Қазақстандағы билік партиясы саналатын "Нұр Отан" жыл соңына дейін елдің әр аймағында бес рет айтыс өткізбек деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
Байбектің сөзінше, "Нұр Отан" партиясы "жыршы-термешілерге, айтыс өнері мен ұлттық спорт түрлеріне ұдайы қамқорлық жасап келеді".
"Елбасы негізін қалап, көшбасшылық жасап келе жатқан "Нұр Отан" партиясының доктринасында да қамтылған басты құндылықтарымыздың бірі – отбасы мен дәстүр. Онда «қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз» екендігі нақты көрсетілген. Осыны ескере отырып, "Нұр Отан" партиясы жыршы-термешілерге, айтыс өнері мен ұлттық спорт түрлеріне ұдайы қамқорлық жасап келеді", - деді Байбек.
Сонымен қатар Байбек партияның айтысқа не себепті қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.
"Ежелден "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" деп, хан алдында дат айтып, еркін ойға ерік берген, баршаға бірдей теңдік берген елміз. Сондықтан ұлтымыздың осындай озық өнерін, ізгі дәстүрлерін жалғастыру бізді кемелдендіре түседі. Осыған орай партия Төрағасының бастамасымен қайта жаңғыруға кірісіп, екінші тынысы ашылып отырған саяси ұйымымыз айтысқа айрықша назар аударып отыр. Осы мақсатта біз партия қолдауымен жыл бойы жер-жерде аламан айтыстар ұйымдастыруды қолға алдық. Биылдың өзінде жыл соңына дейін бес айтыс өткіземіз. Баршаңызды алда өтетін осынау арқалы ақындардың сөз сайысына келіп, өрелі өнерімізді тамашалауға шақырамын", - деді Байбек.
Биліктегі "Нұр Отан" партиясы 1999 жылы сол кезедегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен "Отан" деген атпен құрылды. 2006 жылдың желтоқсанынан басап "Отан" партиясы "Нұр Отан" деп аталды. Партияны құрылған күннен бастап Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеген Нұрсұлтан Назарбаев басқарады.
Пікір қалдыру