Латын әліпбиінің ыңғайлы нұсқасы қашан жасалады?

/uploads/thumbnail/20171010144941957_small.jpg

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында күн тәртібіне қойылған басты мәселе – мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі. Латын әліпбиінің бірыңғай стандартты жобасы Елбасының тапсырмасы бойынша, 2018 жылға дейін бекітілуі қажет. Осы мәселе төңірегінде еліміздің әр аймағында түрлі шаралар ұйымдастырылып, жан-жақты талқылаулар жүргізілуде. Сонымен қатар, латын әліпбиінің бірнеше жобасы ұсынылып, Парламент мәжілісінде таныстырылған нұсқа мен күні кеше ғана Елбасымызға таныстырылған екі нұсқа ел арасында қызу талқыға түсті.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі екі нұсқаны саралап, оларға қатысты түрлі мамандардың айтқан пікірлерін жинастырып, өзара салыстырып, сараптама жасап көрді. Нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.

Латын таңбасы Кирилл таңбасы
1 Aa Аа
2 Bb Бб
3 Cc Цц
4 Dd Дд
5 Ee Ее
6 Ff Фф
7 Gg Гг
8 Hh Хх/Һһ
9 Ii Іі / Ии
10 Jj Йй
11 Kk Кк
12 Ll Лл
13 Mm Мм
14 Nn Нн
15 Oo Оо
16 Pp Пп
17 Qq Ққ
18 Rr Рр
19 Ss Сс
20 Tt Тт
21 Uu Ұұ
22 Vv Вв
23 Ww Уу
24 Yy Ыы
25 Zz Зз

Біріншісі – 25 әріптен тұратын Парламенттегі тыңдалымда ұсынылған жоба. Бұл нұсқаның ұсынылғанына бір айдай уақыт өтті, сол бір айдың көлемінде латын әліпбиінің 25 әріпке негізделген жобасына қатысты жер-жерлерде түрлі пікірлер айтылып, халық арасында да, тіл мамандары арасында да талқыланды. Бұл әліпбидің негізгі артықшылығы – пернетақтада жұмыс істеуге ыңғайлы, латынның 25 әрпінен ғана тұрады. Мамандардың айтуынша, осы нұсқа таңдалған жағдайда қосымша бағдарлама жасау қажет емес. Алайда бұл нұсқаның да басты кемшілігі бар. Ол - диграфтар. Қоғамда қызу талқылау тудырған да осы диграф мәселесі.

Латынтаңбасы Дыбысталуы Транскрипциясы Мысалы
1 Ae / ае Әә [ ә] [æ] aelem
2 Oе / oе Өө [ ө] oerken
3 Ue / ue Үү [ ү] uekimet

Филология ғылымдарының докторы Фаузия Шәмсиқызы диграфтарға қатысты біршама мәселелерді ашып көрсеткен болатын. Атап айтар болсақ, «сөздердің буынға бөлінуі, диграф дыбыстардан басталатын сөздердің қайсы бас әріппен жазылады және де бұларды балаларға үйрету кезінде оларды шатастырып алмаймыз ба?» - деген сынды сұрақтар туындаған. Сонымен қатар клавиатураға негізделіп жасалған бұл нұсқаны пайдалана отырып қандай да бір мәтін жазатын болсақ оның көлемі 30%-ға дейін ұзарып кетеді. Ал мұны біз экономикалық жағынан тиімді деп айта алмаймыз.

Латын әліпбиінің бұл нұсқасын ақпараттық технологияда қолдану және компьютерде жұмыс істеу ыңғайлы болатындығы рас, алайда диграф мәселесіне бейжай қарай алмаймыз.

Қоғамда резонанс тудырған келесі нұсқа – «үтірица» нұсқасы. Күні кеше ғана Елбасыға таныстырылған бұл жобаның негізгі принципі – бір әріпке бір таңба. Жаңа нұсқадағы әріп саны 32. Алайда бұл нұсқада диграф мәселесінің орнын «үтір» мәселесі басып отыр.

Латын әліпбиі

Жоғарыда көрсетілгендей бұл «үтірица» нұсқасы бір көргенде ыңғайлы әрі кемшіліксіз әліпби ретінде көрінеді. Алайда, бұл әріптермен қандай да бір мәтін жазатын болсақ, шатасудың көкесі сонда басталатын секілді. Тілімізде үтір қойылатын жағдайлар өте көп, ал енді әріптерді жазғанда да үтір қойылатын болса, бұл қалай болмақ?

Латын әліпбиінің жаңа жобасына қатысты ғалымдар, білім саласының өкілдері оң көзқарас танытып, бұл нұсқа әлі де даму барысында деп айтып жатыр. Осыған қатысты Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы жаңадан ұсынылған нұсқа алдыңғыға қарағанда көш ілгері деп атап көрсетті.

«Біріншісі – латын қарпі, екіншісі – кирилл қарпі, ал үшіншісі – кириллдің негізінде жасалған қазіргі қолданыстағы қазақ қарпі. Мұны қоғам қай тұрғыдан қабылдайды екен? Жаңадан ұсынылған тың жоба қазақтың дыбыстық ерекшеліктеріне қарай ыңғайлы», - деп Дихан Қамзабекұлы пікір білдірсе, сарапшы Ләззәт Нұрқатова бұл жобаны өте ыңғайла әрі үйренуге жеңіл деп атады.

«Үтірі бар қаріп диграфтарға қарағанда тез жатталады және мәтінді жазуда ыңғайлы болады», - дейді.

Бұл – сарапшылардың пікірі.

Алайда қоғамның пікірі мүлде бөлек – «үтірица» нұсқасында жазылған мәтінді оқу және жазу барысында көп шатасулар болады. Аталмыш жоба жайында блогер Садық Шәрімбек: «Елбасына бүгінгі нұсқаны таныстырудың өзі ұят» - дейді.

«Осы нұсқамен қазақша екі сөйлем жазып көріңіздерші, клавиатура ауыстыра беріп қол ауырып кетеді. Технологияның иісі мұрындарына да бармайтын аға буын өкілдерінің латынның, ел технологиясының дамуына үлесі туралы сөз айту барып тұрған қып-қызыл абсурд дүние. Ақылға келіп, жастардың да пікірін тыңдап, санасуға шақырамын. Болашақ латын әліпбиінің иесі – жастар. Кеңесіп пішілген тон келте болмас. Сондықтан, аға буын бұл тілде тек сіздер сөйлеп, жазып жатқан жоқсыздар, өз-өздеріңізбен кеңесе бермей, осыны қолданар барша белсенді буынмен тең кеңескені дұрыс болар еді», - дейді блогер.

Садық Шәрімбектің аға буын деп тілге тиек етіп отырғаны – Кеңес Үкіметі кезінен бері қазақтың маңдайына біткен тілші ғалымдар. Ал ол кісілердің компьютер мен телефон клавиатураларын пайдаланып жаза бермейтіні рас. Келешек ұрпақ – технология дамыған заманда өсіп-өнетін есте тұтқан дұрыс секілді. Ал ұсынылған жаңа жобаның басты кемшілігі – оның «үтірица» нұсқасы болғандығы.

Көпшілік қоғам, әсіресе компьютерде көп жұмыс істейтін адамдардың пікірі блогердің пікірімен ұштасатындығы байқалады. Оңға бұрылсаң арба сынады, солға бұрылсаң өгіз өледінің кебін киіп отырғандаймыз. Таразының бір басында – қазақ тілінің ішкі заңдылықтары тұрса, бір басында – клавиатура, технология мәселесі тұр. Сол себепті де латын әліпбиіне көшу мәселесінде жүз ойланып, мың толғанып, халыққа, болашақ ұрпаққа ыңғайлы әрі оңай нұсқаны қарастырған жөн.

Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар