15 жыл бұрын 2002 жылы 23-ші қазанда Шешенстанның бір топ сепаратисті "Норд-Ост" мюзиклі қойылып жатқанда театрға баса көктеп кіріп, 800 адамды тұтқынға алды. Содырлардың мақсаты Шешенстаннан федералды әскерді шығаруды талап ету еді.
Үш күннен кейін Ресей билігі содырлармен келіссөз жүргізіп бір мәмілеге келе алмағандықтан әскерге театрға кіру туралы бұйрық берілді. Алдымен құбыр арқылы залға ұйықтататын газ жіберілді. Оның құрамында не болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Себебі газбен уланып көз жұмғандар да болды. Сонымен қатар, адамдарды эвакуациялаудың нашар ұйымдастырылуы мен медициналық көмектің сапасыздығы салдарынан 130 адам көз жұмды.
Қазақстандық Светлана Губаревада тұтқындардың арасында болды. Ол тірі қалды, алайда қызы мен америкалық жігітінен айырылды.
BBC журналисі қазақстандық Светлана Губаревамен сұхбаттасты.
—Театрға мен, қызым және америкалық жігітім үшеуіміз келдік. Жан-жағыма қарасам әскери киім киген бір топ адам келе жатыр екен. Алда ер адамдар оның артында әйелдер келе жатты. Әйелдер тоқтады да ер адамдардан қалып қойды. Оң жағыма қарасам дәл сол көрініс. Бастапқы кезде қойылымда солай болу керек деп ойладым. Содырлар сахнаға шығып бізді тұтқынға алғанын айтқанның өзінде сенгім келмеді. Адамдардың реакциясы әртүрлі болды.
Бірі қатты қорықса, енді бірі есеңгіреп қалды. Қызым үшін барлығы кинодағыдай көрінгендіктен одан қорқынышты көрмедім.
Содырлар адамдарға қажетті затты бір біріне қол жалғап беріп отырды. Ешқайсысы орындарынан қозғалмады. Содырлар барлығын алдын ала ұйымдастырғанымен халықтың тамақтанатынын, дәретханаға шығатынын мүлде ескермеген секілді.
Содырлар дәмханадағы барлық затты алып келді де бір жерге үйіп қойды. Бізді сол тәттілер мен сусындармен тамақтандырды. Бір уақытта сусын бітіп қалды. Залдың іші ыстық еді. Адамдар қатты шөлдей бастады. Содырлар радио тыңдап жаңалықтармен танысып отырды. Жаңалықтарда қан суша ағып жатқанын және театр мәйітке толғанын айтып жатты. Сол уақытта Бараев «Көрдіңдер ме өтірік ақпаратты қалай жеткізетінін. Қай жерден мәйіт пен қан көріп отырсыңдар?!» деді. Радиода айтылған жаңалықтарға байланысты олар да өзгеріп отырды. Жалған ақпарат таратса олар қаталдана түсті. Жалпы содырлардың ішінде елге жақсы қарым-қатынас жасағандары да, қатігездері де болды. Олардың арасында 15 жастағы жеткіншекте жүрді. Одан айналадағы болып жатқанның барлығы қызық әрі таңсық көрініп тұрғаны айқын білініп тұрды.
Би-би-си: Осы оқиғаның салдары әлі де сезіле ме?
Әрине. Мен остеопатқа қаралдым. Дәрігер нағыз соғыс қайнап тұрған жерлерде болған. Ол еңбек қызметін госпиталь басшысы қызметімен аяқтаған. Сол дәрігер бейбіт заманда өмір сүріп жатқан адамның бұлшық еттері мен буындары химиялық шабуылданғандай күйде болғанына қатты таңқалды.
Мені бір ауруханадан екіншісіне ауыстыра берді. Дәрігерлер маған «дені сау» деп жазып беруге қорықты. Олар ондай жауапкершілікті арқалағысы келмеді.
Мені ауруханадан шығарғанда әпкем бас дәрігердің кабинетінің жанында күтіп тұрған. Сол уақытта медбике менің диагнозымды білу үшін бас дәрігердің кабинетіне кірген. Әпкем дәрігердің «Егер нағыз диагнозын жазатын болсақ бізді түрмеге отырғызады» деген сөзін естіген. Сол уақытта диагноздың өтірік жазылғаны туралы қауесет тараған. Мен ауруханадан шықтым. Емді жалғастыру үшін ауруым туралы ақпарат маңызды екені анық. Мен жеке медициналық кітапшамды сұрадым, бірақ маған оны бермеді. Өзімді нашар сезінгендіктен маған томограмма жасады. Менің инсульт алғаным анықталды. Газ мидың бөлшектеріне әсер еткен де соның салдарынан инсульт болған.
Құтқару операциясын жақсылап ұйымдастыру керек еді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бірнеше миллион халқы бар қалаға мың адам деген не?! Көлдегі бір тамшы секілді. Бізді улаған екен сапалы медициналық көмек көрсетуді қолға алу керек еді. Өкінішке қарай, ондай медициналық көмекті көрмедік. Адамдарды қалай тасымалдағанын айтудың өзі қорқынышты. Зардап шеккен адамдарды апаратын нақты ауруханалары жоқ. 80-дей жедел жәрдем көлігі тұрды, бірақ оларды пайдаланған да жоқ. Адамдардың барлығын автобусқа отырғызды. Онда тек мәскеулік автобустар ғана емес, шет аудандардан алып келінген автобустарда болды. Олардың жүргізушілері ауруханалардың қай жерде орналасқанын білмейді, нақты қай ауруханаға апару қажет екенінен хабарсыз болды.
27-сі күні радиодан Сашаның көз жұмғанын естідім. Оның қайтыс болғаны 26-сы сағат 10-да белгілі болған. Оны неліктен бір күн өткеннен кейін ғана хабарлағаны түсініксіз. Ал Сэндидің қайтыс болғанын АҚШ елшілігінен білдім. Сэнди залда тұтқында отырғанда қолына «Дебра, мен сені жақсы көремін» деп жазды. Сэндидің бірінші некедегі әйелінен Дебра есімді қызы бар еді.
Сашаның қалай қайтыс болғанын білгім келді. Немцов ұйымдастырған тексеру жұмыстары нәтижесінде, комиссия мүшесі, дәрігер әйел автобустарға адамдарда толғанша отырғызған. Соның салдарынан бір қызды жаншып кеткен. Осыны естігеннен кейін сол қыз Саша емес пе екен деген ой мазалады.
Біраз уақыт өткеннен кейін газетте 12 адамға арналған көлікке 32 тұтқынды кіргізгені туралы мақала шықты. Үйіндінің ең астында менің қызым жатты. Сол көлікте журналистер мен әскери адамдар да болды.
Елестетіп көріңіздерші, автобус тұр. Менің қызымды алып келді де жерге лақтыра салды. Одан кейін екіншісін, үшіншісін солай лақтырып жатты. Ешқайсысы қызымды сол үйіндіден алып шығу туралы ойламады да. Мен ол адамдарды танымаймын. Сол көлік жүргізушісін, әскери адамдардың тегін білмеймін. Бірақ оларды жек көремін. Олар менің жауларым.
Ал Сэндиге ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. Сашаны дәрігерлер құтқарып алмақшы болған, бірақ оның жүрегі тоқтап қалды. Ал Сэндиге мүлде көмек көрсетілмеді. Осыдан кейін «қолымыздан келгенін барлығын жасадық» деп қалай айтты екен?
Менің ойымша, 15 жыл өткеннен кейін осы мәселе қайта көтеріліп жатқаны жақсы. Себебі қайтыс болғандарды еске алу арқылы біреудің өмірін сақтап қалуға болады. Мен мұны нақты білемін.
2006 жылы достарымның көмегімен сайт жасадым. Бірнеше уақыт өткеннен кейін шешен қызынан хат келді. Ол бірінші лагерде болса, мен екінші лагерде болдым. Ол үшін Бараев қаһарман болды. Сол уақытта қоғам екіге бөлінді. Бірі Бараевты қаһарман десе, енді бірі үшін ол қанішер еді. Қыз Бараев туралы ақпаратты іздегенде сайтты көргенін жазды. Осыдан кейін Бараев қаһарман емес екенін түсінді. Бұл сайт менің қызым туралы естелік, сол шешен қызына көмектескен ғой.
2006 жылы АҚШ-тан келгеннен кейін достарыма театрда көз жұмғандардың құрметіне кітап шығару туралы ойымды айтқанда олар мұны салқын қабылдаған еді. Алайда мені қолдағандар табылды. 2011 жылы кітап жарық көрді. Ол «Біз өлмейміз» деп аталады. Кітаптың атауын ұзақ ойландық. Көз жұмғандардың арасында Даша Фролова деген 13 жастағы қыз бар. Ол қолына «Біз өлмейміз, тек ешқашан соғыс болмасын» деп жазған еді. Дашаның осы сөйлемі кітаптың атауы болып бекітілді.
Көз жұмғандардың ішінде тек орыс тілділер ғана емес шетелдіктер болғандықтан кітап екі тілде шықты, яғни кітап екі бөлімнен тұрады. Бірі орыс тілінде, екіншісі ағылшынша жазылған. Әрине кітапта қате кетуі мүмкін, бірақ кітапта көз жұмғандар рухы мен естеліктері мәңгі қалады.