Айтыс дәстүрі: өткені, бүгіні мен келешегі

/uploads/thumbnail/20170708150857486_small.jpg

 

Айтыс өлеңдерінің әдебиет тарихынан алатын орны мен мәні ерекше. Өйткені, бұл жанр аса бай халық әдебиетінің ертеден-ақ өнімді де арналы жеке бір саласын құрап келді. Тіпті, ол бүгінгі өмірімізді бейнелеуге де елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан бұл жанрдың суырыпсалма (импровизация) дәстүріне қарым-қатынасы мен өзіндік табиғи белгі-сипаттарын, оның сан ғасырлар бойы даму ерекшеліктері мен бүгінгі айтысқа жалғасу жолдарын, айтыстағы шындықтың орны мен көркемдік мәселесін арнайы зерттеу қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының  басты міндеттерінің бірі болып саналады.

Айтыстың дәстүрі бізден басқа қырғыз, қарақалпақ, алтайлықтармен қатар түрік елінде де бар, дегенмен олардағы айтыс дәл біздегідей көлемдік, көркемдік биік деңгейге көтеріле қоймаған. Мұның халқымыздың ғасырлар бойғы кәсіп-тіршілігі мен салтына, әдет-ғұрпына  байланысты көрініс тапқаны ешбір дау туғызбайды. Сондықтан еліміздің рухани өмірімен ертеден біте қайнасып бірге жасап келе жатқан бұл қайталанбас өнер ұлттық мақтаныш ретінде бағалануға тиіс.

Қазақ айтыстарының ерекше жанр ретінде танылып, ел арасынан жиналуы, баспа бетінде жариялануы және зерттеу нысанына алуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Бұл ретте академик В.В.Радловтың «Жар-жар», «Жұмбақ», «Жанақ пен Түбек», «Ұлбике мен Күдері қожа», Шортанбай мен Орынбай», «Мәнек пен Опан қыз» айтыстарын, Ы.Алтынсарин мен Я.Лютштің хрестоматияларында «Жанақ пен бала», «Орынбай мен Қожа», «Болы-Толық пен Әзілкеш», Айдос пен Қарашаш», жыр тартыстарын атап өтуге болады. Мұнан өзге Т.Сейдалин мен С.Жантөриннің, Н.И.Гродековтың, А.В.Васиьевтің, М.Ивановтың т.б.  Ресейдің орталық қалаларындағы, Түркістан өлкесіндегі баспасөз беттерінде, сондай-ақ «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Қазақ», «Айқап» сияқты төл басылымдарда жиі жарияланып отырды. Сонымен қатар Қазан төңкерісіне дейін «Біржан мен Сара», «Айқын қыз бен Жарылқасын қожа», «Жүсіпбек пен Шөкей қыз» сынды айтыстар жеке жинақ ретінде Қазан қаласынан бірнеше рет қайталанып басылып келді.

Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарында осы жанрды жинау шараларына Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ш.Сарыбаев, І.Жансүгірұлы т.б. зиялы қауым өкілдері белсене араласып, жаппай басылым көруіне мұрындық болды. Аталған шаралар кейін де жалғасын тауып, жеке жинақтар ретінде  жарыққа шығып отырды. Бұған «Айтыс» топтамаларының 1942 (1-т.), 1965-1966 (1, 2, 3-т.), 1988 (1, 2-т.) жылдардағы томдары айғақты дәлел болады. Оған жекелеген халық ақындарының кітаптарындағы айтыстарды қосқанда, қанша мол мұраның кейінгі ұрпаққа қайта оралғанын аңғару қиын емес. Қазақтың айтыс өнерін ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап шет елдердегі қандастардың қолындағы жәдігерлер де толықтырып, халқымыздың осынау рухани құндылығын ұлықтауға, дамытуға атсалысқаны баршаға мәлім.

Қазақ айтысының суырыпсалмалық (импровизациялық) өнердің ерекше дамыған биік шыңы екендігін, оның ұлттық  сипаттарын дәлелдеу үшін жазылған зерттеулер ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жарияланып, Ресей, Еуропа ғалымдарын таңдандырып тастаған еді. Әсіресе, олар жұмбақ айтыстарды суырыпсалма өнердегі аса ірі құбылыс деп түсінді. Мұндай жыр сайысына түсу үшін айтыскердің бойында ақындық дарынмен қатар үлкен тапқырлық, білгірлік қасиеттер қалыптасуы керек. Айтыс кезінде жасырылатын жұмбақтың қаншалық терең болғанына қарамай, оның жауабын қолма-қол, табан астында жүйелі көркем тілмен қайтару айтыс ақындарының барлығына бұйыра бермейтін биік зердені қажет етті.

Жоғарыда айтылғандай, айтыс мәтіндерін жинау, сақтау, жүйелеу, жариялау, зерттеу үрдісі Кеңес кезеңінде ерекше қарқын алды. Себебі ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін айтысты ұлттық өнер ретінде қадірлеген, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен осы қасиетті дәстүрді жеткізуші, дамытушы  Жамбыл, Шашубай, Нартай, Кенен, Үмбетәлі, Саяділ сияқты ондаған ақындардың көзі тірі еді. Олар отызыншы жылдардағы ойранды жылдары да, ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы тұсында да  қолдарынан домбыраларын түсірмеді, отты жырлары арқылы үзіліп бара жатқан қарапайым жандардың келешекке деген үмітін жалғады. Өшіп бара жатқан өнерді қайта жандандырып, жадтарында сақталған айтыс мәтіндерін хатқа түсіртті. Осы жанашырлық әрекеттердің нәтижесінде Қазақстанның Ұлттық, Орталық ғылыми кітапханаларының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларында жүздеген жәдігерлер жинақталды.

Бүгінгі таңда аталған қорларда шығу төркіні үш ғасырды қамтыған бір жарым мыңнан астам айтыс пен олардың ішкі жанрлық түрлері, версиялары, нұсқалары сақталған. Бұны жүздеген жылдар бойы қалыптасып, шарықтай дамып, ұлттық мұраға айналған айтыстың оннан бір бөлшегі деп санауға болады. Себебі халқымыздың рухани құндылықтарға деген салғырт мінезі, қоғамның әр кезеңдеріндегі саяси-идеологиялық түйіткілдері олардың толық, сапалы түрде хатқа түсуіне, түпнұсқа негізінде жариялануына  кедергілер келтіріп отырды. Бірақ халқымыздың жадында «барға ­– қанағат», «қанағат қарын тойдырар», «ештен кеш жақсы» деген ұлағатты ұғымдар жатталып қалған. Осы саланы іргелі түрде зерделеген ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, Қазақстан мен дүниежүзінің өзге де елдеріндегі қандастарымызда сақталған мәтіндерден 20-25 том көлемінде «Айтыс» жинақтарын  жарыққа шығаруға мүмкіндіктер бар.

Бұл ретте Қытай елінде үлгі аларлық тәжірибелер аз емес. Мысалы, бұған тоқсаныншы жылдардың басында Шыңжаң өлкесінің әр қазақ ауданында ел арасынан жиналып, төрт кітаптан басылым көрген фольклорлық, авторлық ауыз әдебиетінің үлгілері айқын дәлел болады. Қазақстанда да рухани дүниелерге деген қызығушылық мемлекет тарапынан қолдау тауып, нәтижелі іс-шаралар жүргізіліп жатқаны белгілі. Атап айтқанда, 2004 жылдан бері Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлдамасы жүзеге асырылып, «Бабалар сөзі» сериясымен бір ғана фольклорлық туындылардан жүз том жинақ шығару жоспары қалыпты жұмыс істеу үстінде. Қазір осы сүбелі жобаның негізінде топтаманың тоқсан томы баспаға ұсынылып, оны 2013 жылы аяқтау міндеттелген. Сондықтан қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, «Айтыс» жинақтарының көптомдық топтамасын шығаруға тәжірибе де, қаржы көздері де жеткілікті деп есептеуге болады.

«Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып,  оның рухани өмірінен елеулі орын алып келген осы айтыс жанрының Қазан төңкерісіне дейін дәл қазіргідей мол жиналып, зерттелмегені жоғарыда ескертілді. Алайда, сол тұстың өзінде-ақ халық бойындағы сарқылмас суырыпсалмалық дәстүр мен айтыс өнерінің қоғамдық-әлеуметтік маңызын дұрыс бағалап, ол жөнінде алғаш ғылыми ұстамды пікір айтқан қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы-демократы ­– Шоқан Уәлиханов еді».

            Бұдан кейінгі кезеңдерде орыс оқымыстылары В.В.Радлов, А.В.Васиьев, Г.Н.Потанин, Н.Рычков, А.Янушкевич, П.Н.Распопов, сондай-ақ қазақтың төл ғалымдары А.Байтұрсынұлы, Х.Досмағамбедұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, С.Бегалин, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қасқабасов, М.Жармұхамедұлы т.б. қалам тартып, айтыстың жанрлық сипатын, синкреттік табығатын, көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты ашуға қол жеткізді. Әсіресе, профессор М.Жармұхамедұлы бұл салаға байланысты ұзақ жылдар іргелі зерттеулер жүргізіп, монографиялық еңбектер жазды. Ол айтыстың жанрлық сипатына байланысты бұрынғы-соңды зерттеулерді зерделей келіп, оны мынандай ішкі түрлерге жүйелейді:

            1) “Салт-әдет және мысал айтыстар”:  а) “Бәдік айтысы”, ә) “Жар-жар” үлгісіндегі айтыстар,    б) Қыз бен жігіт айтыстары, в) Қайымдасу және қағысулар, г) Мысал айтыс; 2) Ақындар айтысы: а) Дін айтысы, б) Жұмбақ айтысы, в) Жазба айтыс.

Айтыс –­ халықтың тұрмыс салтымен, этнографиялық болмысымен тығыз байланысты өрбіп отырғанмен, кейде қоғамдық санамен де астасып кететін өміршең жанр. Бұған бірнеше дәлелдер келтіруге болады. Біріншіден, қоғамның дамуына және сұраныстың болмауына байланысты жоғарыда көрсетілген айтыстың бірнеше түрлері қолданыстан шығып, ұмытыла бастағаны аңғарылады. Мәселен, бәдік айтысы әу баста төрт түлік малға келген ауру-індеттерге  байлданысты туып, бара-бара жастардың  ойын-сауық кезіндегі әзіл-қағыстарға ұласқан болса, кейінгі бір ғасыр аясында ауызға алынбай, ұмытыла бастаған. Ал үйлену салтына қатысты айтылатын жар-жар үлгісіндегі айтыстар да сипатын өзгертіп, келін түсіру кезінде жалпы тойшы қауым қосылып орындайтын қысқа жыр кейпіне түсіп қалғандығы белгілі.

Қайымдасу мен қысқа қағысу айтыстары да әдетте қыз бен жігіттің, болмаса жеңгесі мен қайнысының  бір-бірін дәріптеп мақтасуынан, яки әжуә-күлкі етіп тиісе қағысуынан басталады. Мұның көне үлгілерінде бастапқы екі жол екі жаққа бірдей бастан-аяқ өзгеріссіз қайталанады да, айтылар негізгі ой соңғы, шешуші тармақтарда ғана беріледі. Бұл ерекшелік қайымдасудың әуел баста түр-мазмұны жағынан тым қарапайым, жаңа талап жастарға құрастырып айтуға мейлінше жеңіл болғанын аңғартады.

Мысал айтыстардың негізі жеке авторларға тән болса да, айтушылары біртіндеп ұмытылған соң, халықтық туындыларға айналып кеткенін аңғару қиын емес. Тіпті, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында мысал айтыстарды  шығарушылары туралы мәліметтер де жиі ұшырасады. Көшпелі елдің тұрмыс-күйі мысал айтыстар арқылы сан-алуан тақырып маңында өрбіп отырады. Әдетте,  халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы төрт түлікпен өлшенетіні белгілі. Бұл тұрғыда жаны малының садағасы болған қазақ үшін басты жау – жыртқыштар. Адам мен қасқыр арасындағы айтыстың мол болатыны да сондықтан. Ер қанаты болған аттың иесімен сырласуы да ит-құстан кем түспейді. Барлық мысал айтыстардаң мазмұндық сипатына үңіле қарағанда, айтушының тұрмыс-тіршілігінің (кедей, жетім, жесір, қойшы, таз, т.б.) белгі-нышаны байқалып отырады. Осыған орай ақындар дәулеттілер мен билік иелеріне деген ішкі қыжылын, қарсылығын білдірудің құралы ретінде айтысты ұтымды пайдаланған.

Аталған мысалдарға қарағанда, “Салт-әдет және мысал айтыстарға” жататын жыр тартыстарының көпшілігі жастар арасында өтетіндігі, дәлірек айтқанда, келешекте ірі ақындар айтыстарында бақ сынайтын талапкерлердің өсу баспалдақтары, шыңдалу мектебі іспетті болған. Өкінішке орай бұл айтыс түрлерінің «Қыз бен жігіт айтысынан» өзгесі ұмытылып, бірнеше ұрпақтың жадынан шығып қалды. Сондықтан жанрдың осы түрлерін заман үрдісіне қарай  жаңғыртып, халыққа қайтару бүгінгі ғалымдар мен мәдениеттанушылардың азаматтық парызы болып қалма бермек.

Ақындар айтысының тарихына тереңірек көз жіберсек, бұл дәстүрлі өнер Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне қауіп төнген жоңғар шапқыншылығы кезеңінде ұзақ уақыт үзіліп қалғанымен, ХҮІІІ ғасырдың аяғында қайта жанданып, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дамудың шарықтау шегіне жеткенін көруге болады. Қазан төңкерісінен кейін де саябырсып, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей заман туғаны белгілі. Ұлы Отан соғысы жылдары халықты ынтымақ-бірлікке, отаншылдыққа шақырып, жігерлендіру мақсатында айтыс қайта ұйымдастырыла бастады. Бірақ оның мазмұндық сипаты өзгешеленіп, дәстүрлі  табиғатына өзгерістер енгізілді. 1943 жылдың тамыз айында Қарағанды қаласында өткен ақындар айтысы мемлекет идеологиясын насихаттап, еңбекшілердің жеңіске деген үмітін оятты. Кейін бұл үрдіс жазба айтыс түріне ауысып, республикалық баспасөз беттерінде жалғасын тауып жатты. Көтерілетін тақырыптар да  өкіметтің жоба-жоспарларына сәйкестендірілді. Мысалы, соғыстан кейінгі жылдары шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру, тыңды көтеру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Ауылдық, аудандық, облыстық айтыстардың жеңімпаздары 1961 жылы Алматыда бас қосып, аяғы республикалық деңгейдегі үлкен айтысқа ұласты. Кейінгі жылдары да аудандарда, облыстарда түрлі деңгейдегі айтыстар ұйымдастырылып отырғанмен, 1971 жылғы Жамбылдың туғанына 125 жыл толуына арналған жыр бәйгесінің орны ерекше болды. Бұл айтыста Қазақстанның түкпір-түпкірінен жиналған Әлімқұл Жамбылов, Шолпан Қыдырниязов, Бикен Сембаева, Жақсылық Сәтібеков, Қалихан Алтынбаев, Көпбай Омаров  сияқты ондаған ақындардың жыр бәсекесінен арыдан үзілмей келе жатқан суырыпсалма дәстүрдің озық үлгілерін көруге болады.

Сәл үзілістен кейін бұл дәстүр жалғасын тауып, ақындар айтысының  заманға сай мазмұны жетілдіріліп отырды. Жалпы қазақ ауыз әдебиетінің бүгінгі күнге жеткен бірден-бір өміршең жанры ретінде рухани өмірдің төрінен ойып орын алды. Алайда, оның да шешілмеген  түйіткіл мәселелері аз емес. Атап айтар болсақ, кейінгі кездері айтыста дін тақырыбы біршама көтеріліп жүргенмен, оның «Жұмбақ айтыс», «Жазба айтыс» секілді түрлері үзіліп қалды. Оған мынандай себептер бар: «Жұмбақ айтыстар – қазақ суырып салма өнерінің өзіндік ерекшеліктері басым, күрделі саласы. Жыр сайысының мұндай түрінде айтысу үшін айтыскерге – ақындық дарыннан өзге тапқырлық, ұшқыр да өрелі ой, сергек сана талап етіледі. Ақындардың қабілетіне байланысты айтыстың тағдыр-талайы бірден, табан астында шешіледі. Сондықтан да мұндай жауапкерлігі мол бәсеке – сынаққа кез-келген ақын араласа бермеген». Қазір де солай, ақындар мұндай айтыстың күрделі түріне дайын емес.

Ал жазба айтысқа келер болсақ, жанрдың бұл түрі ХХ ғасырдың басында айырықша белең алғаны белгілі. Екеуара хат арқылы айтысу – Қазақстанның бар аймағына қатысты сөз өнері. Алайда, бірнеше айтыскердің жыр жарысына топтаса араласуын Сыр бойының, Оңтүстік Қазақстан өңірінің, Қытай қазақтарының ақындарынан ғана көруге болады. Мысалы, “Алты ақынның өмір туралы айтысы”, “Кете Жүсіп, Жұбанияз, Құлназар”, “Кете Жүсіп, Тұрымбет жырау, Жиенбай жырау”, “Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нақып қожа» т.б. жазба айтыстар осы сөзге айғақ болары. Шығыстық ілімге жетік Сыр шайырлары айтыстарының түп қазығы дін мәселесі болып келеді. Кейде бұл айтыстар бірнеше жылдарға созылып, Тұрмағамбет, Керейіт Даңмұрын сынды абыройлы азаматтардың араласуымен ақындар татуласып отырған. Жоғарыда айтылғандай, айтыс барысында жұмбақтасып та кететін тұстары аз емес. Кейде хатпен басталған егестің аяғы бетпе-бет айтысқа ұласып жатады. Пікірдің дәлелдігі үшін талайды көркемдігімен таңдай қақтырған “Молда Мұса мен Манат қыз” айтысын атаса да болады.

Бүгінгі таңда «Жазба айтыс» дәстүрін қайта жалғастырудың мүмкіндігі мол. Оған арқау болатын тақырыптар да, ақындар да, дәнекер болатын басылымдар да жеткілікті, тек жастар жағынан бастамашыл, ұйымдастырушылық іс-әрекеттер керек сияқты.

Айтыс – синкреті өнер. Оның көпқырлылығын профессор  Ә.Қоңыратбаев былайша жүйелейді: “...ескі айтыс ақындарында импровизацияның төрт түрлі өнері бірлесіп, ол синкретизм аңғарында көрінген: 1) Олар асқан импровизатор болған, мұны сөз өнері дейміз; 2) Теңдесі жоқ күйші (домбыра, қобыз) болған, мұны музыкалық импровизация дейміз; 3) Олар ғажап орындаушы (солист, артист) болды; 4)  Заман, ел жайын терең толғайтын үлкен ойшыл, ұстаз болды. Бүгінгі ақындарда алдыңғы үш белгі өзінің өрнегін жоя бастаған. Ғалымның тұжырымында  бұл қасиеттер әр айтыскердің бойында өзара үндесіп, жымдасып жатуға тиісті.

Импровизаторлық дарын ақынға тумысынан берілетін табиғат сыйы болғанмен, маңайындағы айтыскерлерден үйренуге, талмай іздену арқылы айтысқа төселу – ақын үшін шыңдалу сатысы. “Бұл қасиет оңай орнамайды, ол шын ақпа ақын өнеріне бейім болған күннің өзінде де ұзақ сонар жол кешіп, сан сайыста сілкісе жүріп сан рет жаға жыртып, тон тоздырып барып келеді”, – дейді  М.Әуезов. Бұған айтыскердің тәлім алған ақындық мектебін де қосқан жөн сияқты. Себебі айтыс ақынының жоғарыда аталған қырларының қалыптасуы да тәлім алған ортасына, үлгі тұтқан ұстаздарына байланысты. Әсіресе, музыкалық  импровизация, орындаушылық шеберлік өзі шыққан өнер ошағымен тығыз байланысты болады.

Мысалы, Жетісу ақындарының, дәлірек айтқанда Сүйінбай, Бақтыбай, Кенен, Қалқа т.б. ақындардың шабыт шақырғанда ащы айқайға басуы, болмаса құлақ бұрауы  – сонау Қабан жыраудан бастау алған үрдіс. Немесе Сүйінбай, Құлмамбет, Майкөт, Жамбыл, Бөлтірік, Кенен сияқты ақындардың тыңдарманды өзіне тарту мақсатында айтыс алдында, тіпті ортасында жыр жырлап, ән шырқайтын, күй жарыстарына шығатын сан қилы дарынның иелері екендігі ел арасында аңыз, әңгіме болып қалған. Мұнан өзге айтыс арасындағы әзіл-қалжың, мимикалық қимыл-әрекеттер, домбыраның аяқпен, пышақтың жүзімен тарту секілді артистік өнердің түрлері аз болмаған.

Ара қашықтығы мыңдаған шақырым жырақта жатқан батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік өңірлеріндегі халық поэзиясының құрылысында, пішінінде, қолданылатын музыкалық сарындар мен орындалу машықтарында өзгешеліктер жоқ емес. Мұны  тарихи, генетикалық, психологиялық тұтастық, танымдық, географиялық жағдаяттарға байланыстырған жөн сияқты. Қазақтың тамыры талай тереңге сұғынып кеткен дәстүрлі ерекшеліктері бүгінге үзілмей келді. Бірақ қазіргі айтыстарда бұл дәстүр сақталмайтыны өкінішті. Айтыскерлердің  жаттамалы әуенге, әсіресе келсе де, келмесе де танымал ақындардың мақамына салып, ғасырлар бойы сақталып келген аймақтық мектептердің музыкалық дәстүріне немқұрайды қарауы қынжылтады. Бұл  – қазіргі айтыстың шешімін таппаған түйіткілді мәселелерінің бірі.

 Ақынның қарсыласын арнайы іздестіріп, мақсатты түрде айтысуға ниеттенуі, оның жеке басына, елі мен жеріне, тұлғалы азаматтарына байланысты кемшіліктерді айғақтайтын мәліметтерді жинақтауы, өзіне керекті өлең өлшемдерін  алдын  ала дайындауы секілді тәсілдер ерте кезеңідерде де қолданыста болған. Бұған ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін Біржанның Сараны, Әжектің Шәріпжамалды, Таңжарықтың Қойдымды, Кененнің Нұриланы әдейі іздеп келіп айтысқаны айқын дәлел. Осы көрсетілген айтыстардың тарихына қарағанда, белгілі ақынның өзін іздеп келе жатқанын естіп, қарсылас та мүмкіндігінше қам жасайтынын аңғаруға болады. Бірақ мұның бәрі болжам ғана, шындығында айтыс ауаны өзгеріп кетуі де әбден мүмкін. Жыр додасында жеңу, жеңілу ақындардың табиғи дарын-қабілетіне, импровизаторлық шеберлігіне, өмірден алған тәжірибесіне байланысты.

ХХ ғасырдың қырқыншы жылдарынан бергі айтыстарда қарсыластардың бір-бірімен алдын ала келісуі, айтыста күні бұрын дайындалған жаттамалы жазба мәтінді айту сияқты келеңсіз жайттар кездеседі. Оймызды дәлелдігі үшін профессор М.Дүйсеновтің мына дерегіне жүгінуге болады: «Соңғы жылдары өтіп жүрген ақындар айтысының біраз сырлары бізге мәлім-ді. Өткен Жамбыл мерекесіне (1971 жылғы – Т.Ә.) арналған ақындар айтысында біз сол өткен айтыстардағы  теріс әдіс, суырыпсалма ақындық өнерінің беделін түсіретін жасандылықты мүмкіндігінше қайталамауға күш салдық. Дегенмен, «ару қалса да, әдет қалмайды» дегендей бұрынғы әдет бел бере қойған жоқ. Айтысқысы келетін суырыпсалма ақындардың әуелі аяқ алысын байқау ниетімен, ұлы бәйге алдында болатын «жаяу жарысты» өткіздік. Ақындар алдын ала өлеңмен қақтығысып, шама-шарқын байқасқаны жөн еді. Ондай ақындар, әрине болды. Бірақ «айтысқа түсемін» деп ауылдан белін байлап шыққан кейбір ақындарымыз:

– Айтысатын әріптестерімізді көрсетіңіздер, біз алдын ала дайындала берейік, – дегенді айтты. Былай қарағанда мұнда ешқандай сөкеттік жоқ сияқты еді. Әр облыстан келген ақындар әріптесімен танысып, облыс жайын сұрасайын дегені болар, онысы жөн ғой деген ой болған. Жоқ біз қателесіппіз. Айтысатын екі ақын ертең жұрт алдына шыққанда қайсысы не айтады, не деп жауаптасады, соны күн ілгері жазып үлгірсе, жаттап та алмақ екен. Ол-ол ма, бір ақынымыз:

–  Менің айтыс өлеңімнің тексті дайын, – деп ескертті.

–  Қалайша? – дедік таң қалып, – Сіз кіммен айтысатыныңызды қайдан білдіңіз?

– Кіммен айтыссам да маған бәрі бір, – деді.

Біз жағамызды ұстадық. Табан астында суырыпсалып жыр шығарады деген ақынымыз, күн ілгері айтысын дайындап келсе, ондай айтыста қандай суырыпсалып айтушылық (импровизациялық) өнер бар?»

Біз бұдан қырық жыл бұрын өткен айтыс пен бүгінгі жыр бәйгелерінің арасындағы ерекшеліктерді, жаңашыл жетістіктерді білу мақсатында ғалымның ойын түгел жеткізуге тырыстық. Шындығында, осы уақытта не ұттық, неден олқы түстік? Біздіңше, екі жағы да бар.

Ұтқанымыз: халықтың басында қандай қиыншылық түспесін, суырыпсалмалық дәстүр жалғасын тауып, өркендеп дамып отырды. Бұған 1961, 1971, 1980, 1990, 1991  жылдары Алматыда өткен республикалық, халықаралық айтыстар айғақ болады. Бұдан кейінгі кезеңде ұйымдастырылған түрлі деңгейлердегі жыр бәйгелері бүгінгі көзі қарақты жанкүйерлердің жадында сақталып қалды деп ойлаймыз. Түрлі оқиғаларға толы соңғы бір ғасырдың аясында айтыскер ақындардың бірнеше буындары қалыптасып, ұлттық мәдениетке зор үлестерін қосқандығының куәсі боламыз. Кеңес кезеңіне дейінгі дарабоз дарындарды айтпағанның өзінде, ХХ ғасырдың әр кезеңдерінде қолынан домбырасын түсірмеген Жамбыл, Шашубай, Доскей, Нартай, Сәт, Нұрқан, Қайып, Көшен, Кенен, Саяділ, Үмбетәлі, Нұрлыбек, Манап, Шәкір, Әсімхан, Манап, Көкен, Көшеней, Насиха, Сара, Шолпан, Мағираш, Надежда сынды ондаған тарландар, кейін осы дәстүрді жалғаған Қатимолла, Ерік, Қонысбай, Баянғали, Жандарбек, Әселхан, Әсия, Жадыра, Айтақын, Шорабек, Есенқұл секілді ақиықтар айтыс туын биікке көтерді. Ал екі ғасырдың тоғысында бұл өнерге Қуаныш, Мэлс, Абаш, Нұрлан, Мұхаметжан, Оразәлі, Айбек, Бекарыс, Әбілқайыр, Аманжол, Алтынкүл, Айнұр, Ақмарал т.б. таланттар келді. Бүгінде айтыстың әліппесін үйреніп жүрген жас талаптардың саны да аз емес. Әр кезеңдерде осы өнердің үзілмеуіне ұйытқы болған, жанашырлық танытқан зиялы қауымның өкілдерін де ұмытпауға тиіспіз. Бұл ретте М.Әуезов, Е.Ысмайылов бастаған ғалымдардың, классик жазушылар Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мұстафинның, сексенінші жылдардан бері айтыс ұйымдастыруға тер тегіп жүрген ақын Ж.Ерманның, қоғам қайраткерлері Ө.Жәнібековтің, Н.Оразалиновтың есімдерін ерекше атап өткен орынды.

Қай дәуірде болмасын айтыстың ішкі мазмұны сол қоғамдағы халықтың  тұрмыс-тіршілігіне, саяси-әлеуметтік жағдайына, кемшіліктері мен жетістіктеріне байланысты өрбіп, көркемдігі жағынан биік белестерге көтерілді. Сөйтіп, әдебиет тарихында дәстүрлі сөз өнерінің жалғасы ретінда жазылып қалды және халқымызбен мәңгі бірге жасай беретініне ешкімнің де күмәні жоқ.

            Олқы түсетін тұсымыз: біріншіден, айтыстың мазмұндық жағына қанша көңіл бөлгенімізбен, оның жоғарыда аталған «Жар-жар»,  «Мысал айтыс»; «Дін айтыс», «Жұмбақ айтыс», «Жазба айтыс» секілді түрлерін қайта жандандырып, бүгінгі ұрпақттың санасына сіңіріп, келешекке аманаттауға селқостық танытуымызда. Екіншіден, қазіргі жыр тартыстарында қоғамдағы кемшіліктер, қылмыстық әрекеттер жалпылама айтылып, нақты тұлғаның, басшының, яки шенеуніктің кемшін, жат іс-әрекеттерін  айғақты дәлелдермен бетіне басу жағы жетіспейді. Жалтақтық бар. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген дала демократиясының қағидасын ұстанған Махамбет пен Шернияздың Баймағамбет сұлтанды, Шөженің Құнанбайды, Түбек, Сүйінбай, Бақтыбай ақындардың Тезек төрені,   Жамбылдың Мәңке болысты жүзбе-жүз сынға алу дәстүрі жалғасын табуға тиісті.

Үшіншіден, жоғарыда профессор М.Дүйсенов жазған айтыскерлердің  жаттанды әрекеттері де күн тәртібінен түскен жоқ. Сондықтан суырыпсалмалық ата дәстүрді бұзған ақындар тиісті жазасын алып, тіпті айтысқа қатысу құқынан ажыратылуға тиісті деп есептейміз. Төртіншіден, айтыстың жаңа, заманауи ережесін қабылдап, ақындардың айтыс кезіндегі уақыты шектелмеу керек. Бұл ретте кейінгі кездері «Хабар» арнасында ұйымдастырылған жас ақындар айтысының жүргізілу тәртібін үлгі етіп алуға болады. Бесіншіден, әр ауданда, облыста, тіпті ауылдарда айтыс мектептерін ұйымдастырып, онда айтыскерлік шеберлікпен қоса талапкерлерге этикалық нормаларды (әріпесті сыйлау, аталы сөзге тоқтау т.б.), аймақтық дәстүрді (жергілікті дәстерде домыра, қобыз, сырнай тарту, мақам, әуенге үйрену) сақтауға баулу керек.

Алтыншыдан, айтыстың талапқа сай өтіп,  ақындардың әділ бағалануы үшін қазылар құрамына тек тәжірибелі айтыс ақындары мен әдебиеттің осы саласын зерттеген ғалымдарды ғана кіргізген жөн. Олар айтыстың кезекті сатыларында ауыстырылып отырса, өнердің де, айтыскерлердің де  сапасы артатыны анық. Сонда ғана айтыстың ұлттық сипаты, дәстүрлі табиғаты сақталып, халықпен бірге мәңгі жасайды.

  Тоқтар Әлібек, М.О.Әуезов атындағы

   Әдебиет және өнер институты Қолжазба   бөлімінің меңгеруші, филология   ғылымдарының кандидаты  
 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар