ақ жұмыстан қуып, туған-туыстарыма сыртымнан «халық жауы» шапанын жауып та үлгерген екен. Ауылда газет таратушы суйінші сұрағандай «Семей таңы» газетін шешемнің қолына ұстатып, ұлыңыз сотталып кетіпті ғой, барып қайттыңыздар ма, қалы қалай екен, міне газетке де шығарыпты дегенде шешемнің үйге қарай «Гүлсім, мыналар не дейді, сотталып кетіптісі несі деп шайқалақтап бара жатқанында, жақын арада жүрген жеңгем қолынан демеп үлгеріпті. Алпысқа енді таяған анамның бір күнде бүкіл тістері түсіп қалыпты.
Одесса. Ағасы Қайырғазымен. 1983-1985
Түрмеге түскенде тісіңізді түгел қағып, түрмеден босап шыққанда қолыңызды сындырғанмын, енді не істесем екен?,- деп ауылға барғанда, әлі күнге шешеме қалжыңдап қоямын.
Анашым әлі күнге дейін бала деп ойлай ма екен, тізесіне отырғызып алып, құшақтап жібергісі, ешкімге бергісі жоқ. Екі сағаттай кездесуіміз тез өте шықты. Кәкең, айтым ғой, балаң аман есен, Құбашың ешкімді өлтірген жоқ, ертең-ақ босап шығады. Күндердің күнінде балаңыз ел алдында батыр атанады, мен оған сенемін деп қоштасып жатты. Шешеме төте жазумен жиі-жиі хат жазып тұратынымды айтып,ауылдың сарқытын құшақтап, конвоирымның соңынан шығып бара жаттым.
Тергеушіден кіргенім сол еді, шашы алба-жұлба, сақал мұрты бар бір жігітті камерама кіргізді. Амандассам амандаспайды. Түріне қарасам арабқа ұқсай ма, европалық, африкалық па түсінбедім, матрасын ана жерге жай дегендей ыммен көрсетіп қоямын. Үндемесең үндеме дегендей мен де шконкама қонжиып жатып алдым. Дәтінің мықтылығы сонша екеуміз екі күн үндеместен уақытында тамағымызды ішіп алып, тойған қозыдай, әр кіміміз өз ойымызды «күйзеп» жатып аламыз да қоямыз. Тамақ сұрай алатын, өлместің күнін кешердей ағылшыныммен «Хе неим из, хау дию дуыма» да жауап жоқ.
«Төлегенов на допрос» дегенді естігенде барып, жағамды бірақ ұстадым. Оның жанымда болғаны маған жаман болған жоқ. Жетісіне тегін беретін екі пачка «Примам» төртеу болды. Емін еркін шегем де жата беремін.Сөйткен Жарммухаметім «Жүргеновтің» өзім сияқты студенті, 65-і болып шықты. Өзі мықты суретші, мүсінші Қазір Германияда тұрады, анда –санда «скаиппен» сөйлесіп тұрамыз, мықты досым. Желтоқсан ұйымы алғаш құрылған кездерінде жасаған еңбектері өлшеусіз...
Ол жерден алып шыққан үлкен сабағым: «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Библиотекасы керемет еді, тапсырыс берсең болды, сұрағаныңның бәрін әкеліп беретін. Францияда болып көрмесем де Дюманың заманын француздардың өздеріне таныстырып, Тұманды Альбионыңды кітаптың ізімен бір шетінен бір шетіне өтіп, қайыққа мініп алып 80 күнде жер шарын аралап келуге жарайтындай байлықтың бәрі осы кітапта екеніне көзім жетті. Қазіргі интернет заманы мықты да болар, ал кітапты оқи отырып, адам баласы өзіңнің ойлау, топшылау, логикаңызды байыту, басқа да өзіңе белгісіз болып келген қабілеттеріңді ашып, ми қатпарларының қызметін барынша толық жұмыс жасауына, есте сақтау қабілетін жоғарғы деңгейде ұстап тұруына табылмайтын бірден-бір құрал екені даусыз болса керек. Кімге қалай, мен өзімше осылай топшыладым.
Қой да аман, қойшы да аман үш айдан аса болған түрменің берген сабақтары өмірлік азық болып жанымда қалды. Одан ары Алматының түрмесі, ол түрмеден этап Маңғыстау, Маңғыстаудан арман Атырау, Атыраудан ары Ақтөбе, Ақтөбеден бері келе жатқанымызда «вагонзакта» қатты ауырып, ес-түссіз жатқан жерімнен Жамбыл қаласының түрмесіне тастап кеткен екен. Ол енді басқа хикая.
(Жалғасы бар)