Қазақ халқының жоқтау жырларына түсінік

/image/2020/04/13/crop-10_5_451x678_zhoktau.jpg

Қазақ халқының салт-дәстүрі – сарқылмайтын көзді бұлақ, таусылмайтын кен, арылмайтын бағалы байлық. Ол – ғасырлар бойына туып қалыптасты, жатталып жалғасты, сақталып сабақтасты, дәуірлеп дамыды. Бейне теңізден інжу маржан сүзгендей реттеліп іріленіп бізге жетті. Көк мұхиттай тұнып жатқан халық қазынасына үңілер болсақ, заман-заманан үзілмей, үрдісін үзбей, қалпын сақтап, ғасыр аттап, қаймағымен қалқып, бізге жеткен асыл мұраларымыздың бір парасы – Қазақ халқының жоқтау жырлары.

Бұдан басқа да тақырыптар баршылық. Оларды санап сапқа түрғызып айтар болсақ, сан жетпейді, толағай жырдың тоғызын айтсақ та көңіл көншиді. Мәселен, асыл сөз үлгілері ретінде атар болсақ, "Өлең-жырлар", "Ақыл- нақылдар", "Мақал-мәтел, тәмсіл сөздер", "Аңыз-хикиялар", "Бал-баталар", "Берекелі беташарлар", "Сырлы сыңсулар", "Күрсінді күрсінулер", "Езіле естіртулер", "Көсіле көңіл айтулар", "Жоғын жоқтаулар", "Тебіренткен термелер", "Қанатты қара сөздер", "Құлақтан кіріп, бойды алған тәтті күйлер", "Алтын дауысты асқақ әндер", "Сыңсыған сыбызғылар" т.б. Бәрі халық қазынасы.

Жә, осынау ұланғайыр мол мұраларымызды хатқа түсіру, баспадан шығару жұмыстары тынбай жалғасын тауып, тоқтауыз атқарылып келеді. Бұл қуанар да құптарлық жайт. Десе де зерттеу, ары қарай талдау оқу құралданына енгізу жағы әлі де болса кенже жатыр...

Қазақ халқының ұлы тарихы – неше мыңдаған өлең, жыр, дастандармен, көрікті көркем сөздермен өрілгенін жалпақ жұрт тегіс біледі. Ұлт тарихын ұрпаққа жетелеп, жеткізудің ең маңдайалды құралы – оқулық. Олай деудегі мақсат – білімдарлықтың үш алтын өзегі бар. Тарихты білу, бүгінді сезу, болшақты болжау осы білімнің жетелі жолы. Бұл оқу құралдары арқылы іске асатын өте маңызды жұмыс. Жас буын ұрпақтың сәби құлағына оқулық арқылы ұялатуға болады. Бұл бүгінгі ұрпақ, ұлт қамын жейтін зиялы қауымның атқауға тиісті міндеті, азаматтық парызы.

Иә, ғасыр көзінен, тарих тезінен сүрінбей жеткен асыл қазына, алтын мұра, бай салт-дәстүрлеріміздің қара көзіндей мөлдіреп тұрған бір жанры – "Қазақ халқының жоқтау жырлары" кең өріс ашып, кемелді зертеу тақырыбын таппай келеді. Мен бүгін өз қалам қарымым жеткенше, аз да болса қаузап, оқырманға ұсынуды жөн санадым.

Жә, жоқтау деген не?
Жоқтау – қазақ халқының қазалы жолында, қайтқан, қайтыс болған (өлген) адамның үй-ішіндегі туыстары сол адамды қаралы жыр айтып, жоқтап дауыс қылуы. Мұнда қайтыс болған адамның өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты, жақын жамағайындары, құда жағынан қатысатын қатындар ( әйелдер) сол күні сол үйге жиналады да қолдарына орамал-шыт алып беттерін басып жоқтау жырын айтады. Әр әйел әртүрлі қайғылы, азалы, мұңлы әуенге келтіріп, жоқтау мазмұндағы өлең сөзбен жоқтайды. Қаралы жырда қайтқан адамның тірі кезіндегі жақсылығы, кісілігі, артықшылығы, ары мен ақылы, мінез-құлқы, ел-жұртпен болған қарым-қатынасы, қоғамдағы орны, бет пен беделі, туысқа баурмалдығы түгел қосылып айтылады. Артында қалған туыс, отбасы адамдарының да зар болып зарығып қалғаны да қосыла жырланады. Мұны қазақ ғұрпында "Жоқтау жыр" немесе " Жоқтау" деп атайды.

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбай "Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең" деген өлеңмен өрген өрісті сөзі осыны дөп басып айтып, дәп басып жеткізіп тұрмай ма.

Қазақ халқында бала шыр етіп алақанға түскен күні "Шілдехана" күзетіп, әсем әнмен сәби құлағын шілде жырымен ашады, жарық дүниені өлең бесігінде көреді. Ал дүниеден қайтқанда жер бесікке жоқтау жырымен кіреді.

Ойланып отырсаң, қазақ халқының күллі өмірі өлең өнер бесігінде тербеліп өтеді екен-ау деп түйесің. Аз өмірдің, қысқа ғұмырдың, бес күндік жалған дүниенің, алдамшы көңілдің ажарында ән ашатын, жыр басатын сияқты.

Рас-ау, өмірі де өлең, өлімі де өлеңге айналып кеткен қасиетті халықтың бар тарихы өлеңмен өрілгенінің сыры содан екеніне көзің жетеді, көңілің марқаяды.

Өлең демекші, өлең – өнер, өрісті өмір. Абай Құнанбайша айтқанда "Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы" көркем көкіректің айнасы. Соны жете меңгерген дана қазақ ата қазақ күллі өмірін өлеңмен өрнектеп, өлеңмен өнегелеп кеткені айдай ақихат.

Әне, жоқтау жырының да өзіне хас қаралы әуені, азалы сөзі бар. Сөз мазмұнында аса терең тәрбиелік тәртіп, үлгі мен өнеге бар. Әшілік әуен, ақындық шабыт, жыршылдық сыр бар. Өлеңді қолма-қол үстінде құрап айту, қиуадан тауып, қайғысын жауып жүрекке сөз жеткізу сынды шеберлік бар. Мұнда зар жылаған суық сарынды, мұңлы дауыс, қайғылы үн, азалы әуен, сұңқылдаған жылау адам сезімін толқытып, жыламас жанардан жас моншақтатады. Бұл дауысты естіген көңіл айта келген адамдардың өзінің іші- бауыры елжіреп, ән мен әуенге елтіп, қабырғалары қайғыдан қаһырап бірге жылап, бірге жоқтап кетеді.

Иә, солай. Жоқтау жырының езіле еңіреген боздауық салқын сарынынан санаң сан-саққа тартып оянады. Сезімің сенделіп, сең соққандай мұңлы, азалы күй кешесің. Жаның жылап, құлағың шулап, сөз қүдіретінен именесің, еңсең бір түсіп барып иілесің. Сондай тарихта өткен, өмірде болған жан жылатар, сезім оятар боздауық жырды сөйлетіп көрейік.

Есмағамбет дүниеден қайтқанда, Қарпық Шолақұлы жырау мынадай жоқтау жыр жазған екен:

Бісімилла, сөздің басына,
Ағайын келді қасыма.
Бір күнгідей болмаған,
Дүние деген осы ма?!
Көңілден қайғы босаттым,
Келер ме көздің жасына?!
Жылмай неғып шыдайын,
Кешегі өткен асылға.
Асылым түсті қолымнан,
Қанатым сынды оңымнан.
Құдай қосқан жайсаңым,
Адастырды жолымнан.
Отыз төртке келгенде,
Ұядан ұшты алғаным.
Дүниенің білдім жалғанын,
Мезгілсіз келді кезегің,
Қызығыңа қанбадым.
Кәлем шәріп зат оқып,
Ислам жолын аңдадың.
Жан тәсілім болғанша,
Ақылыңнан танбадың.
Сонда да біліп ойладың,
Қүдайдың салған назарын.
Амандаспай сол күні,
Көңілде болды арманың.
Арыздастың жұртыңмен,
Бұйрығы да Алланың.
Иманыңды құрметтеп,
Періште келсін қасыңа,
Артыңда қалған бір нашар,
Іздегенмен табар ма?!
Кешегі сөнген шам-шырақ,
Орнына қайтып жанар ма?!
Дүние дәулет болса да,
Алғанымның тұсындай,
Енді дәурен болар ма?! – деп боздаса, Айекені жоқтағанда одан да ары ағытыла түседі:

Айналайын, әке жан,
Қараның болдың ханындай.
Қарайғанды ықтаттың,
Қамысқа түскен жалындай.
Орта жүздің көркі едің,
Қоңыраулы бүйра нарындай.
Ағайынды жинадың,
Алпыс үйлі ауылдай.
Орынды болды орасан,
"Мың жылқының" қауындай.
Көпке пайдаң көп тиді,
Көктемдегі жауындай.
Желпініп қалды жемісің,
Жаңа піскен қауындай.
Өте шықты сұм жалған,
Бәйге атының шаңындай.
Адыра қалды ақ ордаң,
Иесіз қалған ауылдай.
Жә, шешенім, мына жоқтауды айтқан адамға қандай тілмен тоқтау айтасың. Тек қана ағыл-тегіл ілесе жылап, бордай егіліп бірге боздап кетесің. Тілің күрмеліп, не айтарыңды білмей өзіңмен өзің тынасың...

Қарашы, тыңдашы.
Тауып айтқан жоқтауға кейде айтар тоқтау жоқ. Сай сүйекті сырқыратады, жүректі жұлқып-жұлқып та қалады. Атам "қазақ" өлімді күнгі өлеңді естіме, жаныңнан қасым боласың" деп жас сәби балаларды қаралы, қазалы жерге апартпаушы еді ғой. Шын жоқтауға түк те тоқтау жоқ. Езіле естисің, ес жиясың, күрсінесің, күңіренесің, ақ ұрып үһілейсің бәрі бекер жалған дүние екеніне көзің жетеді, көңілің қайта танып оянасың, әлгінде айтылған жоқтау түп-түгел құлағыңда қалады. Қайтқан адамның өнегелі өмірі көз алдыңнан көк бұлттай қалқып өте шығады. Аз өмір, тұтам ғұмыр шақшадай басыңа шардай ой салады, құлазыған көңіліңді ойсыратады.

Демек, қазақ халқының жоқтау жырының мазмұнында нар көтермес жүк бар, жер көтермес мұң бар, керемет өмірлік тұжырым бар. Артқы ұрпаққа қалдырар аманат бар.

Қазақ халқының жоқтау жыры мазмұндық мағынасы жағынан қайтыс болған адамды жоқтау, туған жерін (кіндік қаны тамған жерді) жоқтау, жоғалған малын жоқтау, ел мен жұртын жоқтау, оған арнап көріс айту сынды түрлерге бөлінеді.

Ал көріс айту үш үлкен мазмұнға бөлінеді.
Көріс айтудың бірінші түрі – Адамы қайтыс болып жоқтау айтылып жатқан қаралы шаңырақтың адамдарына арнайы көңіл айта келіп, үйдің тұла ту сыртынан озандап келіп, үйде жоқтау айтып отырған үй иелеріне келіп құшақтап көріс айту арқылы бет көріседі. Сонымен көрісу мен жоқтау араласқан зарлы үн, қайғылы дауысқа ұласып, үй іші мұнарлы мұңға айналады, жасты көзге толады.

Қазақтың мұндай көріс мазмұнында қайтыс болған адамды жоқтау, тірі адамға көңіл айту, аман-сәлем ету, қоса қайғыру сынды жақындық, адамгершілік мазмұн түгел қамтылады.

Мысалы:

Жылқы ішінде ала жүр,
Алаға құрық сала жүр.
Жыламайын десем де,
Артта жетім бала жүр.

Айналайын, құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Өткенге бер иман,
Тіріге береке сүрайын.

Жыламашы қарағым,
Аманбысың шырағым.
Бір айналып келгенше,
Құлап та қапты-ау, тұрағым.

Кеше де жүрген апамсың,
Бейіштен жансын шырағы.
Жаннаттан болсын тұрағы,
Өсе де берсін ұрпағы.

Әне, мына көрісуде жоқтау да, тоқтау да, көңіл айту да, амандық сұрау да бар. Өлі-тіріні түгел риза еткендей. Кең мазмұн, бай ақыл, иман тілеу, бақыт шақырып, сабырға тоқтау сынды парасат тегіс қамтылған.

Ол ғана емес.

Басы қаралы, жүрегі жаралы болып зар еңіреп, еңсесі түсіп отырған қаяу көңілді, жүлеу мүңлы жандандың жанын жылытатын сөз айтып, өмірге, тірлікке қайта үміттендіреді.

Керемет. Оның бәрі болбыраған бос сөз емес, алтындай жарқыраған жанды жылытар жылы шуақты сөздер. Иманды ыждағатты сөздер. Өлімді күнді, қаралы түнді де өлең өнерімен жап-жарық нұрға бөлеп тұрғандай.

Саралап, даналап қуатты ойдан бас құрап айтқан ақыл сөздер қайғының қара тонын шешкізіп, "түстік өмірің болса, кештік мал жи" деп жарқыраған өмірге жебеп жетелеп шығады.

Көрісудің екінші түрі-алыс жылдар бойы, алыс жердегі туыстарымен бет көрісе алмай, араға алыс жылдар салып келіп көріскенде айтылатын көрісу.

Көрісудің бұл түрінде бұрынғы өткен адамдарға иман келтіріп, жақсы сөзбен көңіл айтысады, қалғандарына амандық тілеп амандасады. Сөитіп жоқтауға көріс айтып, тоқтау салады. Көрісудің бұл түрінде өлімді күндегідей ашты зар, қосалы дауыс шығармайды, зарланбайды. Сағынышын басу, жарқылап жылап тұрып амандасу, бірін-бірі көргеніне шүкірлік ету сынды мазмұндар қамтылады. Суық сүркейлі дауысқа айналдырмайды, қайта ерке назды сөзбен, жанды шуаққа бөлейтін қоңыр тәтті әуенмен көріседі. Ұзақ жыламайды, жаман ырым болмасын, жақсы күнге жамандық шақырмайық деп ұйғарады.

Көрісудің үшінші түрі – ұзатылар қыз тойы аяқталар алдында , ұзатылатын қыз әке-шешесіне, әпеке-сіңлісіне, аға-бауырына, басқа да ет жақын туыстарына, көршілеріне, үй босағасына өлеңмен көріс айталы. Мұны қазақ салтында "Сыңсу" деп те атайды.

Қыз Сыңсуының мазмұнында, мұнарлы көруінде қуаныш та, туған жері мен елін қимастық та болады. Әрине той болған соң, қызық қызып жатқан соң жарқылдаған қуаныш басым, сезім тасқынды болады. Қайғы мен мұңға орын берілмейді. Салқындыққа жол жоқ, сұлу мұң, қоңыр үн, тәтті әуенмен ерке наз есіп тұрады. Майда жібек дауыспен жиектеп айтып жеткізеді. Жыласа да күлкі аралас күміс қоңыраулы ашық үн, бұлтсыз ой аңғарылып тұрады. Қыз қабағынан қырау байқалмауы шарт. Сыңсу сөзінде отты тәтті ақ жарма тілектер ақтарылып жатады. Жылаудан гөрі күлу, күрсінуден гөрі көңілдену, марқа көңілден мақпал сөз айтып қоштасу басым түседі.

Жә, жасанып жаннат төрінде отырған хор қызындай қынай бел, қырмызы қыздың ақтық жыры, сылқым сыры, сетер сезімі тал бойына құп жарасып, нәзік ойын одан ары әрлеп жібереді. Оның үкі қауырсынындай үлпілдеген уыз үніне еліткен ел қызыға қарап, қырмызы қызды ұзатып салуға дайындалады. Қыз құрбылары осы сәтте қызыға да қызғана да қарап, өздері де ұзатылудың жолын іздеп, жан-жағына ояна ғашық көзбен қарай бастайды.

Әне, көрісу жырында телегей теңіз сыр бар, құпия қызық қыр бар дейтіні содан...

Қазақ көрісуіндегі бірінші көрісуді "Қаралы көріс" десе, екінші көрісуді "Амандасу-сәлемдеу" дейді, үшіншісін "Қыз назы", "Қоштасу жыры", "Қыл бұла", "Табалдырық жыры", "Ерке жыр" деп те атайды.

Қазақтың арлы да ақылды, жыршы да әнші, биші де өнерлі қыздарының өмірлері өнегеге толы. Басқаны айтпағанда көріс айтып ұзатылғалы тұрған, сыңсып тұрған қызына қызыға қарап, қызға ілесіп сыңсу айтып, бірге жырлап, бірге жылап кетеді:

Есік алды қара ағаш,
Қабығын алсам жалаңаш,
Ұзатылып барам-ау,
Әке бір кәрі, бауыр жас,

Есік алды ошаған,
Ұстатпайды қашаған.
Қайта айналып келгенше,
Аман да болсын босағам.

Керімсал менің кең өлкем,
Кетемін сенен мен ертең.
Аймалап мені қар салар,
Алдымнан шығып қай еркем.

Базардан келген құйысқан,
Тарамай шашым ұиысқан.
Келіп те кетіп жүріңдер,
Сағындырмай туысқан.

Ақ үйдің сәні дөдеге,
Ақ сүңқар ілер бөдене.
Айналайын туыстар,
Сендерсіз сәнім келе ме.

Ақ үйге салған үзігім,
Қолыма салған жүзігім.
Ақ ордадай үйімнің,
Көре алмай кеттім қызығын.

Қайран ауылым қалды-ау,
Қарасам көзім талды-ау.
Әлпештеген ел-жұртым,
Артымда ұзап қалды-ау.

Міне, керемет, ән желіктірген қыз бойынан асау-асау құмарлық толқыны көрінеді, нәзік жүректің туған жерін қимай қынжылған ілтипаты білінеді, жан тебірентер, жүрек толқытар сырлы сыңсу, қош айтып көрісуге ұласып, ұланасыр ұлы далаға жыр қанатын бырақ қағады. Қызғалдақ қыздың қырмызы жырынан оның балаң кез, бал дәурен, уыз мінезді, сүт таңдай, аң маңдай кездері тізбектеліп қыз жібектің көшіндей көз алдыңнан өтеді.

Жә, қос етек көйлек киіп, аққудай адын көлде сыланып, таранынып, назданып отырған ұзатылар сәттегі қазақ қызының құлын дауыс, бота мүсін бейнесіне еш сұлулық тең келмес.

Иә, ол осынау ақтық жырын айтып болып, ертең-ақ қыздық өміріне қош айтады. Одан ары қарай келін, келіншек, қатын, бәйбіше, ана болып, толып шыға келеді. Әйел заты үшін мына жалған дүниеде ақ жаулықты ана болу, нәресте сүю, бала тәрбиелеп бақытты етуден асқан бақыт болмақ емес. Қыз өмірі одан басқа бақытпен толмақ емес.

Қазақ халқының жоқтау жырлары форма (пішін ), жанрлық жақтан екі түрге бөлінеді.

Бірі жоғарыда келтірілгендей өлең-жыр ( поэзия ) үлгісінде келеді. Екінші қара сөз түрінде (проза) үлгісінде жолығады. Жоқтау жырының өлеңмен айтылатын тамыры тым тереңде жатыр, арғы алыс ғасырлардан 5-8 ғасырдағы күллі түрік тайпаларына ортақ ескі ескерткіштерден бастау алады. Орхон жазуларынан, құлып тастардан табылады.

Түркі қағандары Білгіқаған, Күлтегін батыр, Тоңыкөк жыраулардың басына қойылған 7-8 ғасырлардағы қүлыптастарында өлең сөз үлгісіндегі жоқтау жырлары дәлел болады. Мұны қазақ "Тасдақ дастаны", "Тасдақ жырлары", "Тасдақ жоқтаулары" деп атайды. Себебі ерте ғасырларда қазақтың арғы тегін құрайтын Сақ, Үйсін, Қаңлы т.б. тайпалардың қоныс еткен мекендеріндегі таңбалы тастар да Орхон жазуымен жазылған осындай жоқтау жырлары табылып жатыр.

Сол кездегі Орхон жазулары Үйсін мемлекетінің жазуы болған. Бұл жазу арқылы сол замандарда үйсін қағанаты Иранға, Византияға, Табығашқа (қытайға) елшілік хаттар жазып, қарым-қатынастар жасап отырған, дүниеден өткен атақты адамдардың басына, құлыптастарға осы жазумен жоқтау жырларын ойып жазып, ескеріткіштер қалдырып отырған.

Иә, қазақ халқына мирас болып жеткен жоқтау, естірту, көңіл айту жырлары осы үлгіде сақталып қалған. Айта берсек, барлық эпостық (батырлық) жыр-дастандардың алғашқы жазу тәсілдері де сол қағанат кезінде қолданған жазу үлгілерінен өрнек алып дамығанын аңғаруға болады.

Ал қазақ халқының қара сөз түріндегі жоқтау сөздері ертедегі ертегілер мен аңыздардан бастау алатыны бесенеден белгілі. Мәселен, Жиренше шешеннің әйелі Қарашаш қайтыс болғандағы естірту сөзі, жоқтаудың қара сөз түріне жатады.

Жә, түп ғасыр түбінен түрін өзгертпей, сабақтасып сақталып жеткен қазақтың жоқтау сөзі мен жоқтау жырлары күні бүгінгі таңға да ұласып ұлы сөз құдіретімен жалғасып келеді. Тұрмыс салт-дәстүрімізге жылқы майындай сіңіп біржола орнығып та кетті. Бір адам дүниеден қайтса, жоқтауыз аттандырмайды. Ел ішінде белді, беделді, білімді, білікті адам дүниеден озса, ақын жазушыларымыз жоқтау жырын арнап жазады, не қаралы сөз арнайды.

Қытай жерінде жасаған ғұлама ақын, тарихшы, ғалым Асқар Татанайұлы дүние салғанда, белгілі ақын, ағартушы Бердібек Құржықай мынадай жоқтау жыр арнағаны әлі есімде:

Сүбіхан Алла сұмдық қой Асқар құлау,
Кеудеге салбыраған бастар мынау.
Қазақтың тарихтағы бар өнерін,
Ол дүниеге бірақ алып кете жаздадың-ау, – деп жоқтау жырын жазған еді.

Қазақтың бұлбұл әншісі Күлаш Байсейіт дүниеден озғанда даңықты ақын Сыбай Мәулен:

Қазақтың көзін жұмды бұлбұл қызы,
Үзілді сабағынан гүл қырмызы.
Жарқ етіп көрінді де, ағып түсті.
Алматы аспанының бір жұлдызы, – деп жоқтайды әрі жалпақ жұртқа естіртеді.

Иә, бәрін айт та бірін айт. Тоқсан ауыз тобығын айналдырмай тоқ еткізіп айтсақ. Жоқтау жырлары қазаққа ғана тән асыл мұра, алтын қазына. Екі дүниеге арналған арқау жыр. Арда өлең, айшықты өнер.

Болат Бопайұлы,
Этнограф

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар