ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАБАҚШАЛАР БІРТҰТАС ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ БІЛІМ БЕРУІ ТИІС

/uploads/thumbnail/20170710053926455_small.jpg

Тіл мәселесін шешудің осы уақытқа дейін түрлі әдістері ұсынылды, бағдарламалар қабылданды, қызу талқыланды. Солардың бірі  балабақшаларды қазақ тіліне аудару. Ел болам деген халық ең алдымен бесігін түзейді.  Қазақ тілін кішкентайынан балалардың  санасына сіңіру арқылы тіл мәселесін шешуге болады.

 

Жазушы Смағұл Елубай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенде «үштілділік» мәселесін көтеріп, балабақшаларды қазақ тіліне аударуды ұсынған еді.  

 

«Үміт пен күдікті тудырып отырған бір мәселе бар. Мынау үштілділік деген нәрсеге жұрттың бәрі бірдей оң көзбен қарап отырған жоқ. Оны жақсы білесіз, мен неге екенін айтқым келеді. Неге жұртты шошытып отыр? Бұл «үштілділік» деген сөз құлаққа «Қазақстанда үш мемлекеттік тіл бар» дегенді айтып тұрғандай естіледі, құлаққа түрпідей тиеді бізге». Меніңше олай болмауы керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл ылғи да бірінші орында тұруы керек. Мектепте үш тілділікті бастап кетті. Жалпы, баласының үш тіл білгенін ешбір ата-ана кемшілік деп қарамайды. Бұл жағынан ешкім қарсы емес. Мәселе мемлекеттік тілдің жағдайы не болатынында. Қазақ тілінің жағдайы не болады, осы жұртты алаңдатып отыр. Өзіңіздің бір идеяның төңірегінде топтасқан «қазақстандық ұлт» болуы керек дегеніңіз көңілге қонады. Шынында да Қазақстанда тұратын барлық халықтар бір идеяның төңірегінде топтасқанда ғана біздің айдарымыздан жел еседі. Ол нәрсені шынында да балабақшадан бастау керек деп ойлаймыз. Бүкіл балабақшада барлық балалар ұлтына қарамай мемлекеттік тілде тәрбие алатын болса ол қыруар пайда барлық ата-ана, әр ұлттың ата-анасы үшін. Өйткені бірінші кластан бастап бүкіл мектептердің бәрі орыс, қазақ деп бөлінбей бір ғана программамен, мемлекеттік тілдің басымдылығымен бүкіл оқу, тәрбие сол тілде берілсе, бірақ негізгі пәндер мемлекеттік тілде берілсе сонда үштілділік біздің байлығымызға айналады. Бізді қорқытпайды, шошытпайды. 11 сыныпты бітірген бала мейлі қазақ болсын, орыс білсін үш тілде сайрап шығады. Орыс мектебі, қазақ мектебі деген мүлде болмауы керек. Төңірегімізде, мысалы Францияда, Германияда, Қытайда ұлттық мектептердің бөлінгені жоқ қой. Бірлігіміз болуы үшін, барлық ұлттар бір-бірін түсінуі үшін кішкентайдан бастауымыз керек. 10-15 жылдың ішінде мектеп бағдарламасы мемлекеттің тілдің басымдылығымен жүрсе жүзеге асыруға болады, бітірген балалар бауыр болып шығады. Қазақтың тілін білгеннен кейін тарихын да, менталитетін де біледі. Қазақстандық патриотизм оянады. Сонда тіл проблемасы күн тәртібінен алынып тасталынады», - деп үлкен ұсыныс тастаған еді  жазушы.

 

Көп ұзамай Смағұл Елубайдың ұсынысын қолдағандар артты. Оның ішінде Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі 
төрағасының кеңесшісі, Қазақ көркемөнер академиясының академигі Вячеслав Вавилин де бар.

 

Вячеслав Вавилен қазақ тілін еркін меңгерген. Ол Айқынға берген сұхбатында өзге ұлт өкілдеріне қарағанда, орыс тілді қазақтардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысының төмендігіне таң қалатынын айтқан. 12 жасынан бастап қазақ тілін үйренуге ден қойған Вячеслав Қазақстандағы барлық балабақша қазақ тіліне өтуі керек екенін айтады.

 

«Тілді кішкентай кезден бастап насихаттау керек. Меніңше, еліміздегі барлық балабақша қазақ тіліне өтуі керек. Яғни, бастапқы білім қазақша берілсе, тілмен танысу арқылы балалар салт-дәстүрді меңгереді, тіл арқылы қазақ ұлтына деген жастайынан махаббаты оянады. Мектепті, жоғары білімді қай тілде ала­ты­­нын әркім өзі таңдасын. Сонда ғана болашақта бір ғана мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз» деді Қазақ көркемөнер академиясының академигі.

 

Қазақстанның Ресейдегі өкілетті елшісі қызметін атқарып отырған Иманғали Тасмағамбетов Үкімет басшылығында болғанда балабақшалардың барлығын қазақ тіліне аударуды ұсынған.

 

«Егемендігімізге, Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Қазір барлық жерде балабақшалар салынып жатыр. Неге соны қазақ тілінде ашпаймыз» деді Тасмағамбетов. 

Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет

Қатысты Мақалалар