Студент кезім. Жазғы демалыс. Наурызбике апам келді. Бәріміз қуанып қалдық. Апам шәй үстінде әке-шешеме сапарының мәнісін айтты. Ұлына қыз қарай келіпті. «Өзімнің сіңлілерімнің бірін алсам ба деп отырмын...» — деді күліп, — кімнің үйінде қыз бар?». Апам — өте беделді адам. Жөн-жосықтың бәрін біледі. Бір нәрсе ұнамай қалса, айқай салатыны тағы бар. Содан ба, түскен жұртындағы келін-кепшіктің бәрі одан ығып тұрады. Той-томалақ жасарда міндетті түрде алдынан өтеді. Құдалықта ең жақсы кәде апамның алдына қойылады. «Өзгелерге простой мата беріп жатқанда, маған қымбат жағалы киім салыпты. Мен ондайға аса мән бермеймін ғой. Жарайды, көңілдері шығар...» — деген кезде келіндері көздеріндегі күлкіні «қайда тығарларын» білмей жанталасады. Себебі дәл сол жағалы киім басқаға кетсе, қандай айқай болатынын біледі ғой...
Бір қызығы, апам келіндерін өзі таңдайды. Бұл үйдің ұлдары да көп қарсыласпай шешелерінің дегеніне көне кетеді. «Біреуге ғашық едім...», «Анау еді, мынау еді...» деген әңгіме болмайды. Асса, екі күн арақ ішеді де, үшінші күні үйленетін болып шыға келеді. Түскен келін де айтқанға жүріп, айдағанға көнеді. Біраз жылдан соң дәл апам сияқты билік айтып, берекелі бәйбішеге айналып шыға келеді. Өз жұртында осылай түкірігі жерге түспей тұрған апамның төркіндегі «аптаритеті» обкомның бірінші хатшысының беделінен бір де кем емес-тін. Жұрттың бәрі жапатармағай күтеді. Барған үйдегі келіннің шәй құюы, қас-қабағы бәрі-бәрі сынға түседі. Бірдеңе ұнамай қалса, кілт ете қалады. Сондықтан, жұрттың бәрі аяғының ұшымен жүреді. Апам мақтаса — бедел, ал оған ұнамаған әйелдің күнін Құдай ешкімнің басына бермесін. Кемі байынан бір таяқ жеп құтылады... ...Әлқисса, сол апам келіп отыр. Өзара ақылдасқаннан кейін Кеулімжай ағамның үйіне баратын боп келісілді. Ағамның бойжетіп отырған бірнеше қызы бар-тын... Бірнеше сағаттан соң апам қайтып келді. Қатты ашулы. Бұрқылдап жүр. «Өй, көргенсіз. Өй, әдірем қалғыр. Алмаймын қызын... Күлгені несі-ай, ә?! Бір жерім ашық тұр ма екен менің...». Іле-шала өкпелерін қолына алып, Кеулімжай ағам мен Базар жеңешем жетті. Ақталып, бірдеңе айтып жатыр. Апам тыңдайтын емес... ...Мәселе былай болыпты. Әкем мен апам барғанда үй иелері қатты қуаныпты. Бір қозы сойып, қазанды «аттандырған». Қызы бар үй қонақтың неге келгенін шамалайды ғой... Жеңешем дастарханды жайнатып тастап, шәйін әдемілеп берген. Әрине, қыздар да кіріп-шығып, шешесіне көмектесіп жүреді. Бір кезде дәрет алмақ боп сыртқа шыққан апам «адасып», қыздардың бөлмесіне кіріп кетеді ғой. Хал-жағдай сұрасыпты. Апам бөлмеден шыға бергенде қыздар ду күледі. Апама емес, бірі-біріне «Саған келді, саған келді» дегендері ғой. Соны естіп қалған апам шалқасынан түседі. «Мына албастылардың күлгені несі- әй, а? Алмаймын қызыңды...». Құдды біреу қызымды алшы деп жалынып тұрған сияқты. Ең болмаса, құдалық туралы әңгіме де басталмаған ғой... «Апооу, бір ашуыңды бер, енді. Қайтейін, бұл қаншықтар солай ғой...» — дейді Базар жеңешем қипақтап. Апам көнер емес: «Алмаймын қызыңды...». Кеулімжай ағам көп сөйлемейтін біртоға кісі еді, жарықтық. Бір-ақ кесті: «Апа, қызымды ал демеймін, бірақ дастарханымды аттама. Қонақасыңды жеп кет...». ...Одан бері де қаншама жылдар өтті. Жиен де үйленді, қарындастарымыз да құтты орнын тапты. Тек әлгі әңгіме ғана қалды. «Сонда тым қатты кетіппін, әй. Шіркін, екеуі де кең еді ғой. Қыз деп еркелеткені де, әйтпесе, мен кімнің шікірәсі едім...» — деп күледі апам осы күні. ...Беу, қазақтың ауылы, төркіндеп келген қызды хан қызындай күтіп, бар еркелігін көтеретін ғажап дәстүрің бар еді ғой сенің. «Қыз ғой, қыз болғасын айтады да...» — дейтін шешем апаларым кейде «шаңдатып» кеткеннен кейін көз жасын бір сығып алған соң күрт жадырап. Рулас қарындас түгілі кейде өз қызыңның еркелігін көтере алмай шырт ете қалатын біздің түріміз мынау...
Бауыржан Бабажанұлы
(фейсбуктегі парақшасынан)