Астананың ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылауға арналған алқалы жиын өтт деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі. Басқосуға төрағалық жасаған министрлік жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Мырзатай Жолдасбеков «Елбасы көтеріп отырған мәселе – бүгінгі қоғамымыз үшін ауадай қажет мәселелердің бірі. Өткен салт-санамыздан патшалы Ресей мен кеңестік идеологияның бұғауында қалып қол үзген, кеңес дәуірінің күні өткенімен, сандаған жылдар бойы күштеп таңылған саясаттың салдарынан орныққан құлдық психологиямен ат құйрығын кесісе алмай жүрген ел-жұртымыз бүгінде әрі-сәрі хәлде екені де шындық. Кей жастарымыздың батыстың жылтырына еліктеп, қазақы ар-ұяттан алшақтауы, ал енді бірінің ұлтымызда болмаған, ата-бабамыздың ұстанымына мүлдем кереғар ағымдарға ілесуі ұлттық санадағы ақтаңдақтардың салдары» дей келе, өз ойларын ортаға салу үшін, Ғарифолла Есім, Намазалы Омашев, Ғалым Ахмедьяров, Асхат Майемиров, Көпен Әмірбек және басқалар мақаланың өзегі көкейдегіні дөп басатынын айтып, «Халқымыздың тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады... Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық» - деп тайға таңба басқандай, соқырдың қолына таяқ ұстатқандай етіп айтқан пікірін көкірек көзі ашық адам қолдау керек екендігін, сонымен қатар мақалада айтылған жершілдік дертіне қоса, етектен тартып отырған рушылдық дертінен де өскелең ұрпақты ада ету керек екендігі кеңінен әңгіме болды.
Тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың Елбасы ұсынып отырған қай бағыты болмасын елдің рухани әлемін байытатын бағыттар. Бәсекелік қабілет, Прагматизм, Ұлттық бірегейлікті сақтау, Білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, Сананың ашықтығы – рухани және экономикалық жағынан өрлеймін деген қоғам үшін ауадай қажет қабілеттер мен қасиеттер болып табылады.
Таяу жылдардағы міндеттер ретінде ұсынылып отырған латын әліпбиіне көшу, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды жетілдіру, туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімді қалыптастыру бағытында атқарылатын ісшараларды мемлекеттің міндеті ретінде ұсыну Елбасының ұлт көсемі екендігін және бір мәрте байқатады.
Ұлтын сүйіп, ұлт тағдырын өз тағдырымен байланыстыратын жүрегі ізгілікке толы әрбір азамат бұл міндеттерді қуана қабылдап, оның атқарылу барысына жұмыла кіріседі деген ойдамыз.