Ұлттың сөзін сөйлеп жүрген бір радио болса, ол- «Шалқар» ұлттық арнасы екеніне ешкім дау айта алмайтын шығар. Редакциямызға аталмыш арнаның ұрансөзіне көңілі толмайтын оқырманымыздың хаты келіп түсті. «Қамшы»-еркін ақпарат алаңы. Сондықтан хатты оқырман назарына ұсынуды құп көрдік.
Жақында бір ағамыз Мұхамбеткәрім інім! «Шалқар» радиосын тыңдап жүрсің бе? Марта Олкоттың мына тұжырымына жауап беретін бір қазақ табылмады-ау деп ренжіп, менің қасымдағы бір топ адам болып өзіңізден үміт күтіп отырмыз деп, қоңырау шалды. Пікір алмастық. Ауыл ақсақалдарының ортақ тұжырымы төмендегідей болып шықты.
Шындығында да, Қазақстанның «Шалқар» радиосын қоссаң болды күнде естітініміз: «Қазақтарға осынау ұлан-ғайыр жерді қорғап тұру оңайға соқпады. Сондықтан бір Алаштың баласымыз деген ой-тұжырым тамаша идея болды. Себебі, осы идея қазақтардың басын қосты» (профессор Марта Олкотт, ағылшын ғалымы).
Ағылшын ғалымының осы пікірін Қазақстанның «Шалқар» радиосы барлық радио хабарларының «Әлқиссасы» етіп алған. Оны қайталамай бірде-бір хабарын таратпайды.
Профессор ханымның бұл тұжырымынан ауыл ағаларының да, менің де түсінгенім: Өздерінің қайдан шыққанын, яғни рулық шежіресін білмейтін, әр жердегі ормандар да шашырап, адам болуға жақындап жүрген көптеген әртүрлі маймылдар (горилла, орангутанг, шимпанзе, мартышка т.б.) бір күні жиналып алып, «біз неге осы бөлініп, бір-бірімізбен жерге таласып, үнемі соғыса береміз, келіңіздер одан да бәріміз бір Алаштың баласымыз деген ой-тұжырымға тоқтайық»,- деп, осы тамаша идеяны басшылыққа алыпты. Осы идея қазақтардың басын қосыпты.
Иә, бүгінгі адамзаттың атасы маймыл деген (Дарвин ілімі) қағиданы басшылыққа алған Европа білімінің Қазақ, Алаш және Алты Алаш жайлы түсінігінің шыққан шыңы осы. Күлерсің бе, жыларсың ба?
Ғалым деп әспеттеліп жүрген, профессор ханымның Адам баласының Адам ата мен Ауа анадан тарайтынына, сол аталарымызды балалары әке дегенін, ал сол әкелердің балалары әкесінің әкесін Ата деп, ал оның ұрпақтары немере, шөбере, шөпшек т.т. деп аталып, алдындағы аталардың барлығын Ада (Ата), Адам (Атам, Атам менің, немесе менің Атам) деп аталып келе жатқанын түсінуге де санасы (ақылы мен білімі) жетпеген.
Сол замандарда, тура қазіргідей «азаматтық неке де» ғұмыр кешіп жатқандар мен бір әйелдің бірнеше еркекпен және ер адам мен ер адамның, әйел мен әйелдің бірге тұратындары сияқты екінші бір топ пайда болып, олар некесіз бей-берекет еркін өмір сүруге көшкен. Олардың қоғамдарында жетекшілік рөлді әйелдер атқарды. Балалары атасы түгілі, әкелерін де білмейтін. Тек аналарын білетін. Ол тарихта «матриархат» заманы деп аталған. Кейіннен бұлай бей-берекет некесіз қарым қатынастың зиянды екеніне көздері жеткеннен кейін, олардың арасынан да қайтадан ерлер мен әйелдердің жұптасып өмір сүруі жайыла бастады. Олар жұптасып ғұмыр кешушілерді өз қажеттіліктеріне жарамсыз деп тауып, өз қатарларынан шығарып тастап отырды, яғни «браковать» етті. Сол замандардан бері көптеген Европа халқы және солардың жолын ұстанған мына солтүстіктегі көршіміз де некені «брак» деп атап келеді. Демек, олардың бәрінің неке жайлы түсінігі осындай. Европа құрылығы атауы түбірінің Ева (әйел) болатыны осыдан.
Өздеріңіз көріп отырғандай, олардың мұнысы Марта Олкотт ханымның айтқанындай «маймылдан некесіз туған адамдар (ақыл-есі түзу, дені сау әйел баласы маймылмен некеге отырушы ма еді?)» бір күні ұйқыдан ояна сала «О, тамаша» осы уақытқа дейін қалайша білмегенмін, мен әкем мен шешемнен туылған екенмін-ау және менің Алаш деген атам болған екен ғой деген идеяға келгені болып шығады емес пе? Демек, Европалық тарих ғылымының деңгейі мына барыстарымен Азиялық (қазақтың) тарих ғылымының деңгейлеріне ешқашан көтеріле алмайды.
Біздің тарихи еңбектеріміздің бәрі әлі сол ежелгі сарында орыс айтты, ағылшын айтты, қытай айтты, арап айтты, парсы т.т. айтты деумен келеді. Тура бір Қазақтың таңы соларсыз атпаған сияқты. Ағылшындық Марта Олкоттың мына сөзін ұлттық радиомыздың өз хабарларына «Әлқисса» етіп алуы осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.
Қазақ халқының тарихы жөнінде біршама көп жазылды: деп жазады Мұхамеджан Тынышбаев «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» атты кітабында, алайда, олар әр түрлі деректерден қазақтар жөнінде, оны әрқилы кездерде әртүрлі түркі-монғол тайпалары келіп қосылған негізгі тайпа деп ұғынып, тек «қазақ» деген сөзді ғана іздестірді. Бірақ сол орайда ешкім де қазіргі қазақ руларының қайсысы бұрынғы «қазақтардың» үрім-бұтағы болып табылады деген мәселені анықтау керектігін білмеді және айналысқан да жоқ. Қазақтардың қазіргі ру құрамын талдай отырып, жеке рулардың әрбір руының шежіресін алдын-ала білмей, сондай-ақ, оның қай кездерде кімдермен араласқанын анықтап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес.
Қазіргі бүткіл дүние жүзі халықтары тарихында қолданыста жүрген Арий халқы, Арийшілер (Арабтар, Парсылар, Алмандар, яғни атау түбірінде «Ар» сөзі бар, өздерін Арыстармыз (Арийлерміз) деп атайтын халықтардың бәрі) дегеніміз қазақтың Ар, Арыс деген сөзінен шыққан. Мағынасы арын (Ар-иман, Атамекен, Отбасын) қорғай білетін Арлы ұл, текті ұрпақ болып табылады. «Арыстай ұл мен қыз берсін» (Бата).
Бүгінгі Қазақ халқының біресе Қазан (Қаз Манның атасы), біресе Қазар (Қазақ Ардың атасы), біресе Қазақ (Қазақ Ақиқаттың (шындықтың) атасы және тағы бір мағынасы Қазақ әлем елдерінің ағасы) атанып жүргенінің сыры осы. Еске ұста! Ақиқат пен Ағаның сөз түбірі (өз түбі, атасы) «Ақ» болатыны осыдан.
Қазақтардың қазіргі үш жүз аталып жүрген үш баласының аттарының Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп, Адайдың сегіз немересін сегіз арыс Адай деп қойылуы да осыдан шыққан. Сан мыңдаған жылдардан бері қандай ма қиын жағдайлар болып «мың өліп, мың тірілсе де» қазақтың ошағының отын өшірмей келе жатқан осы үш арыс, сегіз арыс аталған қазақтың арлы ұлдары болып табылады.
Сонда қазақтың «батыр» деген сөзінің баламасы ретінде қолданылатын «ер» деген сөзіміз «ар» сөзінен кейін дүниеге келген. Әрине, солай. Ер болуың үшін қорғайтын арың болуы тиісті емес пе? Арыңды қорғай білгенің үшін де сені «ер-азамат», «батыр» деп әспеттейді емес пе? Бұл сөз бүгінгі таңда «эр», «сэр», «хэр», «герр» болып бүкіл әлем елдерінде қолданыста жүр. Бәрініңде мағынасы бірдей, бастауын қазақтың «ер, азамат» деген сөзінен алады.
Бұған қазақтың сандық жүйесі де толықтай куәлік ете алады. Әйтпесе, Ар сөзі 1-21, Ер сөзі 7-21 сандық (реттік) жүйесін құрап, «Ар» сөзі «Ер»-ден бұрын тұрмас еді.
Антрополог-ғалым, академик О.Исмағұлов біздің жыл санауымыздан екі мың жыл, тіпті одан да арғы замандарда қазіргі Қазақ жерінде, Каспий мен Қаратеңіз далаларында қазіргі қазақ аталып жүрген ру, тайпалардың ата-бабаларының өмір кешкендерін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп шыққанын жариялады.
Қазіргі бүкіл әлем, оның ішінде қазақ ғалымдары мен тарихшыларының басты қателігі бүгінгі таңдағы 105, ертеректе алты тақта араб және басқалары қазақ халқының құрамында болған кезде 125 таңбалы біртұтас қазақты (әр таңбалы ата, ру, ел кезінде бір-бір ұлы қағанатты құраған) бөліп-бөліп, жеке-жеке зерттеулері болып табылады. Бүгінгі таңда түркі елдері аталып жүрген 49 мемлекетте, тіпті басқалары да осы бағытпен кете берсек, шындықтың түбіне тіпті де жете алмаймыз. «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп ата-бабаларымыз айтқандай шыққан тегімізді ұмытып бөлектенген сайын шындықтың ауылынан алыстай беретін боламыз.
«Шалқар» радиосына Олкотт ханымның сөзінің орнына Базар жыраудың «Атасы алыс болғанмен, Жамиғи қазақ бір туған» деген жыр жолдарымен немесе елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Ру шежіресін білу – сахара төсінде көшіп-қонған қазақтар үшін өмірлік қажеттілік. Қазақ халқының ру-тайпалық, жүздік-қауымдастық біртұтас бітімі ғасырлар бойы «бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы» деген ұстаным бойынша өсіп-өркендеп отырған» деген тұжырымымен ауыстыруды ұсынамын.
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім