ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов дүниеден өтті

/uploads/thumbnail/20250603130623290_big.webp

Өмірін ел игілігіне арнаған, жол саласының дамуына елеулі үлес қосқан азамат, абыройлы басшы, еңбекқор маман — Нұржан Сайлаубекұлы Жұмаділов бұл фәниден бақиға озды. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 4 маусым күні Астана қаласында өтеді.

Нұржан Сайлаубекұлы 1969 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылында дүниеге келді. Туған топырағына деген сүйіспеншілігі мен елге қызмет етсем деген асқақ арманы оны өмір жолына бастаған еді.

Өскемен құрылыс-жол институты мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін тәмамдаған соң, ол инженер-құрылысшы және экономика мамандықтарын игеріп, нағыз ел тірегіне айналды.

Асфальтпен астасқан адал еңбек

Еңбек жолын 1993 жылы жол шебері болып бастаған жас маманның бойындағы еңбекке деген жауапкершілік пен ұқыптылық оны бірден алға жетеледі. Жол бойындағы әрбір қиыршық тас пен төселген асфальтта оның қолтаңбасы қалды десе, артық емес.

Уақыт өте келе ол прораб, өндірістік-техникалық бөлім басшысы, кейін «Қазақавтожол» мекемесінде жол пайдалану учаскесінің жетекшісі болды. 2006 жылдан бастап жол сапасын бақылау мен қабылдау жүйесін басқарса, 2009 жылдан бастап облыстық деңгейдегі жол инфрақұрылымын дамыту ісіне араласты.

Қызметпен қатар – құрмет

Нұржан Сайлаубекұлы әр кезеңде қандай қызмет атқарса да, ұқыптылық пен әділеттілікті ту етіп, әріптестеріне үлгі бола білді. 2018–2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарды. Жол жөндеудің жаңа стандарттарын енгізіп, шалғай ауылдарға дейін жеткен сапалы жолдармен ел алғысына бөленді.

2021–2022 жылдары облыс әкімінің орынбасары болып, үлкен саясат пен стратегиялық шешімдердің бел ортасында жүрді. Ал соңғы қызметі – облыстық жол басқармасының басшысы ретінде, өзінің сүйікті саласына қайта оралып, бар күш-жігерін сала дамуына арнады.

Ізі қалған ізгі жан

Нұржан Сайлаубекұлы жол саласын тек кәсіби орта деп емес, өмірінің мәні, азаматтық парызы деп білді. Ол — өз ісіне адал, ұлт тағдырына бейжай қарамаған нағыз елжанды тұлға еді.

Енді оның жарқын бейнесі — әріптестерінің, достарының, қызметтестерінің және жол-көлік саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның жүрегінде мәңгілік сақталмақ.

Иманды болсын. Жатқан жеріңіз жарық, рухыңыз пейіште шалқысын, асыл азамат!

Қатысты Мақалалар