Смағұл Елубай. Бір дорба асық(әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170708160606885_small.jpg

Әңгіме Поезд «Отар» станциясынан өтісімен-ақ Шонай шалдан маза кете бастады. Оны -мұнысын қоржынына салып, шапанын иығына іліп, терезе алдына келіп, шоқша сақалын умаждап шоқиып отырып алды. Алматының төбесі әні-міне көрінетіндей - ақ арық мойнын алға созып қарай береді. Жолсерігі — Айымжан дейтін қыз бала. Елдегі Ұлман ақсақалдың Алматыда оқитын қызы. Бетінен иман нұры төгілген бір әдепті бала екен өзі. Әйтеуір, жолшыбай Шөкеңді шайдан тарықтырған жоқ. Қазір жоғарғы текшеде поезд ырғағына тербеліп кітап оқып жатыр. Шонай имеңдеген ұзын бойлы, ірі сүйекті, өңкиген қара шал. Үстіне киетін шапаны да ұзын. Оның белін орамалмен буып алады. Көршілес қарақалпақ, өзбек, түрікпен шалдарынан үйренген әдеті. Шонайдың туған жері Үстірт үсті болғанымен, ес біліп, етек жапқан жері Қарақалпақтың Шоманай, Қоңырат аудандары. Қазір де сол елден келеді. Бағыты — Алматы. Сонда адам болған ұлы туралы. Сағынып келе жатқаны бірақ ол емес. Анау Едіге дейтін жеті жасар немересі. Сол жаманы алдан қол бұлғап тұрғандай, тынышы кетіп, мойнын созып терезеге қарай береді. «Әй, күшік - ай» дейді немересінің кейбір сүйкімді қылықтарын еске алып. Жазға салым бұл елге жүрейін деп жатса, «Ата!» деп балпылдап, жанқалтасына әлденені тыққыштап жатыр. «Әй, бұның не?» десе, немересі: «Бұл қалта! Ауылдан асық алып кел!» дейді. Екі беті томпиып, ерні салбырап кетіпті. «Әй, күшік - ай...» Шонай алты ай жаз Қоңырат, Хожелі, Шоманай, Нөкістегі ағайын, жекжаттарды аралап қонақасы жеген сайын, асығын әлгі немересі беріп жіберген кішкентай қалтаға сала берді. Ол қалта жаз аяғына таман толған. Қазір қоржын түбінде жатыр. Қалта толы асықты қолына ұстата салғанда, немересінің төбесі көкке бір-ақ жетері сөзсіз. Жол жақын қалған сайын поездың жүрісі өнер емес. Шонай қарт Алматыдағы жалғыз ұлы Тоқтасынның қолында тұра бастағалы көп болған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын қылтамақтан кемпірі қайтты да, Қоңыраттағы қаңыраған төрт бөлмелі үйде Шонайдың соқа басы сопайып жалғыз қалды. «Тоқсан бес көрем деген жасым ба еді, быламық ішем деген асым ба еді» дегендей, сөйтіп бір қиын күн туды басына. Ұлы мен келіні (кемпірінің қырқы өтпей жатып-ақ) бұны сонау қияндағы Алматыға көшіріп әкетеміз деп қиғылықты салғаны... «Көрмеген жер — көрістан». Алматыға алда-жалда кешем - ау деген ой болып па екен Шонайда. Табандап отырып алды. «Оу, қара орман елден шығып, қартайғанда қайда қаңғымақ? Марқұм Рәуіш екеуі тірнектеп жүріп жинаған мал-мүлкін, даңғыраған қара шаңырағын қайда тастамақ?» Қалай үгіттесе де көнбеді. Тапжылмады. Тек, ұлы мен келіні кішкентай Едігені қолынан жетектеп ауылдан алып шыға бергенде ғана сыр білдірді. Көзіне жас айналып, шаңырағының ортаға түскенін сонда байқады. Жаман немені кемпірі екеуі ес білгелі бауырына басып өсіріп еді. Қозғалып жүре берген поезд бейне бұның жүрек етін жұлып әкетіп бара жатқандай көз жасы сақалын жуып еді сонда. Үш күн ұдай жастығын құшақтап төсегінен тұрмады. «Ел іші — алтын бесік» деген, Шонайдың қапаланып жатқанын біліп, көрші-қолаң, жақын-жуықтың аяғы үзілмей, біреуі шайын қайнатып, біреуі пешін жағып, біреуі үйін сыпырып, қарасып жатты. Бір үйде қазан көтерілсе, қонаққа алдымен Шонай шақырылды. Бірақ қанша айтқанмен өз от басының қаңғыр - күңгіріне не жетсін. Шонай кемпірін (Рәуіш алпыс үш жасында қайтқан еді), көзінің қарашығындай Едігені ойлай-ойлай іш құстап, күйі төмендеуге айналды. Қатар -құрбыларының: «Қой, кемпір ал, ең болмаса суыңды. жылытып, шайынды қайнатып беретін біреу керек қой. Енді қанша ойлағанмен, Рәуіш қайтып келмес. Тірі тірлігін істеген