Біраз бұрын Қазақстанға Алтайдан екі ауылдасым көшіп келді. Біреуі Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданына, екіншісі Талдықорғанның Көксу ауданына қоныстанды. Екеуі де екпінді жас жігіттер, бала-шағасы бар.
Бірақ, олармен хабарласа қалсам көші-қон туралы заң не болып жатыр деп сұрайды. Себебі, тұрақты тіркеуге тұра алмай жүр, ықтияр хат, азаматтық алып орнығайын десе, жергілікті әкімдік «заң шықпай жатыр» деп кері қайтарады. Жұмыс істей берейін десе құжаты жоқ, біреуі баласының паспортының уақыты бітіп бара жатқанын айтады. Келгелі жылға жуықтады. Бастары шарадай болып, мәңгіріп отыр.
Ал, Парламент көші-қон заңын «шалдың аузындағы сағыздай» созып, әлі мыжғылап жатыр. Азаматтық алуды бір жылға қысқартамыз деп, өтірік емексіткелі де екі жылға жуықтады. Ара-тұра, Дүйсенова, Қаржаубаев тағы басқалар «бөйткелі жатырмыз, сөйткелі жатырмыз» деп алдаусыратып қояды. Олар «өйтіп-бөйтіп» болғанша қолында құжаты жоқ ағайын омалып отыра ма? Ана сылтау, мына сылтаумен келген қазақтың жүйкесін, шыдамын таусып, келмеген қазақтың бетін қайтарып, әйетуір ұлттың берекесін қашырудың жымысқы тәсілін істеп-ақ жатыр. (Жағдайға қарай осылай ойлауға мәжбүр боласың.)
Егер, Президент тез қараңдар деп нақты тапсырма берсе, тулақша тартқылап жүрген заңды депутаттар бір аптада өзгертіп, дайын қылар еді. Бірақ, ондай тапсырма жаңа сайлауға түскелі жатқан Президенттен болмай тұр. «Бәсекелестерімен» болатын сайлауға қызу кірісіп, қолы тимей жатқан секілді. Мүмкін, сайлаудан кейін заңды өзгертіп, үміттеніп жүрген қандастардың көңіліне қуаныш сыйлар, олай болмаса келген қазақтың күні қиындай түседі...
Мұрат Алмасбекұлы, Facebook парақшасынан