Қазақ көшінің қамқоршысы Нұрсұлтан Назарбаевтың,
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың,
Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің,
ҚР бас прокуроры Жақып Асановтың назарына
Атажұртқа көшіп келе жатып, «Майқапшағай» шекара бекетінен өтер кезде бар ақшасынан айырылған Мәуітхан Гүлжанның басындағы қиын жағдай жалпы жұртқа аян. Оның Қазақстаннан үй аламын деп, Қытайдағы бүкіл капиталын айналдырған ақшасын шекарашылар тартып алған.
Шекарадан өткен екі кішкентай баламен қоса есептегенде жеті адамның қалтасында жалпы жиыны 59,900 АҚШ доллары болған. Яғни, Мәуітхан Гүлжанның өзінде - 19,700, бірге туған інісі Мәуітхан Мұқияттың қалтасында - 10,500, ұлы Мұқташұлы Әділбектің жанында - 9,900, жиені Сайлан Мейрамбектің қалтасында - 9,900, жиен келіні Гүлжанат Солтікеннің қалтасында 9,900 АҚШ доллары болған.
Оқиға ақпан айының басында орын алып, мәселе туралы наурыз айында ақпарат құралдары жазды. Қазақ тілді БАҚ өкілдерінің бәрінде дерліктей мәселе көтерілді.
Ертең, 10 сәуір күні Зайсан аудандық сотында «Майқапшағай» кедендік бекетінде 49 990 долларынан айырылып қалған қандасымыз, Гүлжан Мәуітханның ісі қайта қаралады. Бұл іске БАҚ өкілдері ғана емес, ел алдында жүрген танымал азаматтар да алаңдаушылық танытып отыр. Заңгер Абзал Құспан, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан, Саясаттанушы Ерлан Саиров жесір ананың тағдырына алаңдап, бірнеше пост жазды.
Шындығында, Мәуітхан Гүлжан жалалы хабардағыдай контробандамен айналысқан қылмысты емес. Ол – Елбасының ұлы саясаты арқасында Атажұртқа көшіп келе жатқан ана.
«Менің естуімше, соттың беталысы ол кісілерді кінәлі жасап, бүкіл тапқан-таянғанын тәркілеуге бет алып келе жатқан тәрізді. Прокуратура өкілдері де, шекара өкілдері де "іс-әрекеттің" дәлелденгенін уәж етіп, жесір ананы мүлдем қаржысыз қалдыруға "мығым" кірісіп отыр-міс. Ертеңгі күн, соттың шешімі, барлығымыздың ар-ұжданымызға сын. Мен, осы кісілердің біздің жақтың заңын білмегендіктен, бір қате жіберді дегенге де сенемін. Бірақ, осындай ауыр жағдайда сот, прокуратура өкілдері формальды "жіңішке" заң аясынан емес, гуманитарлық, адамгершілік тұрғысынан қарастыруды өтінемін. Елімізде территориялық, демографиялық даму үшін қандастарымыздың көші тоқтамау қажет. Бұл аксиома! Сондықтан, елім-жерім деп аңсап келген қандастарымызды осындай әрекетпен сыртқа тебу тарихта кешірілмейтін күнә! Осы тұрғыда, барлығымыз жабылып, осы мәселені оң шешуге ат салысуға шақырамын!
Бас прокуратураның басшысы Ж. Асанов мырзаға, Жоғары Сот төрағасы Қ. Мәми мырзаға осы мәселеге тікелей араласуын өтінемін. Кей кездері мораль заңдылығы, мемлекет заңымен теңдеседі. Осы жағдай, дәл сол кезең деп есептеймін! !». Бұл саясаттанушы Ерлан Саировтың бүгінгі жазбасы.
13 ақпанда Шығыс-Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті жариялаған материалдағы видеодан да көретініміздей шекарадан өтіп келе жатқан қандастардың үрей ішінде екені байқалады. Әрине, 60 мың доллар аз қаражат емес. Былтырғы жылы Алматы обылысындағы Ұзынағашта болған мал саудасымен айналысқандардың өлімі туралы ақпарат Қытай қазақтарын айтарлықтай үрейлендіріп тастаған. «Қаржысы мол кісілерді тонап кетеді, кісі өлтіруден тайынбайды» деген түсінік қалыптасып қалған. Сондықтан да көшіп келе жатқан кісілердің ақшасын аяқ киімге немесе басқа да кісі байқай қоймайтын жерлерге сақтауы қисынды.
Ал, жесір ананың ақшасын ғана алып қоймай, оған ақша контрабандасымен айналысты деп айып тағу біздің мемлекеттігімізге сын. Алматы облысындағы жағдай сияқты, Кеден бекетіндегі жағдай да шетелдегі қазақтардың Атамекенге келуіне айтарлықтай кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
Жақында ғана «Қамшы» поштасына төмендегідей хат келіп түсті. Құлжа қаласынан хат жолдаған Асылбек есімді азамат:
«Мен тарихи отаным Қазақстанға көшіп барғым келеді, Қытайдан Қазақ еліне кетуге толықтай дайындалып болдым, ата-анамның берген еншісін, ақ батасын алдым. Енді өз отанымда өмір сүргім келеді, бұл менің 8 жылдан бергі келе жатқан арманым.
Қазақ еліне келу үшін ата-анам берген еншімен қоса бүгінге дейін жинаға капиталым жиыны 870000 қытай ақшасы (40 миллион теңге) көлеміндегі қаржымды қалай Қазақ еліне алып өтуім керек?
Жақында ғана Қытайдан көшкен Қазақ анамыздың 50мың долларын Қазақ шекара қызметшілері тәркілеп алыпты деген ақпарат қытайдағы әлеуметтік желіні жаулады. Қытайда мен ғана емес Атажұртқа ниеттеніп теңін буып отырған қаншама қандастар бар. Олардың бәрі де қаражаяу емес. Бүгінге дейін тер төгіп тапқан азды-көпті қаржысын Атамекенге апарып кәдеге жаратпақ. «Өз ақшамызды шырғасын шығармай алып өте аламыз ба? Қазақ елінен өз нанымды тауып жей алам ба? ... Жоқ әлде Қазақ еліндегі шекара қызметкерлеріне «Көк тудың көрімдігі» деп берем бе?» деген сұрақ мені қатты мазалайды» депті. Біз бұл хатқа Қазақ елінің заңы әрқашан әділдіктің жағында екенін айтып жауап жаздық...
Иә, ертеңгі соттың шешімі жесір ана Мәуітхан Гүлжанның ғана емес, Атажұртқа көшеміз деп ат-көлігін сайлап отырған біраз қандастың тағдырын, тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы көш» саясатының да тағдырын шешпек...
Сондықтан тиісті құзырлы мекемелерден Қандастардың ауыр жағдайын, мүшкіл халын тыңдар құлақ табылып, құқықтық көмек береді, істің оң нәтижемен аяқталуына ықпал етеді деген сенімдеміз.
Нұрғали Нұртай