абзал», — деп кеу-кеулегеніне құлақ асып отырғанмен, оңаша қалғанда ойлайтыны — марқұм Рәуіш. Рәуіштен кейін қалып, бүйтіп қартайғанда жалғыздық көрем - ау деп ойламаған екен ешқашан. Бір үйдің шаруасын бас қосқалы дөңгелентіп келе жатқан Рәуіш бүйтіп ерте кетеді деп кім ойлаған. Уә, бұл жазмышқа не дауа. Сөйтіп жүріп Шонай сырқатқа ұшырады. Басының қаны таситынды шығарды. Бір күні сұп-суық үйінде төсегінен тұра беріп, мұрттай ұшып құлап та қалды. Жалғыздың халы мүшкіл екенін сонда ұқты. Ұқты да шошыды. Қолындағы жалғыз аты мен бұзаулы сиыры, бес-он қойы көздері жаудырап қараусыз қалды. Алдан қылышын сүйретіп қыс та келе жатыр еді. Көршілері телеграммамен дереу Алматыдағы ұлын шақыртты. Тоқтасын келгесін үйді, малды, мүлікті көрші-қолаңға көтере саттырды. Тоқталсын ырғап-жырғап бұның дүниесін бұлдап сатуға көнбеді. Уақыты тар. Содан Шонай көрмеген жері Алматыдан бір-ақ шықты. Үйлері бесінші қабатта. Түсіп – шығуы - ақ мұң. Ермегі — Едіге... Ертеден кешке дейін сонымен сөйлеседі. Бұл ертегі айтудан жалықпайды. Анау тың алудан жалықпайды. Ұлы да, келіні де қызметте. Таңертең ала көлеңкеде кеткеннен, қас қарая үйде бастары бір-ақ қосылады. Лажы бітіп, ішінен тынғаны болмаса, Шонай үшін мына өмір еркіңмен кірген түрмеден сәл-ақ артық. Қыс, одан соң шылқыған сулы көктем өтіп күн жалтырап, жер құрғағанға шейін әрең шыдады да, майдың ортасына таман алды-артына қарамай елге тартты. Шонайды елі бейне айдаудан қайтқан жандай дүрлігіп қарсы алды. Құрдастары құшақтасып көрісіп, кемпірлер жағы көздерін сулады. Қолдан-қолға тигізбей қонаққа шақырып, жаз бойы Шонайдың жамбасын жерге тигізбеді... Күн кешке таянғанда, поезд Алматының шетіне де ілікті. — Жеттік пе, қызым?! — деп қояды Шонай көңілденіп. Айымжан көзі мөлт етіп төмен қарап күледі. Өзіне Құдай ажарды аямай берген келісті бала. Жолшыбай өзін талай жігіт төңіректеп, қылжақтап мазасын да алды. Бірақ солардың біріне де езу тартпады - ау, езу тартпады. Шонай ішінен осындай қыз тәрбиелеген Ұлманға риза болып отыр. Вокзалдан екеуі таксиге отырды да, екінші Алматыға бет алды. Шокең шофердің қолына бір қағазды ұстатты. — Бұл не, ақсақал? — деді такси жігіт. — Адрес, — деді Шонай. Шокең ел аралап қыдырып жүргенде Алматыдан телеграмма келген. Ұлы мен келіні үйді шуы аздау тыныш бір ауданға айырбастаймыз ба деп жүрген. Шамасы, сол жобалары іске асса керек, ұлы: «Көке, үйді айырбастадық» деп жаңа адресті жазып жіберіпті. Әлгі шофердің қолына ұстатқаны сол телеграмма еді. Шокең көңілді. Көшеден портфелін сүйретіп өткен бала көрінсе, шұқшиып қарай қалады. Әлгі биыл мектепке баруға тиіс жаман немесі Едіге жүргендей солардың ішінде. «Қанша оқымысты боп кетсең де, асықты ұмыта қоймаған шығарсың әлі». — Қызым, жатақханаңа жатарда барсаң да жарамай ма?! Үйге түсіп, шай-су ішіп кет! Асықпа! — деп жолсерігіне мезірет жасады. Қайтсын, еңбегі сіңді. Өзі бір болайын деп тұрған бала екен. — Рақмет, ата, кеш түсіп кетті ғой? — деп қыз бала ұяла қарсыласып келеді. Әлде, Тоқтасынның шәкірті болғасын, үйге кіруге жасқана ма, белгісіз. Тоқтасын да қызық. Бұрнағы жылы осы баланың бағасын қойып бермей, біраз қинапты. Жерлесім деп сүйеудің орнына, «жөндеп оқысын» деп күнші бола қалыпты. «Оу, өзі Алматыға жылына бір келіп сырттан оқиды екен, өзі қыз бала екен, сонда оның қай жерінен білім шықпақ?» деп, бұл сұмдықты естігенде, Шөкең күйіп-пісті. Содан көрші ауылда тұратын қыздың әкесі Ұлман шал Шонайға хабар салып, Шонай Алматыға телефон соғып, баласына ұрсып қызық болған. «Атасы басқа демесең, көз көріп жүрген адам ғой, қойып бер бағасын!» деп зіркілдеген елді «ұмытып» кеткен ұлына. Сол жақсылықты мына қаршадай бала әлі ұмытпаған екен. Үш күн ұдай жол бойы елпілдеп қызмет етті Шонайға. «Ой, айналайын-ай, бағы ашылған бала екен өзі». — Келдік, — деді шофер, қаланың батыс қанатын ала кірпіштей тізілген көп үйлердің бірінің алдына тоқтап. Шонай қыз балаға тағы қолқа салды. — Ал қалқам, түс! Үйге келіп тұрып іргеден қайтпа енді! — деп шын қиылды. Маңдайы жарқыраған қыз бала әдемі жіңішке қасы шытынап: — Жоқ, ата! Мен осы машинамен жатақханама барып қалайын! Рақмет, — деп азар да безер болды. Қыз баланың үйге кірмегені Тоқтасыннан шығар деп ойлады шал. Әйтпесе, үш күн ұдай тұз - дәмдес болған жақсы жолсерігінің бұл үйге бір бас сұғып кететін реті бар еді. Шөкең машина кеткен соң белін жазып, қара көлеңке аулада қалқиып сәл тұрды. Есік алдында тізіліп отырған өзі тәрізді кәрі-құртаң. Шулап жүрген балалар. Шонайға солардың бәрі бейтаныс. Едіге көрінбес пе екен деп қараңғыға үңіліп кеп қарады. Көре алмады. «Әй, күшік! Күшік, қайда жүр екен өзі!» Шөкең қоржынын көтеріп иығына салып, есік алдында отырған орыс кемпірлерге жақындады: — Шонаев іздес! — деді. — Нешінші квартира? — деді шеткі кемпір, татар екен. — Қырық жеті. — Кемпір жоғары қарап, үшінші қабаттағы балконды көрсетті. — Анау үй. Шөкең ұзын бойы имең-имең етіп баспалдақпен жоғары көтеріліп келеді. Бұрынғысы кірпіш үй тәрізді еді, мынау тас үй ме, қалай. Қырық жетінші пәтерге де жетті. Әлдеқайдан шіңгірлеп құлағына бала үні келгендей болды. Едігесі жүгіріп кеп мойнына асылғандай жүрегі дүрс-дүрс соқты. Есік ашық екен. Табалдырықты аттай беріп, қоржынын тас еденге сылқ еткізіп тастай салды. — Едіге - е! — Бұл кім? — деген Тоқтасынның үні естілді төр бөлмеден. — А. Біз... — Оу, көке! — шашы удар-дудар, үстінде халаты, Тоқтасын көрінді. — Ау, Едіге қайда? — деп Шонай қоржынын ақтарып, асық толы қалтаны іздеп жатты. — Үйлерің құтты болсын. Сәл биіктеу екен. — Едіге жоқ боп тұр үйде... жоғары шық! — Әй, олар қайда жүр? Келін қайда? — Қазір... жоғары шық... Едіге шешесінің қасында... — Баласы желкесін қасып кекеш болып, ішіне бір сырды бүккендей қипақтайды. Шалдың әлгінде есік алдында өрекпіген көңілі бұл кезде су сепкендей басылған. Ат жақты, әжім айқыштаған қарасұр өңі түнере қалыпты. Төргі үйге анықтаңқырап қараса, мынау небары бір бөлмелі үй тәрізді. Шөкеңнің жүрегі су ете түсті. Иегіндегі айдалада ұмыт қалған шөмеледей шоқша сақалын сығымдап ойланып қалды. Өзі тәрізді ұзын, бірақ әлжуаздау қара баласы қоржынды сүйреп, ас үйге беттей берген еді. Кәрі жүрегі бір жаманатты сезіп, қалтырап барады. Тұла бойына да бір қалтырау енгендей. Галошын шешіп, темекі иістенген жалғыз бөлменің ортасына таман барып сорайып тұр. Шалдың үлкен көзі аларып, үй ішіне шошына қарағыштайды. Бөлмеде жалғыз кереует, жалғыз столдан өзге көзге ілер мүлік жоқтың қасы. Шетте, текшеде біраз кітап көрінеді. Ас үй жақтан шәйнек сылдырлады. Шөкең тізе бүкпестен солай бұрылды. — Әй, иттің асыраған төлі! Мына үйді жау шапқан ба? Қыбыжықтамай, хабарыңды айт, тез! — деп ақырды. Тоқтасын удар-дудар бұйра шашын тағы бір сипап, өткір кезі жылт етіп әкесіне бұрылды. Беті бүлк етпестен бұның жанынан өте беріп темекі тұтатты да, түтін сорып жан шақырып алған соң, имеңдеп келіп орындыққа отырды. Шал бағжиып одан кез алмай тұр. — Көке! Өзің көріп тұрсың ғой, несін сұрайсың! — Нені көріп тұрмын мен? Атаңның басын көріп тұрмын, иттің төлі! Сөздің ашығын айт, келін қайда, бала қайда? — деп тағы ақырды шал. — Өй, ақырын, көке, көршілерді шошытарсың! — деді баласы қабақ шытып. — Сөздің ашығы... ажырасып кеткенбіз... — Ажырасқаны қалай? — Өй, көке, ол ұзақ жыр. — Едіге қайда? Иттің тапқан төлі! Ажырасып қана емес, атысып неге кетпеңдер! Бала қайда? — Көзі жарқ етіп, Шөкең баласының жанына жұдырығын білеп жетіп барды. — Алып қалған... Есі кіргенше шешеден айырмайды баланы. Заң солай, — деп Тоқтасын шалдың екпінінен сескеніп қисая берді. — Мә, заң! — Шөкеңнің ашумен сілтеген жұдырығы Тоқтасынның құлақ шекесіне сарт етті. Тоқтасын құлағын сипалап, бөлмені айнала қашты. — Доңыз! Қартайғанда көрсетпек әуселең осы ма еді?! — Шөкең жөндеп бір ұрайын деп ұмтылса, Тоқтасын бұлқып ұстатар емес. Ентігіп, ақыры шал тоқтады. Басындағы жапырайған ескі қалпағын, үстіндегі қызғылт жібек шапанын шешіп, кереует басына ілді. — Едігені тап!.. Әйтпесе, сенімен әңгіме басқа болады! — деп ентігіп, тізе бүкті кереует жиегіне. Тоқтасын сөніп қалған шылымын қайта тұтатты. — Көке - ау, таппақ тұрмақ, маңына жолатпайды. — Әй, иттің төлі! — деп көзі шақшиып шаңқ етті Шонай. — Заңыңды қалтаңа салып қой әрі! Едігені тап, әңгіме сол... — Өзі былай тұрсын. Едігенің басқан ізін де көрсетпеймін деп ант ішіп отыр ол... Әлгі шешесі. — Маған да көрсетпей ме? — Көрсетпейді. — Соншама... ол не қылған Құдайдан безген жан? Қой әрі! Ашуланса, саған ашуланған шығар. Мені мен Едігеде не шаруасы бар?! Ертіп бар мені!.. — Болмайды, көке. Босқа тілі тиеді... Сыйламайды... — Әй, иттің төлі, сонда өстіп қу тіземізді құшып, айдың - күннің аманында баладан айрылып отыра береміз бе? «Атам келеді» деп екі көзі төрт болып күтіп отырғаны қайда Едігенің? Айттым ғой, ажырасып қана қоймай, атысып кетсеңдер де, мені Едігеден, Едігені менен айыра алмассыңдар. Шал сөзінің соңын жұтып, қалтасынан орамал алып, көзін сүртті. Тоқтасын безірейіп темекісін сорғылап отыр. — Сүттей ұйып отырған үй емес пе едің, бұл не көрінді сендерге, айдың - күннің аманында өз ұяларыңды өздерің бұзып? — Ол ұзақ жыр дедім ғой, көке. — Сені адам болды деп қолыңа келіп жүрген мен де ақымақ екенмін. Сені арқа көріп жүрген артындағы ел де ақымақ екен... — деп күрсінді шал. Шөкең содан шапанын жамылып, теріс қарап жатып алды. Тоқтасын қайнатқан шайдан да татып алған жоқ. Басының қаны тасып, ыстығы көтеріліп, Тоқтасын түн ортасында үйге дәрігер шақырды. Укол салғаннан кейін ғана Шөкеңнің аздап жаны тыншыды. Содан сәске түсте бір-ақ оянды. Онда да көлденең бір тықырдан оянып кеткен еді. Көзін ашса, бөлме іші самала жарық. Тоқтасын әлдеқашан тұрып, қызметіне кетіп қалған сияқты. Төсек - орны жинаулы жатыр. — Ку-кук! — деген үн шықты есік жақтан. Жіңішке, әйел үні. «Мынау несі?» деп шал шошып кетіп, төсектен басын көтерді. — Ку-кук! — деп тағы сұңқ етті дауыс. Иесі көрінбейді. — Бұл қайсың?! — шалдың үні қатқыл шықты. Сым киіп, сыптай болған бір бейтаныс қыз бала есік жақтан бой көрсетті. Иығында — дорбасы. Кекілі маңдайына түскен, үріп ауызға салғандай, әдеміше қыз бала аузы ашылып, Шонайға қарап қалыпты. — Аман ба, балам! Төрлет! — деді Шөкең шапанын иығына жамылып жатып. — Сәлеметсіз бе? — деді қыз бала дауысы сыңғыр етіп, бет ұшы лып қызарып. — Тоқтасын... үйде... жоқ па? — Қызметінде болар... — Извините... Сау болыңыз! — деп қыз бала есікке жалт берді. Бейне бұл ұстап алатындай зып беріп шыға жөнелді. Шөкең түкке түсінбей аңырып отырып қалған. «Бұнысы несі, Жасаған Ием. Ұялып тұра қашқаны несі?» Шалдың ойы сан саққа жүгірді. «Әлде сабақ жөнінен Тоқтасынды іздеген студент пе, әлде нәлет, мына баласы құрымаған, ажыраспай жатып үйленудің қамына кіріскені ме?» Бейтаныс қыздың бұл бей сау келісін қалай жорырын білмей, Шөкеңнің басы қатты. Есіне кешегі өзімен бірге елден келген жібектей есілген қыз бала Айымжан түсті. «Қатынсырап бара жатса, сол қыз қолайлы ғой. Мынауың жаратылған аттай борбайы сорайып қатын болып жарытар дейсің бе?» Ұлы түсте келді. — Сені сұрап түрік пеннің текесінде ұзын борбай бір қыз келіп кетті, — деді шал. — Е... — дей салды Тоқтасын, өңі немқұрайды. Алжапқышын беліне байлап, жеңін түріп, ас үйге қарай өте берді. — О не қылған бала? — деді шал тамағын кенеп. — Студентім ғой... бір шаруамен келген ғой... Тоқтасын ас үйді түтіндетіп жүріп бір нәрсе шыжғырып жатыр. Ас үстінде шал: — Сонымен, сен жөніңді айтшы, ажырасқанның түр-түрі болады деп естуші едік. Сенікі қай ажырасу? Орнына қайта келетін ажырасу ма әлде ат құйрығын кесіскен ажырасу ма? — деді. — Түбегейлі... сот арқылы. Бұл сонымен біткен шаруа... Шөкең ләм - мимсіз отырып қалды. Тоқтасын әкесінің тұңғыш рет шарасыз, жетімсіреген халін көріп аяды. Бірақ не істейді. Бұл үй болмайын деген жоқ... Келіншегінің мінезі тым солақай, алған бетінен қайтпайтын қатал болып шықты. Оның үстіне, бұл да жастықтың шалығымен шалқимын деп шалқасынан түскені бар. Құрысын, неде болса өтті-кетті. «Құтырғаннан — құтылған». — Кеше пойызда Ұлман шалдың осында оқитын қызымен бірге келдік. Өзі бір мың болған бала екен, — деді Шонай біраздан соң. Тоқтасын үндемеді. Сіреңке қара өңі сазарған күйі сазарып отыр. Басы ауырып қалған Шөкең шайдан молырақ ішті. Түс қайта кілттің біреуін Шөкеңнің қолына ұстатты да, Тоқтасын қызметіне кетті. Шөкең қоржынды шешіп, асық қалтаны алып, мол бешпентінің төс қалтасына салды да, есікті бекітіп, көшеге шықты. Ақшасын төлесе, такси жарықтық сұраған жеріне алып баратынын біледі. Көшенің арғы бетінде такси аялдамасы бар еді, Шөкең тізіліп тұрған таксилерге жақындап, алғы шептегі біреуінің есігін ашты. — Қайда? — деді такси есінеп. — Қазақ мектебіне алып баршы, балам! — Қазақ мектебі жалғыз емес, ата, бұл қалада. — Бірінші класты оқытатын қазақ мектебіне. — Ымм, — деп ойланып қалды шофер. — Отырыңыз! Ұлы келінінің жаңа адресін айтқан жоқ. Сондықтан Шөкең немересін мектептен тауып алам деп ойлады. Қаланы екі айналып шығып, бір мектептің алдына келіп тоқтады бұлар. — Сегіз сом, — деді шофер. «Еңбегі бар ғой» деп, Шөкең он сом тастады. Мезгіл кіші бесін кезі. Мектеп ауласы доп қуалап оңды-солды жүйткіп жүрген өңшең қара домалақ балаларға толы. Шөкең солардың қалың ортасында сопайып тұр. Кейбір тәмпіш мұрындар: «Сәлеметсіз бе, ата!» — деп күліп өтеді жанынан. Шөкең мәз болып: «Саламат бол, қалқам!» — деп, сәлем бергендеріне айналып кеп шұқшия қарайды. Әлгінің Едіге емес екеніне көзі жеткеннен кейін: — Әй, балам, тоқта! Осында бірінші класта оқитын балалар бар ма? — дейді. — Бар, — дейді қайрылып тоқтай қалған бала. — Шонаев Едігені білесің бе? — деп Шөкең ұзын бойы екі бүктетіліп еңкейе түседі. Бала бас шайқап, жүгірген балаларға еріп жылыстап тайып тұрады. Шөкеңді бірінші класқа ересектеу бір қыз бала ертіп апарды. Беу, айналайын-ай, бұны қолынан жетектеп келеді. Сабақ басталғалы жатыр екен. Мұғалім бір егделеу, самайына ақ түскен әйел кісі екен: — Ондай бала бізде болған емес, атасы! — деп байсалды жауап берді. — Ал балам, ендеше, бұл маңда басқа қазақ мектебі бар ма? — Бар. Осы Киров көшесінің бойында, атасы. Алыс емес. Шөкең көшедегі жұрттан сұрай-сұрай ол мектепті де тапты. Бірінші класс дегеніңнің көкесі сонда екен. — Балаңыз «А»-да ма, «Б»-да ма, бұ жерде «В», «Г», «Д» дейтін кластар да бар? — Қалқам-ау, осы биыл біріншіге баратын еді балам. Пәмилесі Шонаев қой. Өзі Едіге дейтін екі ұрты салбыраған, нағашысына тартып кеткен томпақ сары бала, — деп сайрай жөнеледі Шөкең. Сабағы басталып, асығып тұрған мұғалім келесі класқа сілтеп жібереді. Келесі класта да әлгіндей сұрақ-жауап қайталанады. Кейбір кластарға Шөкең баса-көктеп кіріп те барды. Сабақтан жалығып отырған өңшең жыпырлаған майда балалар, алғаш шапанын сүйретіп кіріп келген ұзын бойлы ақсақалға таң қалып қараса, лезде «Ата!», «Шопан ата!», «Сәлеметсіз бе!» деп қоралы қозы-лақтай жамырап шулап қоя береді. Шөкең мұғалімді ұмытып, балалармен болып кетеді. Бірақ Едігесі мұнан да табылмайды. Қаладағы қазақ мектебінің аздығы немересін іздеген Шөкеңе әбден ыңғайлы болды. Ерегіссе, кешке дейін-ақ солардың бәрін адақтап шығатын түрі бар. Шөкең тағы да таксиге қол көтерді. Кешке дейін Ленин проспектісінің бойындағы және Байзақов пен Ғабдуллин көшелерінің қиылысқан жеріндегі қазақ мектептеріне барды. Шонаев Едіге екеуінде де оқымайтын болып шықты. Үйге титықтап кеш оралды. Күні бойы бұның не бітіргенін баласы сұраған да жоқ. Бұл айтқан да жоқ. Бірақ шаршаған кісі ашуланшақ болады ғой. Баласын жаман көзімен атып, басы жастыққа тигенше ұрсып шықты. Әйтеуір, такси жарықтық пұлын төлесең зырлап тұр. Ертесінде кешегі жазып алған адреспен бірінші Алматыдан бір-ақ шықты. Теміржолшыларға қарасты қазақ мектебі екен. «Шонаев Едігені» іздеген шал ол мектепті де бір дүрліктірді. Енді Шөкең бас сұқпаған жалғыз-ақ мектеп қалды. Ол мектеп өзі жаңадан ашылған, алтыншы микроаудан дейтін жерде көрінеді. «Жарайды. Оны да көрейік». Шөкең де машина ұстап, зырлатып отырып Алматының екінші шетіне тартты. «Әйтеуір, осы қалада болса, таппай қоймаспын», — деді іштей. Мың болған такси қаланы қырық айналып, шарқ ұрып іздеп, әйтеуір, тапты -ау әлгі мектепті. Такси өзі бір елгезек жақсы жігіт екен. Қолына мол ақша тигеннен кейін тіптен ықыласы өзгеріп кетті. Шөкеңнің алдына түсіп бүлкектеп желіп берді. Мектепке де өзі алып кірді. Сабақ жүріп жатыр екен. Дәлізде жан жоқ. Жабулы есіктердің ар жағынан қозыдай маңырап балалардың дауыстары естіледі. Такси бала бір есіктің алдына келіп іркілді де, саңылаудан ішке сығалап қарады. — Сабақ жүріп жатыр, — деді. Сөйтті де, ақырын есікті қақты. Есік ашылып, етжеңді, домаланған сары өңді әйел бой көрсетті. Қазақшалап амандасты. Татар екен. — Кешіріңіз, — деді такси бала. — Мына ақсақал... немересін іздеп жүр екен. Аты-жөні Шонаев Едіге. Бірінші класқа барған көрінеді биыл. Сізде жоқ па ондай бала! — Шонаев Едіге ме? — деп әйел Шөкеңе назарын ірікті. — Ие, ондай бала болған... Шөкеңнің жүрегі лықсып аузына тығылды. — А?! — деп дауысы шығып, тілі күрметіліп, әйелге еңкейе түсті. Әйел іле: — Бірақ шешесі бір айдай бұрын келіп ол баланы алып кеткен... — деді. Шалдың бетіндегі қыртысы жазыла берген әжімдері қайтадан қатпарлана қалды. — Ой, Алла - ай! — деп шаншу тигендей бүрісіп, жанындағы скамейкаға отыра берді. Әйел шалға бір, жас жігітке бір жалтақтап қарап сасып қалды. — Ақсақал... бір жеріңіз... ауырды ма? — деп такси жігіт Шөкеңе еңкейді. Шонай екі бүктеліп, маңдайын үнсіз уқалап отыр. Сөйткенше қоңырау соғылды. Шөкең аздасын ес жинады. Басын көтерсе, такси бала әйелге бұрылып, бұның жәйін түсіндіріп жатыр екен. Әйелдің де қабағы шытылып, бас изеп тұр. Балалар шуылдап дәлізге шықты. — Жүріңіз, ақсақал! Әйел Шөкеңді қолтықтан демеп, шығар есікке қарай қатар жүрді. Екінші қолтығынан такси бала демеп келеді. — Атасы! Немереңізді бұл мектептен іздеп бекер әуреленген екенсіз? — деді әйел, мән-жәйді ұққаннан кейін. — Едігені шешесі «орыс мектебіне берем» деп, бұл жерден шығарып алып кеткен. Қабілетті - ақ бала еді өзі. Айрылғым келмей, біраз тырысып көріп ем, шешесі көнбей-ақ қойды. — Ой, Алла - ай! Ой, Алла - ай! — деп бас шайқай берді шал. Аулаға шыққан соң әйелге: — Ал енді... қалқам... Енді со баланы табудың жолын айт! Әкесі мен шешесі қарғысқа ұшырап, ірге бөлектеп... Немересін іздеп екі ортада сенделіп қалған бейбақ шал деген біз боламыз, — деді. — Атасы... қайдан білейін... Қайсысына бергенін қайдан білейін! Берсе, баланы осы маңайдағы мектептің біріне беруге тиіс... Өйткені осында Едіге үнемі жаяу келетін сияқты еді... Үйі де алыс болмаса керек осы маңнан. Мың болған такси бала: — Ата, отырыңыз, мен сізді және бір мектепке алып барайын! — деді. Екі көше өтіп және бір мектептің есігін ашты бұлар. Такси бала Шөкеңе «күте тұрыңыз» деп, өзі жүгіріп ішке еніп кетті. Әлден уақытта бас шайқап, тауы шағылып қайта шықты. — Жоқ, — деді. — Журналдан қараттырдым. Жоқ! Содан кейін Шөкең такси балаға рұқсат берді де, әлгі мұғалім «Едіге осы маңда тұрады» деген соң, олай-бұлай жүрсем, көзге түсіп қалмас па екен деп, көшені жаяу аралап кетті. Өткен-кеткенді тоқтатып, жүріп келе жатқан көшелерінің атын да жаттап алды. «Демек, осы маңда тұратын болғаны ғой. Дұрыс. Қайда қашармын дейсің. Мынау терезесі жыпырлаған үйлерде өмір бойы отырып қалмай, әйтеуір, сыртқа бір шығарсыңдар. Ақыры бір көзге түсерсіңдер», — дейді Шөкең. Едіге енді табатынына көзі жеткендей. Кешкісін үйге діңкесі құрып, шаршап қайтты. Келе жамбастап құлай кетті. «Көке - ау, күні бойы қайда жүрсің?» — деген ұлына да тіл қатқан жоқ. Шапанын басына бүркеп, теріс қарап жатып қалды. Біраз көз шырымын алып, тыныққаннан кейін ғана шай үстінде күн ұзын мектеп аралап, Едігені іздегенін аңғартты. Тоқтасын шошып: — Ойбай-ау, көке - ау, осынша әлек болғанша, менен неге сұрамадың. Ажырасқан күннің ертесіне - ақ фамилиясын өзгертіп жіберді ғой Едігенің... Бізге жолатпауды амалы... — деп Тоқтасынның қабағы түсіп төмен қарады. — Бұрынғы мектебінде жүргенде барып тұрушы едім... Бірақ балаға да, өзіңе де қиын екен... Әсіресе балаға. Соны ойлап, көрінбегенді жөн көрдім... Қайтесің, көке! — Өзгертпек тұрмақ, өртеп жіберсе де қоймаспын... Күлін қалдырса да табармын... Өй, өңшең азғын?! — деп бұрқ-сарқ еткен Шөкең қолындағы кесемен жіберіп ұрды баласын. Кесе Тоқтасынның басынан асып барып қабырғаға соғылды да, күл-талқаны шықты. Осыдан кейін не істеп, не қойып жүргенін ұлына айтуды қойды. Күздің қара суығын арты ұзамай қарға айналған. Соңғы айдың ішінде Шөкең бармаған жер, баспаған көше бұл қалада кем де кем. Реті келсе, көлікпен, келмесе, жаяу аралайды. Баяғы жаманшылық жылдары Үстірттен Бес қалаға жаяу асқан Шекеңе, тәйірі, бір қаланы айналып шығу сөз болып па? Галошы сарпылдап, көше бойлап имеңдеп тарта береді. Талай кісіні іркіп, талай кісіден жөн сұрады. Жақсылар көп қой. Талайы жолынан қалып, бұл сұраған жерге дейін жеткізіп те салады. Мектептен мектеп қалмады араламаған. Таксиден ақша аямасаң, олар да уақытын аямайды. Баяғы мал-мүлікті сатып Алматыға келерде қалтасында он мың сомдай ақша болатын. Оның бесеуін келе салысымен қаржылары жетпей жатқан ұлы мен келініне «ымпыртной гарнитор» алуға берді. Үш мың сомын, «жан бар жерде қаза бар ғой» деп, кассаға салдыртты. Қазіргі шашып жүргені содан қалған ақша ғой. Шөкең әсіресе көп аялдайтын аудан «Едіге осы маңайда тұруға тиіс» деген төңірек еді. Бұл араның қазір әр үй, әр бұрышын жаттап алатын халге жетті. Қойын қалтасында асығы. Тірі жүрсем, Едігені әйтеуір бір кездестірермін деген үмітпен салпиып келе жатады. Қай үйде тұратынын білмесе де, әйтеуір, осы маңға келсе, Едігесі бір есіктен «Ата!» деп жүгіріп шығатындай бауыр еті елжірей бастайды. Портфель көтеріп келе жатқан бала көрінсе: «Әй, балам, тоқта! — деп іркіп алып: — Едіге деген баланы танымайсың ба, қалқам!» — деп жөн сұрайды. Бұл қалада не көп, бала көп. Солардың ішінде Едіге тұстас кішкентай оқушыларды Шөкеңнің көзі көргіш - ақ. «Қай мектепте оқысын, бір білсе, Едігені осы балалар білуі керек қой». Олардың көбі Шөкеңе жауап бере алмай, көздері жәутеңдеп қысылып қалады. «Мен... білмейді!» деуге тілі әрең келіп, жылыстай береді. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген аталы сөздің растығына таң қалып, кеше бойлап имеңдеп келе жатады Шекең. Өңшең ықшам, көздің жауын алардай қызыл-жасыл киінген қала жұртының арасында бұл көзге шыққан сүйелдей, бүгін болмаса, ертең ұмытылуға тиіс ескі жұрнақ екенін сезеді. «Ау, кәрия, жол болсын» деп, кейде өзі қатарлас ескі көз шалдар да кездесіп қалып жүр. Бірақ соның бәрі мына Шөкеңе түсініксіз құж-құж қала өмірінің қонағы іспетті... Кеш қараңғысы үйірілген. «Құрсын, көз байланбай тұрғанда үйге жетіп алайын» деп көше жиегіне тоқтап, мәшине біткенге қалбалақтап қол көтере бастады. Тұрған жері аялдаманың қасы еді. «Өстіп жүргенде, ең болмаса баяғы Айымжан дейтін қыз бала да кездеспейді екен. Сауаты бар ғой, Едігесі әлдеқашан-ақ тауып берер еді». Аялдамада көк белдеулі, кебеже қарын автобусқа жұрт жапатармағай асығып жатыр. Аздасын автобус зор ышқынып ауыр қозғалды. Сыймаған жұрт жүгіре түсіп, ағып-тамып кейіндеп қалды. Автобус бұның тұсынан өте бергенде, көзі тоқтағалы келе жатқан бос таксиге түсті. Сол сәт әлдеқайдан: — Ата - а! Ата - а! — деген бала айқайы шықты. Шонай жалт бұрылып, жан-жағына қарады. Қапелімде дауыстың қайдан шыққанын аңғармай қалған. Сөйткенше автобус терезесін қос қолдап ұрып бара жатқан Едігені шалып қалды көзі. Тұра ұмтылды: — Ата – а - а! — бала дауысы ап - ащы естіліп ұзай түсті. Автобус баланы алып қашқан кебеже қарын мақлұқтай жүрісін үдетіп безіп барады. — Тоқта! Әй! Тоқта! Едіге! — деп далақтап, тонының етегін жел кеулеп, тротуармен ұшып келеді Шөкең. Ақтарылып жол бере серпілген жұртта шаруасы жоқ, Барақ ата піріне сыйынып ызғып келеді. «Иә, жар бола гөр!» деп сарнап келеді. Байқаса, көкала автобус келесі көшені кесіп өтетін тұста іркілгендей. — Иә, Алла! — деп Шөкең одан сайын далақтап ұмтылды. — Әй, көк темір, қолыма бір түссең еді! — деп тістеніп жүгіріп келеді. Қолына бір тисе, иман шыны, айрылмас еді автобустан. Айрылмас еді. — Едіге – е - е! — деп дауысы тарғылданып айқайлап жан ұшырып келеді. Құлағы азан-қазан, у-шуға бітелгендей. Дүние «аталап» айқайлаған титімдей Едігенің ащы дауысына лықа толып, астан-кестен шайқалғандай. Көше бойлап жын қуғандай далақтап жүгірген шалға жұрт аң-таң қайрылып қарайды. Алдындағысы үрке жол беріп, ошарылып қалады. Шөкең көз айырмай келе жатқан көкала автобус қайта шабыс ашып, ара үзуге айналды. Шөкеңнің жаны мұрын ұшына тақалды. — Тоқта! — деп аса таяғын көтеріп екпіндеткен қалпы, қатты ышқынды. Сол-ақ екен, табаны таптаурын қатқақ қарға тайып кетіп, аяқ-қолы ербеңдеп, ұзын тұра Шонай шал мұрттай ұшып, көк асфальтқа қанатын жая құлады. Оң жамбасы, мұзға ма, тасқа ма, қатты соғылды. Таяғы қайда түскені белгісіз. Асығы да шашылып қалыпты. Оған көңіл аударуға мұрша жоқ. Екі көзі ұзап бара жатқан автобуста. Бар күшін салып, шапшаң ұмтылып түрегеле берді де, қиралаң етіп тағы құлады. Бұл жолы тайған жоқ еді. Жамбасы жан кетіп қалғандай зілдей екен. Көзінен жасы ыршып кетті. «Әттеген-ай» деп, қос қолдап жер таянды. Көз алды бұлдырап, енді автобусты көре алмады. Бір бала жігіт әлдеқайдан бұның таяғын тауып әкеп, қолына ұстатып жатыр. Екінші қолымен қолтығынан сүйеді. Шал тістеніп, тұрмақ болып еді, бірақ зілдей бөксесін көтере алмады. Көзін жұмып, тістеніп алған. — Тұра аласыз ба, ақсақал! — деді жігіт, Шөкең бас шайқады. Көзі жұмулы. — Тимеңіз! — деді екіншісі, — жамбасы сынды - ау деймін. Қатты құлады. Тез дәрігер шақыру керек. — Дұрыс. — «Жедел жәрдемге» телефон соқ! Тез! — деп қауқылдасты бұл кезде төңірегін қоршай жиналып қалған жұрт. Шөкең көзі жұмулы, тротуар шетінде сұлап жатыр. Ерні жыбырлайды. — Бір нәрсе деп жатыр, — деді тұрғандардың біреуі. Сөйткенше екінші біреуі еңкейіп келіп, құлағын тосты. Шөкең: «Өй, әттеген-ай!» деп күбірлеп жатқан еді. Бірақ жұрт ерсілі-қарсылы жүйткіген машина гүрілінің жанында мына ыңырсыған шал үнін қалай ести қойсын. 1980

Қатысты Мақалалар