Алматыда латын әліпбиінің бірыңғай стандартына қатысты дөңгелек үстел өтті

/uploads/thumbnail/20171027152614051_small.jpg

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшудегі алғашқы, 1920 жылдардағы тәжірибесі қалай жүзеге асты деген мәселе ҚР Президент Архивінде өткен тарихи-құжат көрмесі мен дөңгелек үстелдің өзекті тақырыбына айналды.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Архиві Алматы қаласының Мәдениет және архивтер басқармасымен бірлесе отырып, «Латын графикасындағы мемлекеттік тіл әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу» тақырыбында дөңгелек үстел және тарихи-құжат көрмесін өткізді. Іс-шара ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің бірі - қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге арналған.

Тарихи-құжаттық көрмеде 1920 жылдардың аяғында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі кезіндегі құжаттар мен БАҚ-тағы хабарламалар қойылған. Жиынның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы Борис Жапаров ХХ ғасырдың басында латын әліпбиі күштеп енгізілгенін, ал бүгінгі таңда ол қазақ қоғамының өз таңдауы екенін айтты.

«Біздің архивімізде сақталған құжаттарды қарайтын болсақ, қазақ тілі 1929 жылдан бастап, араб графикасынан латын әріптеріне көшкен. 1940 жылы латын графикасынан кирилл әлібпиіне ауысты. Бұл екі жағдай да Қазақстан халқының өз таңдауы болған жоқ. Бұл жоғарыдан таңылған реформа еді. Ал, қазіргі уақытта қазақ халқы өзі таңдау жасап, латын әліпбиіне көшкелі отыр», - деді Борис Жапаров.

Борис Жапаровтың айтуынша, қазақ тілін 1940 жылы латыннан кирилл әлібпиіне көшіргеннен кейін де халық бертінге дейін латын әрпімен хат алмасып келген.

«Қазақ тілі латын әліпбиінен кириллге ауыстырылғаннан кейін де қолданыстан түскен жоқ. Оған дәлел ретінде бізде сақталған хаттарды айтуға болады. Мысалы, майданнан келген хаттар, жазушылардың жеке қорынан алынған қолжазбалары латын әліпбиінде жазылған»,  - деді Борис Жапаров. 

Жиында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева латын әліпбиіне көшкен жағдайдағы терминдердің игерілуі тақырыбында сөз қозғады.

«Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан «Ұлттық код» дегеніміз - тіл. Латын әліпбиіне ауысудағы мақсаттың бірі де сол қазақ тілін дұрыс сақтау мәселесінде. ХХ ғасырдың басында латын әліпбиіне ауысқаннан кейін, 1929 жылы емлені де өзгертуге қажеттілік туындаған. Осы кезде «Еңбекші қазақ» газеті емлеге қатысты ұсыныстар жіберу туралы хабарлама жариялаған болатын. Жалпы, ХХ ғасырдың басында қазақ тіліне шет тілден терминдер қабылдаған кезде бірнеше ұстаным болған. Бірінші, шет тілдің баламасы ретінде қазақ тілінің өз сөзін табу, екінші, егер қазақ тілінен табылмаған жағдайда түркі тілдерінен қарастыру, егер түркі тілдерінен табылмаған жағдайда, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендіре отырып, сол жат сөзді қабылдау қажет делінген. А.Байтұрсынұлы 1928 жылы «Сәбитке жауап» деген мақаласында: «Шет сөздердің тұрпатын орыстар өзгертіп алып отыр. Сондықтан, біз де сол орыс тілі секілді өзгертіп алуымыз қажет деген», - деп атап өтті ол.

Орынай Жұбаева қазақ тілінің ережесіне қатысты кемшіліктерімізді латын әліпбиіне көшу кезінде түгендеп алу қажет деген ой айтты.

«Латын әліпбиіне көшкенде жеке куәлігіміз өзгереді, ақшамызға дейін латын әрпінде жазылады. Осы орайды пайдаланып, ережелерімізді түгендеп алу қажет. Бұл орайда Алаш зиялыларының еңбектерін негізге алуымыз керек деп есептеймін»,  - деді ғалым.

Тарихи-құжаттық көрме мен дөңгелек үстелге тілші ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жоғарғы оқу орны студенттері қатысты.

Қатысты Мақалалар